Ашық сабақтар тақырыбы мен мазмұны – тәуелсіздік жетістіктері

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, облыс мектептері мен колледждерінде «Тәуелсіздік жетістіктері» тақырыбына арналған бірыңғай ашық сабақтар өтуде.

Білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, ел тәуелсіздігі тақырыбы арқау болған ашық сабақтар барысында оқушыларға егемен Қазақстанның жетістіктері, көп ғасырлық тарихы, халқымыздың сан қырлы мәдени мұрасы, еліміздегі саяси тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына сіңірген еңбегі туралы айтылуда. Мектеп қабырғаларында өткен әрі танымдық, әрі мазмұнды ашық сабақтарға еңбек ардагерлері, аудандар мен қалалардың құрметті азаматтары, өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосқан қоғам қайраткерлері шақырылыпты.
Облыс орталығының білім беру ұйымдарындағы ашық сабақтар топтамасы №5 «Таңдау» көпсалалы гимназиясынан басталды. Тақырыптық ашық сабақ кезінде тарих пәнінің мұғалімі Әлия Ахетова оқушыларға еліміздің жетістіктері, мемлекеттің саяси және әлеуметтік реформалары, даму тарихы, Қазақстан халқының бірлігі туралы айтып берді.
–Биыл біздің Отанымыз ата-баба аңсап кеткен азаттықтың, яғни, ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтуде. Осы кезеңде республикамыз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан көптеген бағыттар бойынша үлкен жетістіктерге жетті. Бүгін біз бүкіл әлемге танымал елге айналдық, – деп өз ойымен бөлісті 10-сынып оқушысы Жанатбек Мамиев.
Соңғы 30 жыл ішінде Қазақстан 186 елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, Еуразия құрлығындағы ең жылдам дамып келе жатқан елдердің біріне және халықаралық аренадағы ықпалды мемлекетке айналды. Тәуелсіздік білім саласына және әр ұстаз бен шәкіртінің өзін-өзі дамытуына зор серпін берді.
Салтанат БАКИРОВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар