Қариялар қамқорлықтан қағыс қалмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындайтын өміршең міндеттер Көкшетау қалалық ардагерлер ұйымының жақында өткен есеп беру сайлау конференциясында да кеңінен талқыланып, қариялар оралымды ойларымен бөлісті. Аға ұрпақ өкілдерін толғандыратын өзекті мәселелер жайлы бүгін газетімізде Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев әңгімелеп береді.

«Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, біздер, аға ұрпақ өкілдері өмірде жинақтаған бай тәжірибемізбен бөлісе отырып, қоғамда болып жататын әлеуметтік құбылыстарды назардан тыс қалдырмаймыз. Жергілікті атқарушы және өкілетті органдардың белсенді көмегінің арқасында зейнеткерлердің күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелерді дер кезінде шешуге тырысамыз. Арасында Үкімет пен Парламент деңгейінде шешімін күтетін түйінді мәселелер де туындап қалады. Соның кейбіріне назар аударғым келеді.
2017-2019 жылдар аралығында көкшетаулық 1720 зейнеткер «Алмаз» және «Золотой бор» санаторийлерінде жергілікті бюджет қаржысы есебінен тегін дем алған-ды. Алайда «Ардагерлер туралы» жаңа заңның қабылдануына байланысты қарияларымыз мұндай жеңілдіктен айырылды. Жаңа құжатта тек мүгедек жандарға ғана рұқсат етіліпті. Осы өзекті мәселе бойынша біз қала әкіміне арнайы хат та жолдаған болатынбыз. Тиісті органдар біздің сауалымыз бойынша оңтайлы шешім қабылдау мүмкіндігін қарастырып жатса керек. Дегенмен де, көпшілікті толғандырып отырған бұл мәселенің өзектілігін ескере отырып, жақында болатын Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының сегізінші съезінде көтергім келеді. Меніңше, басқа аймақтардан келетін делегат әріптестерім тарапынан қолдау табады деген үміттемін.
Жұртшылық арасында қызу пікірталас туғызып отырған тағы бір өзекті тақырып «Еңбек ардагері» медалін алу процедурасын жеңілдету. Қазіргі жағдайда бұл мәселе салалық министрліктердің құзырлығымен ғана шешілетіндіктен, адамдар көп күтуге мәжбүр болуда. Ал, шынтуайтқа келгенде, мұны әкімдіктер мен мәслихаттың бірлескен шешімімен де заңдастыруға болады ғой. Бастауыш ұйымдарда өткен есеп беру-сайлау жиналыстарында соғыс жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне қоғамдық транспортта тегін жүру жөнінде ұсыныс айтылды. Біздің бұл өтінішімізге жедел түрге сергектік танытып, қолдау көрсеткені үшін қала басшылығына, депутаттар корпусына шынайы ризашылығымды білдіремін.
Енді екі конференция аралығында қалалық кеңес тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталайын. Толайым табыстарға толы бес жылдың ішінде қалалық кеңес тарапынан зейнеткерлердің әл-ауқатын жақсарту, елдің бірлігі мен татулығын сақтау, қоғамдық жұмыста белсенділігін арттыру бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылды. Басты назар Мемлекет басшысының Жолдауынан, Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының VII съезінің шешімдерінен туындайтын міндеттерді орындауға бағытталды. Елу бір адамнан сайланған қалалық ардагерлер кеңесі мен алқасы жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен, еңбек ұжымдарымен қоян-қолтық жұмыс істей отырып, егде адамдардың құқықтары мен мүддесін қорғауда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Қалалық кеңестің алты тұрақты комиссиясы мен 144 бастауыш ұйымының белсенді қызметінің арқасында зейнеткерлердің тұрмыс жағдайы мен денсаулығын жақсартуға бағытталған ауқымды шаралар ойдағыдай жүзеге асырылды. Бұл орайда, Ақмола теміржол бөлімшесі, «Тыныс» акционерлік қоғамы, «Алтынтау-Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті, облыстық аурухана, Краснояр селолық округі бастауыш ұйымдарының белсенді қызметін, Х.Ғазизов, Б.Байлина, Г.Марченкова, Г. Николаева жетекшілік еткен тұрақты комиссиялардың іс қағаздарын жүргізудегі, денсаулық сақтау мекемелерімен байланысты жақсартудағы, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттаудағы үйлесімді жұмысын ерекше атап өткім келеді.
Қоғамдық дертке айналған коронавирус пандемиясы кезінде жалғызбасты зейнеткерлерге, көп балалы отбастарына, мүгедектерге көмектесу үшін қалалық ардагерлер кеңесі жанынан арнайы қор құрылды. Жыл ішінде 820 адамға азық-түлік тағамдары үлестірілді. Бұдан басқа екі мыңдай отбасы «Nūr Otan» партиясы, екінші деңгейдегі банктер мен мешіт арқылы қосымша ақшалай көмек те алды. Еріктілер болса жалғысбасты зейнеткерлер мен мүгедектердің үйлеріне дәрі-дәрмектер жеткізіп, қолғабыс жасауда. «Алтын жас», «Денсаулық», «Надежда», «Жаңа дауыс» эстетикалық клубтары аға ұрпақ өкілдерінің бос уақыттарын тартымды әрі қызықты өткізуіне мүдделілік танытуда. Ардагер шахматшылар мен дойбышылар қала әкімінің жүлдесін сан мәрте жеңіп алса, бильярд, асық ату, кір көтеру жарысынан да бәйге төрінен көрініп жүр.
Жоғарыда айтылған іс-шаралар жылдағы дәстүр бойынша Егде адамдар мен мүгедектерді әлеуметтік қолдау айлығы аясында да жалғасын таппақ. Жеке меншік үйлерде тұратын зейнеткерлерге қысқы маусымға отын мен қоғамдық малы үшін жемшөп дайындауға да нақтылы көмек көрсетілетін болады. «Диспетчерлік қызмет» жобасы бойынша мұқтаж зейнеткерлерге қолғабыс жасалса, «Ақылдары кең қариялар» тақырыбында тыл еңбеккерлерімен кездесу өткізілмек.
Сөзімді қорытындылай келе, барша ардагерлер қауымын Қарттар айлығымен шын жүректен құттықтап, дендеріне саулық, отбастарына амандық тілеймін. Жастарымызды ұрпақ сабақтастығы рухында тәрбиелей отырып, ардагерлер қозғалысының мәртебесін асқақтата берейік.
Шияп Әлиев,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар