ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге әлеуметтік маңызы бар тауар бағасының өсуін тежеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Экономиканың 6 негізгі көрсеткіші бойынша өсім жеті өңірде байқалады. Бұл — Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы. 5 көрсеткіш бойынша оң динамика төрт өңірде — Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласында байқалды», — деген Үкімет басшысы, ең төмен көрсеткіш Батыс Қазақстан облысында екенін атап өтті.
«Елде инфляция өсіп жатыр, тамызда ол 8,7 пайыз болса, қыркүйекте 8,9 пайыз болды. Инфляцияның өсуіне азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы ең көп әсер етті. Бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының қымбаттауы 0,2 пайызды құрады. Бағалар Нұр-Сұлтанда, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында елеулі артты.
Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдер экономика секторларында өсу қарқынын ұлғайту, инвестициялар тарту, жұмыс орындарын құру және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын өсуін тежеу бойынша жұмысты күшейтуі қажет. Сонымен қатар, бюджет қаражатының уақытылы игерілуін қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Асқар Мамин.
Дереккөз: www.inform.kz