Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бұл өмірде таусылмайтын сағынышым сен, жан аға!.. - АРҚА АЖАРЫ

Бұл өмірде таусылмайтын сағынышым сен, жан аға!..

Үш қыздың ортасында бұла өскен,
Таба алмай келем сені мына көштен.
Жалғаннан кеттің мәңгі шарам қайсы,
Мәңгілікке өшпейсің бірақ естен.
Иә, үш қыздың ортасында бұла өскен асыл ағам Бірлес Бекмағамбетұлының өмірден өткеніне жиырма жыл өтті. Жүзі иманға, көзі мейірімге тұнған ағамды керемет жақсы көруші едім. Ол барда көңілім тоқ, жанымда жұбаныш, қасымда сүйеніш барын үнемі сезініп жүруші едім. Оның қапияда болған қазасы мен үшін ауыр соққы болды. Неғайбілде төбемнен қопарылып тау құлап түскендей есім шығып, есеңгіреп қалдым. Осынау өткен жиырма жылдың қалай өте шыққанын аңғармай, қолыма қалам ала алмай қыстығып кеттім. Бірақ, арада өткен уақыт ішінде ағамның асыл бейнесі көңілім тұрмақ, көз алдымнан кеткен жоқ. Мәңгілік өшпес шырақтай жанып, қолтығымнан әлі де демеп келеді.
Бірлес ағам Сәкенов тамаша табиғаты тамылжыған Шоңқал тауының етегіндегі Қарлыкөл ауылының тумасы еді. Оның бала жасынан жан-жайлауы ерекше, ой-өрісі өзгеше болып өсуі, баршаға мейірімді, айналасына зейінді де қабілетті болып қалыптасуы осы бір жақсылар өткен құйқалы өңірдің жаратқан пендесіне берген құдіреті шығар. Әкем Бекмағанбет Сәкенұлы мен анам Күлзия Төлеубекқызының шаңырағында бес бала болыпты. Екінші ұлы Баян сәби шағында шетінеп кетеді де, жалғыз ұлы Бірлес қос жанның көзінің ағы мен қарасы болып қала береді. Қазақ қашан да ұрпақ мұрагеріндей ұлын қатты қадір тұтқан. Бірақ, қызын да ұлынан кем көрмеген. Біздің үйде де жалғыз ұлға деген ерекше көзқарас пен қыз балаға деген қамқорлық қатар болды.
Жаратылысынан зерек, өзі туғаннан қабілетті жалғыз ұл оқуда үздік болды. Бастауыш класты Қарлыкөлде ұстаз болып істейтін өз әкемнің алдынан оқыды. Сөйтіп жүргенде Алматыда тұратын әкемнің інісі Ишмұхамбетов Рамазан ағамыз келіп, алыс қалаға алып кетеді. Ауылда жүріп, бірауыз орысша тіл білмейтін баланы орыс тіліндегі мектепке береді. Ауылда үздік оқыған оқушы бала біліп тұрған сабағын орысша жеткізе алмай қиналады. Содан кішкентай бала намысқа тырысып, күндіз-түні орыс тілінде кітап оқып, тілді тез меңгеріп алады. Алматы қаласында жүріп бес класты түгел беспен бітірген жеткіншек алып қаладан туған ауылына қайта оралады. Бірлеспен бірге ауыл төрінде дойбы, шахмат, күрес, теннис, бильярд ойындары жанданды. Өзімен тетелес Оралбек, Сайдалы, Бота, Қайыркен, Серік Ибраев, Серік Әбішев, Жанбатыр, Сұлтан, Олжабай, Құрбан, Атабай, тағы басқа балалармен жазда футбол, волейбол ойнаса, қыста хоккей ойнау үшін мұз алаңын жасайтын.
Бірлестің қолы өте икемді еді, қыста хоккей ойнау үшін жазда орманға барып ағаштың иілген бұтасын кесіп алып, жонып, тазалап, оны қора төбесіне кептіріп, сыртын лакпен сырлап, клюшка жасайтын. Ескі пиманың киізін шиырлап-шиырлап, шайбаны да қолдан істеп алатын. Бала болса да жоқтан бар жасайтын тапқыр да, шебер еді. Мен ер балаша киініп алып, ағамның ізінен қалмай, үйдегі Мойнақ дейтін итті ертіп қасында жүруші едім. Ағам көбіне теннис ойнап клубтан шықпайды. Оны шақырып келуге үй кенжесі деп мені жұмсайтын. Бірде клуб жақтан кештетіп ауыл шетіндегі үйге қасымызда итіміз бар үшеуміз келе жатырмыз. Кенет бала Бірлес артына жалт қарайды да «қоқай» деп өзі атылған оқтай зулай жөнеледі. Соңынан құланперен зырлап мен кетем. Тек қасымыздағы Мойнақ қана біз құсап қараңғыдан үрке жанұшыра жосытпайтын. «Қорықпасаңшы» дегендей ағам екеуміздің алдымыздан бір, артымыздан бір шығып ойнақтай жүгіретін. Екеуміз зырлап есік алдына ентіге жеткенде, менен ересек ағам артықтау кеткенін енді аңғарып, тоқтай қалып, басымнан сипап «папама айтпа» деп жуып-шайып жататын.
Екеуміз топырлата басып үйге кіргеннен-ақ балажан әкем мәселенің мәнін бірден түсінетін. «Үйге жеткенше баланы «қоқай» деп тағы қорқыттың ба антұрған неме» деп, әкем ұлына ұстаз секілді ұрысушы еді. Клубқа ағам бәрібір күнде баратын, соңынан тағы мен кететінмін. Кейде ойын қызығына берілген ағамды тоса-тоса, клубтың бұрышында қылжиып ұйықтап қалатын едім. Ондай күндері Бірлес мені арқасына салып, үйге көтеріп алып келетін. Әкем өмірден ерте өтті. Қалған ғұмырымда жетімдікті сездірмей, ағам сол қалпы бізді арқасына салып өтті.
Біз тез есейдік. Біріміздің соңынан біріміз Алматы асып, студент атандық. Бірлес соңғы курста жүргенде, біз келіп түстік. Сонда өзі үздік оқып, жоғары стипендия алды. Сол ақша қолына тиген күні Салтанат екеумізді жатақханадан алып шығып, Алматыны аралататын. Туған елден алыс жүрген қос қарындасына бар қамқорлығын танытатын. Асыл ағам екеумізге, екеуміздің отбасымызға, тірлік-тынысымызға әкедей пана болып өтті. Қарындасым деп қара басымызды қадірлеп, қасынан қалдырмай атымызды ардақ тұтып, екеуміздің өміріміздің бар мәселесін шешіп, қамықсақ басымызға сүйеу болып, қиналсақ барымен бөлісіп өтті. Әсіресе, маған, кішкентай қызым екеумізге көп көңіл бөлетін. Сонау қиын кезеңде бар тұрмыс-тағдырымызды өз мойнына артып, тірлігінде аялап өтті.
Бірлес бала жасынан кітапты көп оқитын, екі тілге зерек болды. Кітап оқыған адамның дүние-танымы кең болады деп, мені де кітап оқуға баулыды. Кітапқа байланысты үйде қызық оқиғалар да болып жататын. Бертін комсомолда қызмет істеп жүріп, ауылға келгенде күні бойы қора тазалап, жұмыс істеп, түні бойы кітап оқитын. Анам ұлын аяп, кітапты таста, ұйықташы деп өтінеді. Бірде қаладан келіп светті өшіріп, ерте жата қалды. Сөйтсек, апамның тыныш көңілі үшін жарықты өшіреді де, өзі фонарикпен кітап оқып жатушы еді. Ауылдағы құрдас досы Сайдалы Шәйкенұлы екеуі облыстық мектеп-интернатта орысша оқыды. Екеуі сол мектептегі бар спорттық сайыстарға қатысатын, екеуінің оқуы озат, жазуы да көркем болатын. Осы мектепте жүріп Бірлес Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне облыстан жалғыз өзі барып келді. Қырымда болып Аюдар тауының етегінде түскен суретін салып, ата-анамды бір қуантып еді-ау.
Бірлес өте танымы кең, саяси сауатты еді. Күнделікті болып жататын жаңалықтан хабардар, қай саладан сұрақ қойсаң да мүдірмей жауап беретін. Ана жылы шоубизнесті шулатып Владислав Листьевтің «Поле чудес» хабары шықты. Әлгі хабарды Қарлыкөлде отырып қобдишадай қара ала телевизордан көріп, тамашалаймыз. Танымал жүргізушінің қойған сұрақтарына экранның ар жағындағы ойыншы ойлап үлгергенше, Көкшенің бір түкпірінде отырып, теледидардағы бар сұрақтың дұрыс жауабын беріп үлгеретін. Сонда біз, қыздар «Бірлес, бәрін біліп отырсың ғой, Москваға барып, ойынға қатысып, түрлі-түсті телевизор әкелсеңші» деп жалынамыз. Күлетін-ай келіп.
Табиғатынан адал, тиын санамайтын жаны таза, ақкөңіл ағам аса мейірімді еді. Үнемі біреуге қол созып, көмектесіп жүретін. Мен оның туыс-туғанға, жақын жұрағатқа, досқа деген адалдығын, жанашырлығын көріп өстім. Ағам барда алыс-жақын қасынан табылатын. Алдына бұйымтаймен келген жанның меселін қайтарып көрген емес. Жаны ізгі, қолы жомарт еді. Бірде қасында бірнеше жиен-қарындастары бар жол жүріп келе жатып, ауылға тоқтап, қой сатып алдық. «Қазір қалаға кіреберістегі туыстың үйіне тоқтап, сойып, бәріңе етін бөліп берейін» деді ағам. Қалаға кіріп әлгі үйге тоқтадық. Үйден жүгіре бірнеше балалар шығып «Аға келді» деп қуанып жатыр. Ағам оларға ала келген тәттісін үлестіріп, қойды қораға кіргізіп, байлап, бәріміз үйге кірдік. Қара күз еді, үй іші жұпыны, іші сап-салқын екен. «Отын аз, көмір бітіп қалды» деді үй иесі. «Ендеше, қорада қой тұр, соны сатып пұл қылыңдар, көмір алыңдар» деді де ағам шығып жүре берді, соңынан біз де кеттік. Адамгершілік деген принциппен өмір сүрген асыл ағам әр нәрсені тез ойлап, әп сәтте шешім қабылдайтын. Осындай өнегелі істері ұшан-теңіз екенін, талай жанға қол ұшын беріп, қамқорлық көрсеткенін кейін ел аузынан естідік қой. Жолында кездескен небір жанға жасаған жақсылығын біз танымайтын жандар бүгінде жыр қылып айтады.
Облыс жабылып, бәріміз жұмыссыз қалдық. Шамам келгенше машина үстінде жүретін ағамның қасынан ілесіп қалмаушы едім. Ағама қай саладан сұрақ қойсаң да нақты жауап беретін, көп білетін, сауатты тілімен шешіле сөйлеп, көсіле түсіндіретін. Мені сол қасиеті қатты тартатын. Ана жылы газеттің өндіріс тақырыбына сай бір сын мақала жаздым. Әлгіні мекемеге жолдасақ, бастығы орыс тіліндегі нұсқасын сұрапты. Ол кезде аудармашы деген аз, сауаттысы мүлде қат еді. Бірі қазақтың әдеби тілін білмесе, бірі орыс тілін жетік аудара алмайтын. Сол мақаланы алып ағама келдім. Аудармамен мүлде айналыспаған, құрылыс инженері деген мамандығы бар ағам қазақша жазылған газеттің тұтас бір бетін алатын мақаланы өзінің орыс тілін жетік білетін өнерімен, орамды сөйлем, өткір тілімен сауатты етіп аударып берді. Мекеме басшысының өзі орыс тіліне аударылған ащы сыны бар газет мақаласына қарсы сөз айта алмай, шынайы жазылғанын айтып, мүдіріп қалды. Бірлес орыс тілін, орыс грамматикасы мен көркем әдеби тілін жетік білетін. Саңқылдаған ашық дауысымен нақты мәселені айтып сөйлей жөнелгенде кез келген орта үнсіз қабылдайтын еді. Қазақ тіліне келгенде де мүдірмейтін. Мақалдап, мәтелдеп сөйлеп беретін. Обком партияның финанс-шаруашылық бөлімінде бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеп жүрді. Қарамағына техникалық қызметкерлер де қарайтын. Бірде бөлім зав-хозы кеңсе тазалаушыларға ұрсып жатыр еді. Ағам әлгі үлкен кісінің бір тосылған тұсында: «Айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарады, елді қуырмай, аға қойсаңшы» – деді. Әлгі орта жастағы завхоз: «Өзің қазақша біледі екенсің ғой. Қатырдың мені» – деп ал келіп күлсін. Інісіне ренжіген жоқ. Қазақша білгеніне риза көңілде қалып еді-ау.
Ағам кейде көңіл-күйі болмай, жаны жалғызсырап, қапаланған сәтінде ақын кітабын қолға алып, өлең жолдарын оқушы еді:
Кім айтты саған?
Тұлпарды сүрінбейді деп
Асауды мінілмейді деп,
Ақ көйлек кірлемейді деп.
Қара ешкі мүжіген ағаш,
Қайтадан гүлдемейді деп.
Кім айтты саған?
Жұрттың бәрі мейірбан, арайлы деп,
Жұрттың бәрі шындықты қалайды деп,
Биікті ардақтайды деп,
Асылды қорлатпайды деп, –
кете беретін ұзақ өлең жолдарын жатқа біліп, айтушы еді. Ағамның сол өлең кітабын мен кейін сүйікті ұлы Манасқа сыйлап едім. Көпшілік жиналған жерде өлең жолдарын оқып беріп, домбырасын алып Құрманғазы күйлерін шертіп, «Ақсұңқарым» секілді әндерді әуелете жөнелетін, «Кеңес», «Қосалқа», «Балбырауын» күйлерін күмбірлетіп, қағып отыратын. Музыка, әдебиет дегенің өнер, ол өміріңді айшықтайды, қаламыңды тастама, дүниеге қызықпа, – деуші еді маған.
Бірлес жүрген жерінде адалдықты ту етті, ақиқатты ардақ тұтып, шындықты жанымен сүйе білді. Кісі біткенге имандай сенетін. Кейінгі жылдары қасында жүріп, сондай сәттеріне талай куә болдым. Бірде Айыртау жақтан келе жатып, жолда бір жүргізуші тоқтатты. Нөмірі ресейлік, ұлты кавказдық жүргізуші екен. Бізді тоқтатып, бензині таусылып, тіпті сол бензин алуға ақшасы да жоқ екенін айтып, саусағындағы сары түсті жүзігін ұсынды. Сол кезде осындай жағдай жиі кездесетін. Соған қарамай, ағам әлгі жүргізушіні мұқият тыңдап алды да, жерге атып түсіп бензинін құйып, қалтасынан ақшасын алып, молынан салып берді. Қатты риза болған жүргізуші мойнындағы алтын алқасын шешіп, ағама ұсынды. – Алтын бізге керек емес. Еліңе аман-сау жетіп алшы! – деді ол. Екінші рет осындай жай кездесті. – Жолай ұшырасқандарға сене қалатының не, – деп мен әйелдігіме басып, киліге кеттім. Сонда ағам: Ақ көңілдің аты арып, тоны тозбайды. Ақша қолдың кірі. Қазақ елінің кеңпейілін сезсін, олар түбінде бағалайды, – деді. Қайран, пейілі кең, жүрегі жомарт асыл ағам-ай, қай жерде жүрсе де азамат атына кір шалдырмай, ары мен абыройын биік ұстап өтті.
Қарлыкөлдегі ең шеткі үйде жападан-жалғыз тұрып, қолғабыс ететін үш баласын Алматыға оқуға аттандырып, үй мен түздегі бар тіршіліктің бейнетін мойнына артқан анамды қатты қадірлеп, сыйлап, құрметтеп өтті. Апамның ақылмен айтқан, кейде асыра айтқан сөздерін сабырмен тыңдап, анттай қабылдап, шүйкедей шешемді төбесіне көтеретін. 80-ші жылдары Қызылтуға қызметі ауысып, сол жерден үй алып, апамды сонда көшіріп әкетті. Ауылдан екі жүз шақырымдағы ауданға аттанып, анамның өтінішімен қызыл сиырын тастамай, қаз, үйрек, тауығын бірге ала кеттік. Жол арасы шалғай, жолай жүк көлігінен саңылау тауып, қаз, үйрек түсіп қалып, тауық біткен ұшып кетіпті. Мына хабарды естіген апам: Туған елден қозғалып, үдере көшу, осылайша шашылып қалумен бірдей, – деп қатты қамығып күйзелді. Біз сол кезде осы сөздің түп-тамырына мән бермеген екенбіз-ау. Бар ауылдың қалпын, әдетін, ғұрпын бір бойына сақтаған анам ауырып қалды. Ағам жауапты жұмысынан тыс уақытын анасына арнады. Барынша қадағалап, қарап, қамқорлық танытып бақты. Апам ауыра бастаса көзім боталап кететін мені де жұбатуға уақыт табатын. Бірде орнынан тұра, залдан шыға берген әлсіз анам шалқалай құлай берді. Стол басында отырған баршамыз тіліміз байланып, дағдарып отырып қалдық. Орнынан жолбарыстай атылған ағам анамның басын жерге тигізбей, қағып алып үлгерді ғой, соны менің көзім көрді.
Сол жылдары Бірлес Қызылту ауданының комсомол комитетін басқарды. Жалындаған аудан жастарына жетекші болды. Таңертең бір елде болса, түсте келесі ферманың жұмысшы жастарымен кездесетін. Шаң-топырақты жолда жүріп, көпшілікпен кездесерде бас-бойына қатты мән беретін. Бойын жинақы, үстін таза ұстауға тырысатын. Үйленбеген кезі. Апам үстін жуып, тамағын істеп бар жағдайын жасайды. Ағам сонда жалғыз жүрмейді. Қызылтуға іссапармен Көкшетаудан келген тілші, фототілшілерді, комсомол, партия қызметкерлерін тобымен үйге алып келетін. Апам екеуі келгендерді қапысыз күтіп, шығарып салатын. Кейін талай жан анам мен Бірлестің қолынан дәм татқанын айтып, риза болып еді-ау.
Үнемі ат үстінде жүретін ағам жастар алдына шығатын болғасын көйлегін күнде ауыстыратын. Кейде бір күнде екі рет таза рубашка киетін. Анам оның үстін кір машинасына салмай, жағасын щеткамен тазалап, қолмен жуатын. Екі аптада бір рет қаладан келетін маған да апам алдымен ұлдың үстін тазалап кетуімді қатты қарап, қадағалайтын. Мен ту қияндағы Қызылтуға поезбен бар-жоғы екі күнге келем. Сонда әзілге шебер, керек жерінде астарлап сөйлеп кететін ағам маған қуақылана қарап:
– Қарындасым, келіп қалдың ба? Апам екеуміз өзіңді күтіп отырмыз. Ана ваннада бар-жоғы отыз орамал, отыз ақ көйлек, отыз ақ мәйкі жатыр жуа салшы. Бес-алты костюм-шалбар тұр, жуып, өтектеп іліп кетерсің, байқа қырын бүлдіріп алма, – дейтін көзі күлімдеп. Мен тас-талқаным шығып ашуланушы едім.
– Жуады ғой, қолымен жуады деп, – жауырды жаба тоқып апам отыратын. Отбасының тірегі болған ағам-ай, осындай сәл нәрсенің өзін парасатты ойлап, мәдениетті жеткізетін.
Қай салада қызмет етіп, қайда жүрмесін үш бауырының мұң-мұқтажын, үшеумізден тараған балалардың болашақ бағытын санасынан шығармай, үнемі көңіл түкпірінде ұстайтын. Бірде-біреуін назарынан қағыс қалдырмайтын. Үлкен апам Алма мен жездем Бәйкеннің тоғыз баласы болды. Солардың әрбірінің тағдырына араласып, денсаулығын бақылайтын. Жиендерін ала жаздай қасынан қалдырмай алып жүретін, баршасына жаны ашып, жағдайларына алаңдап, жетістігін естісе, желпініп қалатын. Ләззат жиеніміз қатты науқастанып, ауруханаға түсті. Екі иығынан әзер дем алған, кешегі кішкентай қызды көріп, жаны езіле жанталасып, арыстай жетілген ару қызды қолымен көтеріп апарып, машинаға салды ғой. Жұқпалы дертке қарамай, Петропавлға өзі жеткізіп, дәрігерлерге қолымен тапсырды. Ағамның адал ниеті мен өлшеусіз еңбегіне орай жиеніміз жазылып, аман-есен қатарға қосылды.
Қарындастарынан туған Жанара мен Дананы ерекше мейіріммен беттерінен өбіп, еркелетуші еді. Үйге кірсе үнемі бірге ойнап жүретін екеуін екі тізесіне отырғызып, құлақтарына қызық бірдеңе сыбырлап айтып, екі бүлдіршіннің сықылықтай күліп, мәз-мейрам болғанын қызық көріп, қос жиенін құшағына құшырлана қысатын. Екеуіне тақпақ айтқызып, оны бар ынтасымен тыңдайтын. Бірде балабақшаға баратын бес жасар қызыма Абайтану сағатына сәйкес ұлы ақынның өзім сүйетін бірнеше өлең жолдарын жатқа оқытып, үйретіп қойғанмын. Бұл балабақша балалары арасында «Наша Таня, громко плачеттің» жаппай орын алған, үрдіс кезеңі еді. Сондай күндердің бірінде қызыма тақпақ айтшы деген ғой. Сонда әлгі бала: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым. Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың» деп бастамай ма. Таң-тамаша болған ағам, тағы айт десе, ол:
Жүрегімнің түбіне терең бойла,
Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.
Соқтықпалы, соқпалы жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма, – депті.
Кішкентай деп жүрген жиенінің Абай атасының мынадай өлмес сөздерін жатқа айтқанынан қатты әсерленіп, баланың тілі мен қылығына сүйсініп қалады. Өзін бейжай қалдырмаған осы оқиғаны ұмытпай, көпке дейін аузынан тастамай айтып отыратын. Кезінде ағамды Абай өлеңдерімен шабыттандырған қызымның өсіп келе жатқан үш балапанына шамам келгенше, ұлылардың сөзін үйретіп, құлақтарына қазақ тілінің құдіретін құйып үлгерсем деп бүгінде армандаймын…
Тілі кәлимаға келгенше қайран анам кіндігінен туған үш қызына: жалғыздың жары құдай, жалғызыма бас-көз болыңдар, қарғаларым деп айтып кетті. Біз Алма, Салтанат үшеуміз бауырымыз Бірлесті жан-жүрегімізбен сүйдік, ғазиз басын қадір тұттық. Бірақ жанымыз бөлек жаралғасын қасында мәңгі жүріп, қорған бола алмадық. Біз бір күнде саялы бағымыздан, ақылшымыздан, қамқоршымыздан айрылдық. Бірлеспен өткен әр күн, әр сәт есімізде. 19 желтоқсан ағамның туған күні болатын. Жылда дәл осы күні таңертең ерте ағамды ел азаматы Қайролла Ескендіров аға құттықтап, звондайтын. «Брежнев пен Бірлестің туған күні құтты болсын! Брекеңдерге ұзақ ғұмыр тілеймін» – деп сөйлеп кеткенде, екеуі қосыла келіп күлетін еді. Жаңа ғасыр – екі мыңыншы жылғы 19 желтоқсан күні қатты суық, аяз болды. Қызымды ертіп Салтанат апама «Сырымбетке» келдім. «Бүгін Бірлестің туған күні ғой, 49-ға толады, барайықшы» дедім. Әттең, қолдары тимеді. Он жастағы қызымды жетектеп алып, автобуспен Чаглинкаға келдік. Ағам қорада мал жайлап жүр екен, алдымнан атып шықты. Қатты қуанып, көңілі көтеріліп қалды. Сол күні екеуміз әңгімелесіп, ұзақ отырдық. Ертеңіне баланы тоңбасын деп тонмен қымтап аялдамадан өзі шығарып салып еді. Сол жылғы жаңа келген 2001 жылды төртеуміз бірге қарсы алдық. Амантай мен Салтанат үйінде өткен сол жаңа жылдық кеш көңілімнен бір сәт кетпейді. Мәңгі өшпес елестей санамда сақталып қалды.
«Жарқ етті де, жоқ болды, көрген түстей, сағымдай» дегендей біз үшін ардақты жан бар-жоғы 49 жыл өмір сүріп, ел үшін жанын үзетін үш бауырымен дария дүниені кеше алмай, көз алдымыздан ғайып болды. Асыл ағам өзі өмірден ерте өтсе де оның азаматтық тұлғасын, кісілік келбетін бойларына алып, артында арыстай төрт бірдей ұлы қалды. Бірінен соң бірі өмірге келген ұлдарының есімдеріне дейін көп мән беріп, өзі қойды. Туған елін, жерін, анасын, бауырларын құрметтей білетін ағам жан жары Розаны да сыйлап, жанұясының тірегі бола білді. Қаладан көшіп, Олжас, Алмас, Манас, тіпті Мағжан да Шағалалы орта мектебіне барып, оқыды. Үнемі жұмыс үстінде жүретін ағам, балаларының да мектебіне барып үлгермейтін. Бірде мектептің ата-аналарға арналған жалпы жиналысына, арнайы барып қатысады. Ауыл мектебінің ұжымы жаңа көшіп келген отбасының иесін танымайды. Жиналыс өтіп енді кете бергенде, соңынан екі-үш мұғалім жүгіріп шығып: «Сіз біздің мектептің үш бірдей үлгілі, оқу озаты, Сәкеновтердің ата-анасы екенсіз ғой. Біз білмей қалдық. Сізге сөз берер едік-ау», – деп өкінеді. Соны естіп ағам жиналыстан тұлпар мінгендей риза көңілмен келіп еді. Сол үш ұлы Олжас, Алмас, Манас – Америка, Англия, Қытай елінен «Болашақ» бағдарламасымен оқу оқып бітіріп, үлкен өмірге араласып, әке үмітін ақтап жүр.
Жеңгем қыз тосып жүргенде, өмірге төртінші ұл келді. Мен естіп, Бауыржан Момышұлы көшесінде тұратын ағам үйіне келдім. Үйде жиен қарындасы Бибігүл мен ағам бар екен. Ағамның көңілі көтеріңкі, ұлды болғанын естіп, атын қоюға үйіндегі бір қабырға толы кітапты ақтарып отыр екен. Қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаевтың кітабын ашып, әдемі лирикаға толы өлең жолдарын оқи отырып, ұлының атын Мағжан қойды. Сол ұлы 5-ке толғанда титтей баланы алдына тұрғызып қойып:
Қалқам, Мағжан!
Атың сенің данышпанның аты екен,
Дүниеге келгенің бір сәт екен.
Сол сәтіңді созып берші жүз жылға,
Әрі тілек, атаң берген бата екен.
Осы жолды жазған саған Ғафекең, – деген ақын Ғафу Қайырбековтың жырынан ұлына үзінді оқып беретін. Әттең, әттең осы ұлдары өскенше әкелері қасында жүрсе, бұл ұландардың ішінен қазақ әдебиетіне ынта-ықыласы бар бір айтулы азамат шығар еді-ау.
Сол жылдары қат-қабат жұмысбасты болып жүрсе де, үйге келіп ұлдарының сабағына, ішіп отырған тамағына дейін мән беретін. Өзі жоқта ұлдардың немен айналысқанын сұрап, біліп, жан-дүниесіне үңілетін. Бірде екеуміз Чаглинкаға келсек, үш ұл жүр, арасында Алмас жоқ. Балаға келгенде, ағам шорт кететін. Бала қайда десе, ауруханада деп жеңгем күмілжиді. Ағам үйге кірместен, қалаға, ауруханаға кеттік. Облыстық балалар ауруханасына келіп, ұлды шақырсақ, ойын баласы Алмас жүгіріп алдымыздан шықты. Баланың басы түгел ақ дәкемен қымталып оралған, жылтыраған екі көзі ғана көрінеді. Осы аппақ қалпымен палатадан жүгіре шыққан бала «Папа» деп әкесінің мойнына асыла кетті. Ұлына не болғанын сұрап үлгермеген ағамның ақ сары өңі бозарып, жүресінен отыра қалды. Көзінен жас ыршып кетті. Атып тұрып, қасына мен де жеттім. Сол жолы ауруханаға бірге барып, әкелі-балалы екеуінің жанында болғаным үшін өзіме риза едім. Сонда балаға не болған, оны кейін білдік қой. Екінші ұлы Алмас кішкентайынан елгезек еді, қораның да, үйдің де шаруасына көмектесетін. Сол күні әке-шешесі үйге келгенше, күзгі суық үйді жылытып қоймақшы болып, от жаққан. От тез тұтанбағасын, оттыққа керосин құйып, үрлеп қалған ғой. Лап еткен жалыннан жеткіншектің басын, бетін түгел ыстық жалын шарпып, күйіп қалған. Аурухананың күйік бөлімінде жатып, жазылып шықты. Одан бері қанша жыл өтті, бірақ ағамның сондағы шарасыз жүзі, бауыр еті баласына деген жан күйзелісі, менің есімнен кетпейді. Азамат болып жетіліп, медицина академиясын бітіріп, өзі де әке атанған Алмасты көрген сайын санамнан өшпес сол сурет көз алдыма келіп тұра қалады. Жаны жапырақ болып, сол балаларының жолында барын да, жанын да пида етуге даяр ағам бір ұлының қызығын да көрген жоқ. Сол әке рухымен қанаттанған ұлдары өсті. Алмас бүгінде астанада тұрады. Туған елі Көкшеге жиі келіп, әке бейітіне барып, ардақты жанның аруағына тағзым етіп отырады. Әкесінің жігері, қайраттылығы, еңбекқорлығы, даладай дархандығы, дарыған ұлдары бірлесіп, әкесімен болған асыл шақтарын мәңгілік мұра етіп қалдыруды мақсат етіп, кітап шығаруды қолға алды. Бастама басында Алмас тұр. Ұлдарының бастамасы әке атына мәңгілік мұра болып, ұрпағына рухани қазына болсын. Ағамның үш ұлы үйленді, оның есімі Астана мен Атырауда жалғасып, артында Бірлес тегі деген немерелері өсіп келеді. Өмірден ерте, есіл кеткен асылдың аты өз ұрпағымен жалғасып барады…
Жансарайымды жүдетіп ағасыз арада талай жыл өтті. Жараның орны жазылған сайын сыздайды. Күні бүгінге дейін ағамның дос-тарын, қызметте бірге жүрген жолдастарын көрген сайын әкемдей пір тұтқан асыл жанның өшпес бейнесі көз алдыма қайта келіп, тұра қалады. Тамағыма тіреліп, кептелген тасты әзер толғаймын, сағым бейнесі зорая, биіктеп бара жатады. Асыл ағам менің, сен туған мекен, алтын қоныс – ауылдағы Сәкен атам шыққан қасиетті шаңырақтан қиялай ұшқан қыран ең! Көгілдір көгіне шығандай шығып, зәу қанатыңды бір қағып ғайып болдың, артыңда алтын қанат ұяң қалды. Мен өзіңді сағындым Аға! Мәңгілік сағынып өтемін. Сағынышым сарқылмайды. Жаның жәннатта болсын, жан Аға!
Содан бері көп жыл өтті,
Сан күз, сан қыс, сан көктем,
Өзіңді іздеп таба алмадық, жер-көктен.
Алла иман, нәсіп етсін рухыңа
Бітпес өмір туу менен өлмектен.
Жұртқа бәлкім көп адамның бірісің,
Бірақ бізге өзгелерден ұлысың!
Он жыл өтсін, мейлі жиырма, мейлі жүз,
Жадымдасың!
Бірлес, мәңгі тірісің!

Шынар БЕКМАҒАНБЕТҚЫЗЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Қазақстан Республикасы Ақпарат саласының үздігі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар