Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жеңіс Сейдоллаұлы: «Қазақтың әні мен күйінен ұлттық өнердің бар асылын табасыз» - АРҚА АЖАРЫ

Жеңіс Сейдоллаұлы: «Қазақтың әні мен күйінен ұлттық өнердің бар асылын табасыз»

Биыл Көкшетау қаласы Қазақстанның мәдени астанасы болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай, 12-14 қазан аралығында Елордадан «Қазақконцерт» мемлекеттік гастрольдік-концерттік бірлестігі келіп, көкшелік өнерсүйер қауымның қошеметіне бөленді. Біз бүгін осы өнер ұжымын бастап келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, композитор, танымал әнші, өнер магистрі, «Қазақконцерттің» директоры Жеңіс Сейдоллаұлымен болған сұхбатты оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

– Алдымен, әңгімеңізді «Қазақконцерттің» алғашқы іргетасын қалаған тұлғалардан бастасаңыз?

– «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы – ұлттың рухани өрісін кеңейтуді мақсат тұтқан тарихы бай, тамыры терең киелі өнер ордасы. Қазақ өнерінің қара шаңырағы «Қазақконцерт» ұйымының негізін қалаған тұлғалардың есімдері ел тарихында алтын әріптермен жазылған. Олардың қатарында Роза Бағланова, Жамал Омарова, Рабиға Есімжанова, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Шара Жиенқұлова, Мағауия Хамзин, Әзидолла Есқалиев, Еркеғали Рахмадиев, Ғарифолла Құрманғалиев сынды атақты талант иелері бар. Алғаш құрылған жылдардан бастап «Қазақконцерт» ұйымы өнердегі ұрпақ сабақтастығының озық үлгісін паш етті. 1970-1980 жылдары талантты да тәжірибелі аға буын өкілдерінің өнегелі ісін жаңа буын жалғап әкетті. Сара Тыныштығұлова, Гүлжан Талпақова, Нұрсұлу Тапалова, Жәнібек Кәрменов, Қапаш Құлышева, Шона Смаханұлы, Нұрғали Нүсіпжанов, Сұлтанғали Шүкіровтар өнердің әр жанрының жан-жақты қамтылып, түгенделуіне барынша тер төкті. Бұл жылдары баршаға танымал «Дос-Мұқасан», «Арай», «Серпер» музыкалық ансамбльдері құрылып, қазақ музыкалық өнерін дамыта түсті.

Өнер жаршысындай болған «Қазақконцерт» құрылған күннен бастап, жекелеген өнерпаздар мен ансамбльдердің репертуары мен бағдарламасына аса мән берді. Бұл үшін көркемдік кеңес мүшелері Мүсілім Абдуллин, Асқар Тоқпанов, Латиф Хамиди, Нұрғиса Тілендиев, Тұманбай Молдағалиев, Болат Аюханов, Мәкәлім Қойшыбаев, Кеңес Дүйсекеевтің пікірлері негізге алынды. Қазақконцерттің шежіресіне үңілсек, қай уақытта да әу баста алға қойған бағыт-бағдарынан, халықты рухани сусындату мақсатынан таймағанын көре аламыз. Өнер – рухани қуат, «Қазақконцерт» ұйымы сол рухани қуаттың қайнар көзіндей, қазынасындай болды. Мұнда шеберлер шыңдалып, таланттар жарқырай түсті.

– Қазақконцерт құрамында көптеген белгілі өнер иелері қызмет етеді. Солар туралы бірер сөз жалғасаңыз?

– Жоғарыда айтқан аңыз тұлғалар «Қазақконцерттің» қалыптасып, өсіп-өркендеуіне өз қолтаңбасын қалдырған жандар. Қазір біз олардың желбіреткен өнер байрағын асқақтатуға бар күш-жігерімізді салып жатырмыз. Өйткені, бұл үлкен аманат екенін білеміз. «Қазақконцерт» ұйымы сынды өнегелі қара шаңырақ астында бүгінде түрлі жанрды қамтыған музыканың барлық саласы топтастырылған. Әсіресе, «Эстрада» бөлімінің алар орны ерекше. Мұнда Қазақстанның халық әртістері Сара Тыныштығұлова, Алтынбек Қоразбаев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айжан Нұрмағамбетова, Бағдат Сәмединова, Жеңіс Ысқақова сынды сахна майталмандары топтасқан. Осы аға буынның ізін жалғап, Димаш Құдайберген, Құрмаш Махан, Әміре, Жанболат Ербатыров, Жазира Байырбекова, Гүлсім Мырзабекова, Марал Анарбек, Бибігүл Қилымхан, Гүлнәр Көшенова сынды талантты тұлғалар мен жастардан құралған «Меломен» тобы өсіп келеді. Ал, ұлттық музыкалық мұраның кеңінен насихатталуына композитор Бауыржан Ақтаев бастаған «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали басшылық жасайтын «Халық қазынасы» мемлекеттік өнер ұжымы атсалысуда. Классика жанры бойынша Қазақстанның xалық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Айман Мұсақоджаева бастаған үздіктер отандық классикалық өнерді күллі әлемге жоғары деңгейде таныстыруда. Сондай-ақ, Азамат Жылтыркөзов жетекшілік ететін классика бөлімінде қазақ операсының бүгінгі жарқын өкілдері өнер көрсетеді. Осы орайда Қазақстан Республикасының Ееңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеевтің бастамасымен құрылған «Forte Trio» мемлекеттік триосының өнерін ерекше атап кетуге болады. 2017 жылы құрылып, түрлі жанрдағы композициялардың үздік орындаушылары ретінде танылған «Saz&soul» вокалдық-аспаптық тобы да бүгінде көрермен көзайымына айналып үлгерді. Бұл ұжымның көркемдік жетекшісі – композитор Әділжан Толықпаев.

Театр бағыты бойынша табысты еңбек етіп келе жатқан ұжымның бірі – «Аstana Musical» еліміз бойынша ғана емес, Орта Азиядағы тұңғыш мемлекеттік мюзикл жанрындағы бірегей театр. Театр репертуарында Гиннес рекордтар кітабына енген әлемдік туындылар мен танымал отандық мюзиклдер бар. Театр белгілі режиссер Есләм Нұртазиннің көркемдік жетекшілігімен өнер көрсетеді.

– Пандемияға байланысты енгізілген карантинге қарамастан жүргізіліп жатқан шығармашылық жұмыстарыңызға тоқталып өтсеңіз?

– Биыл 61-ші концерттік маусымға қадам басқан Қазақконцерт карантиндік шектеулерге бейімделіп, көрермендерге дәстүрлі және жаңа форматтағы жобаларды ұсынуда. Карантин енгізілген сәттен бастап біз көрермендермен жүздесудің түрлі форматын саралап шықтық. Онлайн концерттер мен қойылымдар, челлендждер мен музыкалық марафондар, жаңа әндер мен бейнебаяндар, танымдық-ақпараттық бейнероликтер жарияладық. Сол арқылы біз өнерді де онлайн насихаттауға болатынына көз жеткіздік. Қазіргі кезеңде «Қазақконцерттің» шығармашылық әлеуеті жаңа бағытта дами түсіп, ұйымның әлеуметтік маңызы да арта түсті. Залдарымыз тек 30 пайызға ғана толса да, көрерменнің рухани әлемін байытуға бағытталған іс-шаралар саны азайған жоқ. Гастрольдік сапарлармен ел өңірлерін араламасақ та, көрермен қауыммен байланысымыз үзілмей, керісінше нығая түсті. Соңғы ұсынған жаңа жобаларымыздың бірі – «Жұлдызбен бір сахнада» деп аталады. Жобаның басты ерекшелігі – көрермендер әртістермен бірге сахнада тұрып әндерін тыңдай алады. Әрбір көрермен өзін концерт қатысушысы ретінде сезініп, керемет сезімге бөленеді.

Бұл жобаның арқасында көрермендер әртістерге жақын бола түсіп, ерекше шығармашылық процестің қыр-сырын тереңірек сезіне алды. Орындаушы мен тыңдаушы арасындағы дәл осындай байланыс жаңа концерттер мен туындылардың пайда болуына шабыт беріп, мәдени байланысты арттыра түседі. Сондай-ақ, карантин кезінде бастау алып, дәстүрлі жобаға айналған маңызды бастамалардың бірі – «Сәлем, Елорда!» жобасы. Оның мақсаты – өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптеу. Өңірлер мен ірі қалалардың концерттік ұйымдары өзара тәжірибе алмасу үшін фестиваль аясында арнайы шеберлік сағаттары мен семинар-тренингтер, конференциялар мен гала-концерттер ұйымдастырылады. Бұдан бұрын Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы облысында сәтті өткен «Сәлем, Елорда!» жобасы енді Қазақстанның 2021 жылғы мәдени астанасы атанған Көкшетау қаласында өткізіліп жатыр.

– Көкше көрермендерімен кімдер қауышады? Өнерпаздарды атап кетсеңіз?

– «Сәлем, Елорда!» фестивалі «Көкшетау» мәдениет сарайында өтетін гала-концертпен қорытындыланады. Концертте еліміздің барлық өңірінен озық орындаушылар мен үздік шығармашылық ұжымдар өнер көрсетпек. Олардың қатарында: Ақмола облысының талантты әртістері мен өнер ұжымдары, Павлодар, Түркістан облысынан келген өнерпаздар, «Қазақконцерт» солисі Азат Мәлік, Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының солисі Дулат Тоқанов, «Гәкку» би ансамблі, «Туған жер» би ансамблі, тағы басқалары бар. Көрермен қауым фольклор, классика, эстрада бағытындағы әндер мен хореографиялық композицияларды тамашалап, аспаптық музыканы тыңдай алады.

– Өнер ордасы Алматыдан Елордаға қоныс аударды. Сол туралы тарқатып айтсаңыз?

– Дұрыс айтасыз. Алматы – қаншама әртістің жұлдызын жаққан, барлығымызды жылы құшағында баураған қала. Қазір де Алматыға деген көңіліміз ерекше. Десек те, жоғары қарқынмен дамып келе жатқан елордамыздың да мәдени әлеуеті өте жоғары. 2016 жылы «Қазақконцерт» елордаға қоныс аударып, әйгілі ұйымның тарихы тәуелсіз елдің астанасында жалғасын тапты. Жарты ғасырдан астам халық пен өнер арасында алтын көпір бола білген «Қазақконцерт» бірлестігіне Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен «мемлекеттік ұйым» мәртебесі берілді.

Қазір Қазақконцерттің Алматы қаласында филиалы бар. Ондағы әртістер Отандық өнердің дамуына, ұлт руханиятының жаңғыруына өзінің сүбелі үлесін қосып жүр. Филиалдың директоры – белгілі әнші, композитор, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев. Филиалдың солистері мен шығармашылық ұжымдары республика өңірлерінде гастрольдік қызметпен белсене айналысып, үздік өнер туындылары мен концерттердің барша халыққа қолжетімдігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, халықаралық дәрежедегі байқаулар мен фестивальдерге қатысып, заманауи қазақстандық өнердің танымалдылығын арттырып жүр. Ал, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақконцерт» еліміздің ең үлкен концерттік залы – «Қазақстан» Орталық концерт залында еңбек етуде. 2016 жылдан бері қайта құрылған «Қазақконцерттің» елордада бағындырған белестері аз емес. Жалпы, Елордамыз бүгінде жоғары өнердің, мәдениеттің қаласына айналды десек, артық айтқанымыз болмас.

– Өзіңіздің өнер жолыңызға тоқталып өтсеңіз?

– Басшылық қызметте жүрсем де, өнерден алыстаған жоқпын. Шығармашылық, музыкалық өнер – бұл менің өмірлік жолым, тағдырым. Қазір де өнердің нағыз қайнаған ортасы – қазақ музыкалық мәдениетінің қара шаңырағы «Қазақконцертке» жетекшілік етемін. Шығармашылығымды жас таланттардың өнерімен ұштастырып, олардың өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосу арқылы өнер жолым жаңа бағытта дамуда.

–Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбатты жүргізген Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар