Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ардагерлермен ақылдасты - АРҚА АЖАРЫ

Ардагерлермен ақылдасты

Целиноград ауданында өңір басшысының ауыл ақсақалдарымен кездесіп, көптеген мәселелер бойынша пікір алмасып, ой бөлісуі дәстүрге айнала бастады. Аудан әкімі Мәлгаждар Тәткеевтің бастамасымен өткен жылы бірінші рет өткізілген мұндай басқосудың маңызы зор екендігі дау тудырмайды.

  Халқымыздың «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген қанатты сөзі ешқашан өз мәнін жоймақ емес. Кезінде бір ауыз сөзбен талай дау-дамайды тоқтатып, талай бұзықты тезге салатын қазақ халқының бүгінде де жасқа да, жасамысқа да жөн сілтеп, жөнсіздік пен жолсыздыққа жол бермейтін қазыналы қарттары аз емес. Ең бастысы, сол аузы дуалы ақсақалдарды жастар тәрбиесі, түсіністік пен сыйластық сынды мәселелерді талқылауға тарта білу.
Жуырда Мәлгаждар Тәткеев аудан орталығындағы «Нұр Отан» партиясы ғимаратында тағы да ауыл ақсақалдарының басын қосып, келелі әңгіме қозғады. Аудандағы 18 селолық округтен жиналған жетпістен асып, сексеннің сеңгірін бағындырған қариялардың белсенділіктері, аудан өміріне қатысты барлық мәселелерді жан-жақты талқылап, ортаға салмақты ой тастаулары, ақыл айтып қана қоймай, өздерінің де істің алға басуына белсене араласуға тілек білдірулері сүйсіндіреді.
Аудан әкімінің атқарылған істерді тізбелеп, ұзын-сонар баяндама жасамай, жиынды қысқа ғана сөзбен ашып, негізінен, ақсақалдарды тыңдауға ниет білдіргендігі де қарттардың өз ойларын ашық айтып, нақты ұсыныстар мен тілектер білдірулеріне дем бергендей болды.
Алдымен, сөз алған Целиноград аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Темірбаев тәуелсіздігімізді қалпына келтірген жылдары еліміздің берекелі, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан іргелі мемлекетке айналғанын айта келе, ауданда да атқарылған игі істерге тоқталды. Ақсақал өз сөзінде әсіресе, жастар тәрбиесіне, отбасындағы бірлік пен берекеге баса назар аударды. Сондай-ақ, жазасын өтеп келген азаматтарды қоғамға пайдалы істерге тарту, аудандағы елді мекендерде тұрмысы төмен отбасылар үшін әлеуметтік дүкендер ашу сынды өзекті жайларға тоқталды.
Мұнан соң ой бөліскен жастар ресурстық орталығының директоры Самал Мусина мен Мәншүк селолық округінің әкімі Айгүл Омарованың сөздері де ешкімді бей жай қалдырмады. Сондай-ақ, кезінде аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарған қадірменді ақсақал Аманкелді Құсайынов, Үзбен Құрманбайұлы, Балғабай Жұмабеков, Магамед Сукалов мұндай басқосулардың тек пікір алмасумен шектеліп қалмай, нақты істерге бастамашы болу керектігіне тоқталды.
Бір назар аударарлығы, жиналғандардың барлығы дерлік жай тыңдаушы болып отырмай, ойларын ортаға салып, пікір алмасты, нақты ұсыныстар айтты. Осының өзі-ақ, аудан әкімінің бастамасымен қолға алынған бұл шараның көптеген мәселелерді оң шешуге ықпалын тигізетіндігін байқатты. Ресми емес жағдайда, ыстық шайдан ұрттай отырып, емен-жарқын осылайша басқосудың пайдасы мол болатындығы сөзсіз.
Жалпы, жастық – табиғаттың берген сыйлығы. Оны кім қалай түсінеді, неге ұмтылады, ол адамның өзіне байланысты. Алайда, ел болашағының дамуына алғашқы қадамдарын бастаған жастарға бағыт-бағдар сілтеп, ақыл айтып, жарқын істерге жетелеу көнекөз қарттардың міндеті екендігі сөзсіз. Сондықтан да, үлкенді сыйлау, отбасын қадірлеу, ерінбей еңбек ету, ақыл мен парасатты серік ету әркімнің бойынан табылатын қасиет болуға тиіс. Ол қасиеттерді жастардың бойларына дарытуда қариялардың мол тәжірибелері мен ізгіліктері қажет-ақ. Сондықтан да, мұндай басқосулардың маңызы өте зор деп білеміз.
      Талғат ҚАСЕН.
 Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар