Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ана мен сәби жанашыры - АРҚА АЖАРЫ

Ана мен сәби жанашыры

Акушер-гинеколог Күміс Ілиясова бар саналы ғұмырын медицина саласына арнап, әсіресе, ана мен сәби денсаулығына жауапты маман ретінде көптің ыстық ықыласына бөленіп жүрген абзал жан. Бала адамның бауыр еті ғой, сондықтан да, оның денсаулығы бәрінен де қымбат. Ал, ана жүрегінде қауыз жаратын сол қызғалдақ ғұмырды дүние есігін ашқан сәтке дейін көзден таса қылмай, қадағалап, бала мен ананың денсаулығы жолында аянбай тер төгетін Күміс Ілиясова сияқты дәрігер мамандарға көптің айтар алғысы зор. Оның бойында баланың көңіліндей пәк тазалық бар, ал, балажан жүрегі мейірімге толы. Ол алдына келген кез-келген жүкті келіншектің көңілін көзінен бірден ұға білетін, дертіне шипа, жанына жылылық сыйлайтын көркем мінезді, сол көркем мінезіне білімі мен біліктілігі ұштасқан мақтаулы маман.

Өз басым Талапкер ауылындағы дәрігерлік-амбулаторияның акушер-гинекологы Күміс Жұмабекқызымен танысқан сәттен-ақ, оның жан жылулығы мені бірден баурап алды. Жүзінен мейірім шуағы себізгілеп, жан-жағындағыларды сөзсіз сұлулыққа бөлеп тұратындай. Сәті түсіп, өзімнің «Арқа ажары» газетіме оралсам, осы кісі туралы міндетті түрде мақала жазамын деген ой көрген сәтте-ақ қылаң берген. Егерде кез-келген нәрсені жүрекпен қаласаң, ол орындалады екен. Міне, таяуда сонау бір күндері ойыма алған осы бір тілек жүзеге асып, ақжарқын, жылы жүзді, ақ халатты абзал жанмен әңгімелесудің де сәті түсті.

– Күміс Жұмабекқызы, алдымен өзіңіз туралы, отбасылық жағдайыңыз бен қызмет бабыңыз жайлы тарқатып айтып берсеңіз?

–Мен Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Көбетей ауылының тумасымын. Сол жерде өсіп-жетілдім. 1978 жылы бұрынғы Целиноград қаласындағы медициналық училищесіне түсіп, оны ойдағыдай бітіргеннен кейін еңбек жолымды осы қаладағы қазіргі темір жол ауруханасында бастадым. Мұнда бір жыл босандыру бөлімшесінде жұмыс істедім. Жолдасым Ғабиден Саламатұлы да Қарағанды облысының тумасы, осы Целиноград қаласындағы педагогикалық институттың түлегі. Жолдасым оқуын тәмамдап, жолдамамен Целиноград ауданы Талапкер ауылындағы мектепке жұмысқа жіберілгеннен кейін, мен де сол жердегі амбулаторияға жұмысқа орналастым. Жолдасыммен отау құрып, отбасы болғанымызға биыл 40 жыл толып отыр. Жұбайымның арқасында отбасым мен таңдаған мамандығымды бірге алып жүріп келемін. Үш қызымыз бен бір ұлымыз, 11 немереміз бар. Осы ауруханада жұмыс істеп келе жатқаныма биыл, міне, 33 жыл. Бұрын 1987 жылы бізге Қоянды, Шұбар, Малотимофеевка, Қызылсуат сияқты жеті ауыл қарайтын. Осы елді мекендердегі жүкті келіншектердің денсаулықтарын бақылау менің жауапкершілігімде болатын. Қазіргі таңда Қажымұқан, 96-шы разъезд, Талапкер ауылдарында тұратын 120 шақты аяғы ауыр келіншек біздің амбулаторияда есепте тұр.

– Дәрігер боламын деп бала кезіңізден армандадыңыз ба? Әлде ата-анаңыз дәрігер болды ма?

– Әлі есімде, жетінші сынып оқып жүргенімде менің анам қатты ауырып қалды. Анамыздың қолдары қимылдамай, аяғы жүрмей, әбден әбігерге түстік. Отбасымызбен дәрменсіз күй кештік. Аллаға шүкір, білікті невропатолог пен нейрохирург мамандардың арқасында анамыз ажал ауызынан қалды. Біз, барлық балалары жиналып, бір жыл бойы анамызға дәрігерлердің нұсқауы бойынша уқалау әдістерін жасадық. Сол кезде мен өз-өзіме өз анамды, басқа адамдардың аналарын емдейтін дәрігер боламын деп іштей уәде берген болатынмын.

Бір ғажабы, орта мектепте мен спортқа әуес едім. Жеті спорт түрінен, яғни, жеңіл атлетика, шаңғы, коньки, биіктікке секіру, волейбол, гимнастика, баскетболдан өз қатарластарымнан оқ бойы озық тұратынмын. Бұған қоса, спорт шеберлігіне кандидат болатынмын. Біз орта мектепті бітірген жылдары оқуға түсетін кезде алдымен мектептегі жетістіктерге баса назар аударатын. Целиноград қаласындағы медицина училищесіне келгенімде, мектептегі спорттық жетістіктерімді көріп, бірден оқуға қабылдады. Мен құжатымды медбикелікке тапсырғым келген, бірақ, кейін біздің куратор болған Таисия Михайловна Федорова менің жүзіме қарап, «сен акушер боласың» деп мені акушерлік бөлімшеге апарып, құжаттарымды сонда тапсыртқызды. Осы кісіге күні бүгінге дейін алғысым шексіз. Мен өз мамандығымды жақсы көремін. Ал, адам өз мамандығын жүрекпен қаласа, оған барынша адалдықпен қарап, аса жауапкершілікпен атқарады.

Өсіп-өнген отбасым туралы әңгімелейтін болсам, әкем ғұмыр бойы механизатор болып жұмыс істеген адам. Анам көп балалы ана, бар ғұмырын біздің тәлім-тәрбиемізге арнаған жан. Отбасымызда 6 ұл, 6 қыз, барлығы 12 баламыз. Әрқайсымыздың өмірге кірпіш болып қаланып, өз жолымызды тауып, адам болып жетілуімізге, азамат болып қалыптасуымызға әрине, ата-анамыздың сіңірген еңбегі орасан. Оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес…

– Өзіңіздің жеке жетістіктеріңізге тоқталып өтсеңіз?

– Медицина саласында тапжылмай 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқаным мен үшін үлкен жетістік, мұнымен сөзсіз мақтана аламын. Осы жылдар ішінде әйел аналар қол-аяғын бауырына алып, өмірге қаншама сәби келді десеңізші. Осы Талапкердің өзінде мен босандырған қаншама келіншек қазір әже атанып отыр, олардың немерелері босанып, әжелеріне шөбере сыйлап отыр. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Өз мамандығымды әрқашан мақтан тұтамын. Жүкті келіншекке мейіріммен, түсіністікпен қарау керек. Кейде қабылдауыма көңілсіз, тіпті, жылап келетін келіншектер де болады. Әрқайсысының отбасында әртүрлі жағдай болады ғой. Сонда сол келіншектің көңілін табу, жұбату, психологиялық тұрғыдан жақсылыққа бет бұрғызу менің дәрігер ретіндегі міндетім деп санаймын. Бұл олардың отбасына араласу емес, өмірге деген құлшынысын бекем ету. Маған ең маңыздысы да осы, яғни, өмірге дені сау, көкірегі ояу, болашағы зор баланың келуі. Әсіресе, бала көтере алмай жүрген келіншектер, бізде ем қабылдағаннан кейін жүкті болғанда төбем көкке жеткендей қуанамын. Менің қолымнан көптеген егіздер өтті, үшемдер де болды.

– Жалпы амбулаториядағы қызметіңіз жайлы айтып кетсеңіз?

– Қазіргі таңда тіркеуде 120 жүкті келіншек тұр. Барлығы менің қызымдай, барлығын жақсы көремін. Амбулаторияның жұмысы тиісті жолға қойылған, бізде бірнеше жас маман жұмыс істейді. Жұмыс барысында түсінбей жатқан тұстары болса, қол ұшын беріп, көмектесіп тұрамын. Еңбек өтілі бар кез-келген адам жастарға бағыт-бағдар береді ғой. Біз де оқу бітіргеннен кейін бірден кәсіби маман болып шыға келген жоқпыз. Бізді де үйретті, жетілдірді.

– Сіз амбулаториядағы жалғыз акушер-гинекологсыз. Қарамағыңызда жүкті келіншектер көп. Бәріне қалай үлгересіз? Жалпы, біздегі дәрігерлер жетіспеушілігінің себебі неде?

– Жұмыс әрине, өте көп. Әсіресе, қазіргі дәрігерлерге қағазбастылық қол бөгесін. Сонда да үлгеруге тырысамын, амал жоқ. Қазір біз біріктірілген медициналық ақпараттық жүйе бағдарламасы арқылы жұмыс істейміз. Бұл – өте ауқымды бағдарлама. Акушер-гинеколог мамандығын таңдауға жастарымыз қорқатын сияқты. Себебі, біздің жұмыс аса жауапкершілікті қажет етеді ғой. Әйелдің, оның үстіне сәбидің өміріне жауап беру оңай нәрсе емес. Өз басым акушерлік қызметті – әлемдегі ең жақсы мамандықтың бірі деп ойлаймын, себебі, әйелдердің тууына, сәбидің дүниеге келуіне тек акушер-гинеколог қана көмектесе алады.

Біріктірілген медициналық ақпараттық жүйе бағдарламасымен жұмыс істеу оңай шаруа емес. Оның үстіне ауылдық жерлерде интернет те дұрыс істемейді. Жас буынға айтарым – таңдаған мамандығыңды жақсы көр, шыдамды бол, ең бастысы, ақкөңіл, кішіпейіл бол. Науқас адамды қабылдағанда, ол сенің бір ауыз жылы сөзіңнен-ақ, жазылып кеткендей болсын, дегім келеді. Тәжірибе жинақтауға келген студенттер қайырымды, сыпайы, орындаушылық қасиеттері жоғары, ұсынылған кез-келген жұмысқа дайын болулары керек. Теория бәріміз үшін бірдей, ал, практика мүлдем басқаша. Дәрігер болатын жанға үлкен жүрек керек.

– Мағыналы сұхбатыңызға көп рахмет!

Әңгімелескен Салтанат БАКИРОВА.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар