Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тереңдік - АРҚА АЖАРЫ

Тереңдік

Роллан Сейсенбаев 1946 жылы Семейде туған. 1970 жылы Семей инженер-технологиялық институтын бітірген. Облыстық комсомол комитетінде істеген. Кейін М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы КСРО Жазушылар одағы басқармасының қазақ әдебиеті жөніндегі кеңесінің жауапты хатшысы болған. Алғашқы повесі 1975 жылы жарық көрді. «Өзімді іздеп жүрмін» пьесасы 1975 жылы жас драматургтердің бүкілодақтық конкурсында жүлдеге ие болды. Пьесалары республикалық театр сахналарында қойылған. Абайдың қара сөздерін орыс тіліне аударуға ат салысты.
Қазақстан комсомолы сыйлығының (1980), ВЦСПС пен КСРО Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты. «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталған.

(ЭССЕ)

І. Көкшетаудағы кездесу

1995 жыл. 23 қараша, күн бейсенбі.
Көкшетау облыстық телевизисында жұмыс істейтінмін. Түстен кейін мені телерадиокомпания төрағасы Кәрібай Мұсырманов шақырды.
– Ертең Алматыдан жазушы Роллан Сейсенбаев келе жатыр. Қасында танымал өнер қайраткерлері бар. Сыйлы қонақтармен кездескің келе ме?
– Әрине, әрине!
– Онда дайындал…
Роллан Сейсенбаев әлемге мәшһүр жазушы. Кезінде Семей облыстық комсомол комитетінде, қалалық атқару комитетінде жауапты қызметтер атқарған. М.Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы жоғары курсты бітірген. Қазақ жазушысын өз елі ғана емес, өзге жұрт та таниды. Оның «Аңсау», «Өзімді іздеп жүрмін», «Тау басында түйіскен жол», «Түнгі диалог», «Сағынып жеткен жаз еді» кітаптары қазақ оқырмандарына қазақ тілінде жетті. Р.Сейсенбаев жиырма жылдан астам уақыт Мәскеуде Жазушылар одағында, қазақ әдебиетінің өкілі болып қызмет атқарды. «Всего одна ночь», «Если хочешь жить», «Дни декабря», «Трон сатаны» кітаптары орыс, ағылшын тілдерінде шыққан.
Ол төрткүл дүниеге Абайды танытуды мақсат етіп қойды. Абай арқылы қазақты бүкіл әлемге танытты. Шетелде Абайды он бес тілге аудартты. 1995 жылы Лондон қаласында «Абай үйін» ашты.
Мен «Абай тағылымы» деген телехабар жүргізетін едім. Сәттілік деген осы емес пе?!.
***
Роллан Сейсенбаев есіміне бала кезімнен таныспын. Семей инженер-технологиялық институтында оқып жүрген жылдары жас жазушының газет-журналдарға шыққан туындыларын жиі оқитынмын. 1969 жылы «Жалын» альманахында «Соңғы қар» деген әңгімесі жарияланғаны, оны оқырман қауым жоғары бағалағанын еш ұмытпаймын.
Әдебиет есігін айқара ашып, нық басып кірген жас жазушы облыстық «Семей таңы» газетіне берген бір сұхбатында: «Мен өзімді-өзім аямай жұмыс істеуге тиіспін. Әйтпесе жақсы жазушы бола алмайсың» – дегені бар.
Дана қазақ: «Су түбінен асыл тас су толқыса шығады, ой түбінен асыл сөз ой толқыса шығады» демей ме?! Ал, Нобель сыйлығының лауреаты, испан жазушысы Камило СЕЛА бүйдейді: «Проза – сырға, құпияға толы жанр. Толстой, Диккенс, Сервантес, По, Достоевский, Фолкнер сияқты ұлы жазушыларды қайта-қайта оқығанда адам жанының тереңдігіне таңғалумен болады екенсің. Адам жаны құпия болса, онда проза да құпия деген сөз. Терең түсініп, терең сезінген сайын ойлы оқырман ғана прозаның кілтін таба алады.
Әдебиет – тірі организм… Ал, тірі ағзада тылсым көп. Сан ғасыр бойы сол тылсымды әлі ешбір жазушы толықтай аша алған жоқ. Және оны толық ашу мүмкін де емес. Өйткені, әдебиет, оның ішінде прозада Жаратушы жасырған ғажап нәрсе бар»…
***
1970 жылдары Р.Сейсенбаевтың «Аңсау» деген атпен тұңғыш жинағы жарық көрді. «Орақтың үйі», «Ұлың жолға шықты, Қайсар», «Бір құшақ көк шөп», «Алғашқы махаббат», «Оралу», «Арман сапары», «Намыс» әңгімелеріндегі кейіпкерлердің жан дүниелері қандай таза болса, армандары да асқақ, табиғаттың өзіндей шынайы. Сұлу әннің әуезді қайырмасын тыңдағандай ғажап әсерлендім.
«Алғашқы махаббат» әңгімесіндегі оқушы қыз бен жігіт, мектептен екі-үш шақырым өзен жағасындағы фермаға бет түзеген. Қыз сұңғақ, жұқалаң өңді, жүзі ашаң. Шашын өріп бос жіберген. Жігіт ұзын бойлы, қоңқақ танау, дөңгелек бет. Денесі ірі болғанымен бостау, тіпті жүрісі де, қимыл қозғалысы да болбыр. Бозбаланың балаң мұрты тебіндеп шығып келеді. Екеуінің қолында да сумка. Ауа таза. Дала ойланып жатқан қариядай үнсіз. Ары-бері ұша беретін қара торғай да көрінбейді. Күн батып барады. Шыңғыстаудың шекесі қызарды. Қызыл шапақтың сәулесі екі жастың жүзіне түсіп келеді. Көк шөп су. Екеуінің аяғы да су! Екеуі де аяқ киімдерін шешіп қолдарына алған… Бала еңкейді. Балағын түрмек. Қыз байқамаған боп бұрылып жүріп кетті. Жігіт алда, қыз соңында қатар келе жатыр…
Екі жастың жүректері лүпілдеп, бірін-бірі ұнатып келе жатса да үнсіз. Арада сөз жоқ, таңғы шықтай сезім бар!.. Мөлдір сезім…
Қырық жыл бұрын оқыған «Алғашқы махаббат» атты әңгіме әлі жадымда. Өйткені, жақсы туынды есте қалады.
***
Үйдегі шағын кітапханамда Роллан Шәкенұлының бірнеше кітабы бар. Соның бірі – «Жалын» баспасынан, 1978 жылы жарық көрген «Өзімді іздеп жүрмін» прозалық жинақ.
«Әдебиетке келер жол әр түрлі. Көптеген жас талапкер ең әуелі редакциялар мен Жазушылар одағын төңіректей жүріп өзін де, көзін де үйретіп, біртіндеп танылып, әдебиет әлемінің дүбірлі жарысына біртіндеп кеп қосылады, – деп жазады көрнекті жазушы, әңгіме жанрының шебері Сайын Мұратбеков кітапқа енген «Роллан Сейсенбаев туралы бірер сөз» атты алғысөзінде. – Олардың әрқайсысының аяқ алысы әр түрлі болып келеді; біреулері ұшқыр, біреулері ұзаққа созыла шабатындар; таланттары да әр деңгейде.
Роллан Сейсенбаевтың алғашқы әңгімелерімен осыдан төрт жыл бұрын танысқан едім. Жоғары білімді инженер, комсомол қызметкері өз қолжазбасына айтылған ауыр сындарды үнсіз қабылдаған. Әдетте жас авторлардың көбі-ақ өз жазғандарын жақсы жақтарынан дәлелдеп, түсініктер беріп, тіпті кейде «түсінбедіңіз-ау» дегендей қабақ шытып ренішпен кететін. Роллан өйткен жоқ, тағы да келетінін, жазғандары болса тағы да алып келетінін айтты. Айтқанындай-ақ арада бірер жыл өткен соң қолыма Ролланның жаңа әңгімелері түсе бастады. Бұрынғы жазғандарынан мүлде өзгеше жазылған дүниелер, жас автордың іздену, өсу жолында екенін танытып отырды. Содан бергі уақытта баспасөз беттерінде оның бірталай әңгімелері, «Үміт» атты повесі жарияланды, театрларда «Өзімді іздеп жүрмін» пьесасы қойылды. Сөйтіп әдебиетімізге өзіндік дүниетанымы, беті бар талантты жазушы келіп қосылды. Әлі де біреу танып, біреу танымай жатқанымен, Ролланның соңғы жазылған әңгімелері мен повесін оқи отырып, жас жазушының өзіне ғана тән қолтаңбасын байқауға болады. Оның кейбіреулерге ұқсап жазатындарын саусағынан сормай, өзі көріп-білген өмірлік материалдарды суреткер елегінен талғампаздықпен сұрыптай өткізе білетін қабілеттілігі сүйсінтеді, нағыз жазушыға тән сезімталдық аңғарылады. Осы жинақтағы «Опырацейя», «Шірет», «Отелло» әңгімелерін бейжай оқу мүмкін емес. Бір-біріне ұқсамайтын, үш түрлі тақырыпқа жазылған осы үш әңгіме қай тұрғыдан алып қарасаң да бас-аяғы тап-тұйнақтай, жұмыр да салмақты туындылар. Еліктеу-солықтауы жоқ шебер қолдан шыққан. Үш әңгімеде де кейбір адамдар бойынан кетпей жүрген тоғышарлық, көрсоқырлық аяусыз әшкереленеді, автордың азаматтық позициясы бар қырымен бой көрсетіп отырады…
Бұл жинақ – Роллан Сейсенбаевтың екінші кітабы. Алғашқы әңгімелерінде қадамын апыл-тапыл басқан автор мына жинағында өзінің тез өсіп, буыны бекіген күйін танытты. Әдебиетімізге жаңа бояулы жаңа тақырыбы бар дарынды жазушы келгенін қуана құптауымыз керек. Ол асар асулар, ол шығар биіктер әлі алда. Тек қажымай-талмай еңбектене бергей, іздену жолынан таймағай дейміз».
***
Суретін газет-журналдардан көргенім болмаса, атақ-даңқын ғана естіп-білетін жазушымен кездесу, мен үшін үлкен қуаныш еді.
Р.Сейсенбаев хакім Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында, республикалық телевизия арқылы «Абай әлемі» атты хабар жүргізіп, Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен, одан соң ЮНЕСКО-ның Бас директоры Федерико Майормен сұхбаттасқан болатын. Телехабар қамтыған тақырып ауқымдылығы, тереңдігі, жан-жақтылығы көрермен қауымды баурағаны рас.
Ал, жақында тележурналист Жанна Ахметованың авторлық бағдарламасынан Роллан Шәкенұлының салиқалы, салмақты, ойлы сөздерін естіп тарлан таланттың дарын-қабілетіне тағы да тәнті болдым.
***
…24 қараша күні, сағат 12.30-да Көкшетау аэропортына ЯК-40 ұшағы келіп қонды. Құрметті меймандарды облыс әкімінің орынбасарлары Б.Жанәділов, Қ.Ыдырысова, облыстық мәслихаттың хатшысы С.Багинский, облыстық мәдениет басқармасының бастығы А.Балмұқанов қарсы алды.
Әуе лайнері тоқтап, баспалдақтан жолаушылар жерге түсе бастады. Менің көзіме елулер шамасындағы, орта бойлы, жалаң бас, үстіне күздік қара пальто киген, қой көздеріне мейірім ұялаған, жылы жүзді адам бірден шалынды.
Мен Роллан ағаны таныдым. Елмен бірге қос қолымды ұсынып, сәлемдестім.
– Амансыздар ма? Ыңғайсыздау екен!.. Бұлай қарсы алады деп күткен жоқпын!.. Бір топ адам!..
Аман-сәлемнен соң мен сол жерде құрметті қонақтан Көкшетауға келген іс-сапары жайлы шағын сұхбат жазып алдым. Бұл интервью сол күні облыстық телевизияның «Құлагер» ақпараттық бағдарламасынан эфир арқылы облысқа тарады.
Түстен кейін қала ортасындағы «Юность» кино театрында оқырмандармен кездесу кеші өтті. Ол кездесуге Роллан Сейсенбаев клубының мүшелері – Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ерекше баритон дауысқа ие, Алматы мемлекеттік консерваториясының деканы Шахмардан Әбілов, бүкілодақтық конкурстардың дипломанты, концертмейстер Индира Ахметова, танымал кинорежиссер Марс Омаров қатысты.
Кездесу кешінің тартымды, қызықты болғандығы сондай, үш сағат іп-ілезде өте шықты. Кешкісін құрметті қонақтарға «Көкшетау» мейрамханасында облыс әкімі қонақасы берді.
«Юность» кинотеатрында да, «Көкшетау» мейрамханасында да Роллан Шәкенұлына өте көп сұрақ қойғанымды байқаған жазушы маған қарап:
– Толымбек, сен бүгін жақсы жұмыс істедің. Әлі де қояр сауалың көп сияқты. Осы сұрақтар негізінде екеуміз кітап жазсақ қайтеді? – деді.
– Қуана келісем.
– Уақыт табасың ба?
– Демалыс алам.
– Марстың телефон нөмірін жазып ал. Оны тапсаң, мені тапқаның. Мақұл ма?
Бұдан кейінгі күндері Көкшетау қаласы әкімдігінде, қаладағы құрал-жабдық жасау зауыты мәдениет сарайында, Шучье аудандық әкімшілігінің үлкен залында, әдеттегідей кездесу кештері өте шырайлы, жоғары деңгейде өтті.
Құрметті қонақтар жер шоқтығы – Бурабайдың сұлу көркін тамашалады, Абылай хан алаңына барды. Бұқаралық ақпарат құралдары алматылық меймандар жайлы дүркін-дүркін хабар таратып жатты.
26 қараша күні меймандар Алматыға аттанды.
Қонақтар мінген ұшақ әуелеп, көзден тасаланғанша қарап тұрдық. Жанымдағы өзге адамдардың қандай күйде болғанын білмеймін, менің жан дүнием астаң-кестең… Роллан Шәкенұлының кішіпейіл мінезі, әдебиет, өнер, өмір жайлы толғаған терең әңгімелері ойымнан шығар емес… Сағыныш, мұң қоса қабаттасып… беймәлім сезім жетегінде біраз тұрдым…

ІІ. Ақмолада

10 желтоқсан. Түн. Көкшетаудан шыққан жолаушылар пойызы қараңғылықты қақ жара оңтүстік-шығыс бағытына жүріп келеді. Купе іші жылы. Шыңылтыр аяздан тоңған бойым жылынып, теңселе тербелген вагон доңғалақтарының бірқалыпты ырғағы ұйқы ұйығына тартып барады.
Көңілім алаң. Ертеңгі кездесуді ойлаймын. Екі күн бұрынғы Роллан ағамен телефон арқылы сөйлескенім еске түсті.
– Рахмет, Толымбек!.. Хабарласқаның жақсы болды…
– Пәкістанға қалай барып келдіңіз?
– Алдыңғы күні оралдық. Аллаға шүкір, бәрі ойдағыдай. 12 желтоқсанда Ақмолада «Абай үйін» ашамыз, соған кел. Құралай Ыдырысова мен Аманкелді Балмұқановқа сәлем айт. Облыстық әкімдікке қоңырау шалып едім, орындарынан таппадым.
– Роллан аға, сұхбаттасуға уақыт табыла ма?
– Бір күн бұрын келсең, жақсы болар еді.
Жолаушылар пойызы Ақмолаға таңғы 6-да жетті. Роллан ағаны «Интурист» қонақ үйінен таптым. Бибігүл Төлегенова мен Ермек Серкебаев кешкі пойызбен келеді екен. Мен мейманханаға орналасқан соң таңғы шәйімді ішіп болып, сұхбатқа дайындалдым.
Қалалық телефонда тыным жоқ. Алматыдан, Павлодардан, Ақмоладан соғылған қоңыраулар… Соған қарамастан сұхбатымызды бастадық.
– Роллан аға, сіз қазақ халқының мақтанышысыз. Алайда, оқырман қауым сіздің өміріңіз бен қызметіңізді жақсы білмейді. Өйткені, сіздің кітаптарыңыз Қазақстанда жарық көрмегелі көп болды…
– Менің жерлестеріме ешқандай өкпем жоқ. Қазір шығармашылықпен айналысатын зиялы қауымға өте қиын. Қағаздың тапшылығынан жазушылардың кітаптары сирек шығып жатыр. Сол үшін менің үлесімді басқа қаламгерлер алсын. Мен қарт жазушылардың басылып шыққанын қалаймын.
Бүгінгі таңда, бір есептен кітаптардың шықпай жатқаны дұрыс та шығар. Қазір мейлінше көп жазу керек. Келешекте экономикалық жағдай түзеліп, барлығы жеткілікті боларына сенімім мол. Есіңде ме, қайта құру кезеңінде осы тақырыпты жазатын, ақиқат айтатын бірде-бір жазушы болмады. Ал, Ресейде Рыбаковтың «Дети Арбата», Дудинцевтың кітабы тағы басқа қызықты кітаптар тез пайда болды. Бауыржан Момышұлының кітабы шыға ма деп күтіп едім, үмітім ақталған жоқ.
Бауыржан Момышұлы дарынды әскери қолбасшы, тамаша жазушы. Оның әскери жазбаларын біз көре алмадық, өкінішке орай бұл жанға батады.
Жасырып керегі не, біздің жүрегімізде әлі де үлкен үрей бар. Әдебиет мықты болуы үшін жақсы жазушы ғана емес, жақсы редакторлар да керек. Фолкнердің, Хемингуейдің кітаптарының жақсы редакторлары болған. Шығармашылық жұмыста, редактор басты адам. Кеңес одағы кезінде цензура болды. Бірақ, ол жазушыны сөзбен жұмыс істеуге үйретті. Қазір жазушылар сөзбен жұмыс істемейді. Соның салдарынан бізде оқылмайтын нашар кітаптар көп.
– Совет одағы кезінде соцреализм соқпағынан ешкім шықпады емес пе?
– Стильді табу мен жазуға оның бөгеті болған жоқ. Жазушы өзін-өзі редакциялады. Өйткені, цензура артық ешнәрсе жіберген жоқ, сенің төбеңнен тотолитарлық режим қарап тұрды. Біз көптеген кітаптар мен газеттерді жол арасынан оқуға мәжбүр болдық. Солай еткенде ғана автордың не айтқысы келетіндігін түсіндік.
– Балалық шақтағы жарқын әсерлеріңіз туралы айтсаңыз?
– Мен Абайдың ұрпағымын. Семейде туғаныммен, бес жасымнан Қарауылда тұрдым. Мектептегі ұстаздарым өте білімді адамдар еді. 8-ші сыныпта Алашорда жайлы, Абай, Шәкәрімнің өмірі туралы естідім. «Абай жолы» кітабындағы кейіпкерлердің ұрпақтарын өз көзіммен көрдім. Мұхтар Әуезов: «Жер – әңгімеші, жер әңгімеші болған соң, ел әңгімеші» демекші, бұл өлкенің әр түп шиі, әр түп жусаны, тау-тасы, бәрі тұнып тұрған шежіре!
Жарылыстан көз ашпаған ядролық сынақтар ше? Мен ақ қан ауруынан қаза болған қарттарды көрдім. Жұрт оның себебін білсе де, қорықаннан тіс жарып ештеңе айтпады бірақ радиацияның зардабы екенін білді. Қатерлі ісік сырқаты неге көбейіп кетті? Ал, дәрігерлер, «қазақтар ыстық шәйді көп ішеді» деп өтірік айтты. Олар жұртты алдап, иландыруға тырысты. Қазақтар өмір бойы ыстық шәй ішіп келеді, рак болған жоқ қой ешқашан. Қоғамдағы кез келген өтірік, алдау – қылмыс! Сол үшін, саясаткерлер, билік басындағылар ел-жұртқа шындықты жасырмай айтуы керек…
Біздің бүгінгі қасіретіміз – билік иелері шындық айтпайды, халықпен тікелей сөйлеспейді. Президент, Премьер-Министр, министрлер, тағы басқа лауазым иелері, мойны озық, өркениетті ел болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек. Билік пен лауазым иелері халық есебінен байымайтын болсын…
Шәкәрімнің, Алашорда ардагерлерінің шығармаларын біз оқи алмадық, тек ауызша айтылған әңгімелер арқылы білдік. Кеңес одағына қараған өзге халықтар сияқты қазақтар да тотолитарлық империяның темір құрсауында болатын.
Сегізінші, тоғызыншы сыныптарда мақсатты түрде жаза бастадым. Менің өмірге көзқарасымның қалыптастуына, жан дүниемнің жақсы әдебиетпен тәрбиеленуіне әкем көп еңбек сіңірді. Бала кезімде Джек Лондонды, Эрнест Хемингуейді, Уильям Фолкнерді көп оқыдым. Мен Джек Лондонмен есейдім. Жазушы көп көріп, көп білу қажеттігін түсіндім. Джек Лондон алтын іздеушілер арасында тұрды. Оның барлық әңгімелері сол дәуірмен, сол кездегі Американың өмірімен тығыз байланысты. Оның кейіпкерлерінің рухы күшті.
Хемингуей маған ғажап әсер етті. Мен де Хемингуей сияқты спортшы болдым. Өйткені, жақсы шығарма жазу үшін жазушыға мықты денсаулық керек. Кейде неше сағаттап ақ қағазға қарап отырсаң да ой келмейді. Төзімділікпен отыра алмайтын адам, шығармашылықпен айналыса алмайды.
Поэзия – жан дүние сыры, ал, проза – мехнаты мол, күнделікті ауыр еңбек…
Фолкнер маған адамның азаптану тереңдігін білуді үйретті. Адам жан дүниесінде тылсым көп. Ол жұмбаққа кіру өнерін мен Фолкнерден үйрендім. Лев Толстой, Чехов, Гоголь, Достоевский ұлы жазушылар. 19-ғасыр Ресей үшін алтын ғасыр болды. Үздік қалам шеберлері еуропалық, әлемдік ойды бір сатыға көтерді. Бұл кезең – адамзат рухының шарықтау кезеңі еді. Америкада, батыста, шығыста Лев Толстойды бас алмай оқыды. Қазақстанда да мұндай тұлғалар болды. Олар – хакім Абай, ғалым Шоқан Уәлиханов.
Шоқанның өскен ортасы ғажап! Омбының кадет корпусы, Санкт-Петербург. Ол осы орталарда жүріп рухани азық жинады, шығыстанушы атанды. Біз Шоқанға, қазақтың баға жетпес аңыздары мен эпостарын жинағаны үшін қарыздармыз. Қырғыздың «Манасын» алғаш жазып алған да Шоқан. Бұл түріктер үшін ғана емес, жер бетіндегі барлық халықтар үшін құнды еңбек.
– Әкеңіз туралы әңгімеңіз қатты әсер етті. Шәкен аға туралы айтасыз ба?
– Әкем балаларын еркін тәрбиеледі. Бала кезімізде біз кітапты көп оқыдық. Әкеміздің балаларына берген өсиеті – адал бол дейтін.
Мені кішкентай кезімде Ресейге ертіп апарды. Кавказ елінде болдық. Лермонтовтың үйін көргенде таң қалдым. Атақты ақынды мен Абай аудармалары арқылы білетінмін, ал, өзге өлеңдерін орыс тілінде оқығанмын.
Әкем Ұлы Отан соғысына қатысып, жаралы болып елге оралған соң Абай аудандық партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеді. Алайда, соғыс зардабынан көп науқастанды. Ол кісінің майдандағы әскери бөлімшесі Калининград түбінде тұрыпты. Ерте қайтыс болады деп ойлаған жоқпын. Жүрек сырқатынан, аяқ астынан дүние салды.
«Тоска по отцу, или когда рухнул мир» повесімде әкем туралы жаздым. Бір ғажабы, менің ұлым Дархан Калининградта әскери борышын өтеді. Бұл таң қалатын дүние. Әкем тірі болса біз оның соғысқан жерлерін аралап көрер едік. Әкем мені Калининградқа ертіп барғанда, неміс философы Иммануил Кант туралы айтты. Менің жазушы болуыма әкем көп қолдау білдірді. Мәскеуде тұрғанда отбасыма барлық жағдай жасады.
Әкемнің өлімі, мені теңселтіп кетті…

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар