Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Атбасардың іргелі білім ордасы - АРҚА АЖАРЫ

Атбасардың іргелі білім ордасы

ХХІ ғасырда елді алға бастайтын бірден-бір күш – сапалы білім екенін өмір дәлелдеп отыр. Ал, негізгі білім мектеп қабырғасында қаланатыны анық. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтың «Халықпен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім болмақ» деген сөзі өзінің өзектілігін әлі жойған жоқ. Егемендік алған тәуелсіз Қазақстанның әлемдік өркениетке жетер жолы – білім. Орта мектеп – білім жүйесінің ең басты буыны.

Орта мектепте қаланған білім негізі оқушының болашағына жол ашады. Тәуелсіздік жылдары елдің түкпір-түкпірінде ұлттық мектептер ашыла бастады. Баласын қазақ мектебіне жетектеген ата-аналар мен өз ана тілінде білім алғысы келген бүлдіршіндер шынымен Тәуелсіздік деген қасиетті ұғымды сезіндірді деуге болады.
Атбасар қаласында да 1990 жылдың күзінде осындай мектеп алғашқы шәкірттерін қабылдады. Осыған ат салысқан сол кездегі ұстаздарға ерекше алғыс айтамыз. Содан бері үздіксіз білім беріп келе жатқан білім ұясында небір майталман ұстаздар оқушыларды білім нәрімен сусындатты, қаншама шәкірттер үлкен өмірге жолдама алып, республиканың әр жерінде, тіптен алыс-жақын шетелдерде еңбек етіп жатыр.

Өзіндік орны бар білім ордасын ширек ғасыр бойы ауданға танымал азамат Сайлау Басманов одан кейінгі жылдары талай жыл оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарған Уәсила Қалиева басқарды. Сонымен қатар, Жүніс Мұқышев бір жыл басшылық жасады. Қазіргі уақытта тәжірибелі менеджер, мектеп басқару ісінде өзіндік қолтаңбасы бар Құралай Есмагамбетова басшылық жасауда. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені, мұғалім мектептің жүрегі» деп ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин айтқандай, мектеп басшысының аз уақыттың ішінде ұстаздарды ұйыстыра білген жұмыс өз нәтижесін беруде.

Мектептің ішкі жұмысын ұйымдастыруда оқу ісінің меңгерушілері Нұрилаш Жәнімхан пен Нұрсұлу Амандыққызы, директордың ғылыми жұмыстар бойынша орынбасары Мина Ескенқызы қажырлы еңбек етcе, тәрбие ісінің меңгерушісі Бақыт Серікқызы ұлттық тәрбие мен тәртіпті қатар ұстап, мектепті бағытынан жаңылдырмай келе жатқан мамандардың бірі деуге болады. Биылғы оқу жылынан бастап жас та болса, болашағы зор ұстаз Назира Серікқызы директордың ғылыми іс жөніндегі орынбасары болып тағайындалды.

Қазіргі таңда мектебімізде 54 жоғары білімді ұстаз 524 оқушыға білім мен тәрбие беріп отыр. 30 жылды артқа тастаған білім ордасының ойы озық, ізденімпаз ұстаздары білім бәсекелерінде белсенділік танытудан танған емес. Тек өткен оқу жылында ғана 4 түлегіміз мектепті «Алтын белгіге» бітірсе, барлық түлектердің 70 пайызы мемлекеттік грант иегерлері атанды. «Алтын белгі» иегерлері Сымбат Жұмабаева мен Жансая Дәуіт әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ІТ саласы бойынша, Сарбиназ Мұратова С.Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық агротехникалық университетіне кадастр және жерге орналастыру мамандығы бойынша, Ділназ Тоқышева А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетіне шет тілі мамандығы бойынша оқуға түсті.

Бұл тек өткен оқу жылындағы жұмыстарымыздың бір парасы деуге болады. Сонымен қатар, әр түрлі аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, орын алып жатқан оқушылар да бар. Солардың бірі Диас Нұртаза ХХІІ «Абай оқуларының» республикалық кезеңінде «Көңілім әнді ұғады» аталымы бойынша үшінші жүлделі орынды иеленсе, Іңкәр Сейілбек «Ұлылар әлемі» аталымы бойынша екінші орынды жеңіп алды. Оқушыларымыздың республикадан топ жарып жүлделі орын алуы тәжірибелі ұстаз, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Лида Асқарқызының тынбай еңбек етуінің нәтижесі екені анық.

Қазіргі біз өмір сүріп отырған ғасыр білектілердің емес, білімділердің ғасыры. Білімге қол созғандардың қашанда болашағы жарқын. Сол болашақты бүгіннен қалайтын білім ордамыз шәкірттерін шыңдаудан еш жалыққан емес. Жыл бойы мұғалімдер мен оқушылар әр түрлі деңгейдегі жарыстар мен байқауларға, олимпиадаларға қатысып, тынымсыз еңбек етіп жатады. Бұның барлығы оқушылардың білімі шыңдалсын, қазіргі қарыштап дамып бара жатқан заманда өз ортасынан қалып қоймасын деген мақсатта ұйымдастырылады. Әр оқу жылындағы дәстүрлі пәндік олимпиадалардың аудандық, облыстық кезеңінде жүлделі орындарды еншілеген оқушыларымыз баршылық.

Сонымен қатар, әр түрлі спорттық сайыстарда мектеп намысын қолдан бермейтін оқушылар мен дене шынықтыру пәндері мұғалімдері, күміс көмей әншілеріміз бен олардың музыкалық жетекшісі, бүлдіршіндерін балапан баптағандай, жетектеп жүріп өсіретін бастауыш сынып мұғалімдерінің еңбектері де ерекше атап өтуге тұрарлық. Білім берудің ең қиын сатысы бастауыш сыныптар екенін, білімнің негізі сонда қаланатынын ескерсек, ол кісілерге артылар жауапкершілік жүгі екі есе екені анық.

Әрине, тұтастай бір мектептің барлық тыныс-тіршілігі мен жетістігін бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес. Сондықтан, біз жоғарыда Тәуелсіздіктің құрдасы – өзіміз еңбек ететін ұлттық мектептің жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі тек бірнеше жемісті бағытын ғана сөз еттік. Өз ісінің шеберлері, білікті ұстаздарымыз тұрғанда алда бұл жұмыс одан сайын өз нәтижесін беріп, қаламыздағы іргелі білім ордасының мәртебесі артқан үстіне арта береді деген сенімдеміз.

Хұрмет Нұрдыбек,
Атбасар қаласындағы №7 қазақ орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар