Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кездесуге қатысушылардың қойған сауалдары мен облыс әкімінің қайтарған жауаптары - АРҚА АЖАРЫ

Кездесуге қатысушылардың қойған сауалдары мен облыс әкімінің қайтарған жауаптары

– Көкшетаудағы жылу электр  орталығының  құрылысы жөнінде бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Жобаның болашағы жөнінде нақты айтсаңыз?
– Облыстық бюджет есебінен жобаның техникалық құжаты жасалды. Жобаның құны 1 миллиардқа жуық АҚШ долларын құрайды. Жекеменшік инвестор есебінен ЖЭО құрылысын жүргізуге ҚР Энергетика министрлігі келісіп отыр. Бүгінгі таңда бұл жобаны жүзеге асыру бойынша міндеттеме алуға дайын инвесторлар іздестірілуде. Осы мәселемен біздің өңірге Израиль, Қытай және Германия өкілдері келді. Облыс экономикасы үшін маңызды жобаны ескеріп, облыс әкімінің орынбасары В.Балахонцев басқаратын 22 адамнан тұратын жұмыс тобы құрылды.
– Жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін  бөлу мәселесі алаңдатады. Облыста кезек үлкен.  Жер алу қиын. Бұл мәселеде қандай да бір оң өзгерістер күтуге бола ма?
– Бүгінгі таңда облыс бойынша жекеменшік тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу кезегінде 101 мыңнан астам адам тұр. Кезек Көкшетау қаласы мен Целиноград, Аршалы, Шортанды аудандарында көп. Қазір облыс бойынша 50 дайындалған алаң бар. Жақында кезекте тұрғандарға беріледі.
– Көкшетау қаласындағы Сарыарқа шағын ауданында тұрғындар саны көбейіп келеді. Осы орайда, жаңа шағын ауданда қандайда бір әлеуметтік нысандар ашыла ма?
– Бұл шағын ауданда балабақша салынды. Жақын арада 900 орындық орта мектеп құрылысының  жобалық-сметалық құжатын аламыз. Салынып жатқан үйлердің бірінде ФАП орналастыру жоспарланған. Жаңа емханада жедел жәрдем шағын станциясының ашылу мәселесі шешіледі.
– Көкшетау қаласындағы су және кәріз тазалайтын нысанның құрылысы ұзаққа созылды. Бұл жоба қашан жүзеге асырылады?
 – Нысан құрылысын аяқтау үшін 6,2 миллиард теңге қажет. Жобаның шығыны есепке алынып, Еуразия дамыту банкінен несие алу жұмыстары жүргізілуде.
 – «Оқжетпес» футбол клубының болашағынан не күтуге болады? Спорттың ойын түрлерін дамыту қажет пе?
– Спорттың жалпы түрлерімен қатар, футбол мен хоккейді міндетті түрде дамыту қажет. «Арлан» хоккей командасы жақсы нәтиже көрсетуде. «Оқжетпес» футбол командасының алдында үздік алтылыққа кіру міндеті тұр.
– Елбасы өз сөзінде зейнеткерлікке шыққан мемлекеттік қызметкер орнын жастарға беруі керектігін атап өтті. Осы мәселе бойынша сіздің пікіріңіз қандай?
– Әрине, жастарға жол ашық. Бұл жерде аға ұрпақтың жылдар бойы жинаған тәжірибесін естен шығармауымыз керек. «Мемлекеттік қызмет жөніндегі» заңда жұмыс беруші зейнетке шыққан қызметкердің бір жыл жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
– Облыс тұрғындары үшін кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында  сіздің атыңыз аталған келеңсіз мақалаларды оқу ыңғайсыздық туғызады. Олар кімдер? Неге заң алдында жауап бермейді? Сондай-ақ, бізге «Саясат Мониторинг» зерттеу тобы рейтингісінің қорытындысы да түсініксіз.
– Ақмола облысы Астананың дәл қасында болғандықтан, көптеген шенеуніктер мен кәсіпкерлердің жерге деген қызығушылықтары бар. Астананың іргесіндегі елді мекендерде пайдаланылмайтын жерлер бар. Жер сатқан алаяқтарға қылмыстық іс қозғалды. Бұл істің бастамашысы облыс әкімдігі болды. Қазір жер мәселесі тәртіпке келтірілді. Жұмыс заң аясында жүргізіледі. Бұл көбіне ұнамай, мәселені келеңсіз ақпарат арқылы шешкілері келеді. Ал, әкімдер рейтингісі өңірдің экономикалық дамуының нақты көрсеткіштерімен бағалануы тиіс.
– Степногорск қаласында бос тұрған үйлер қалпына келтіріле ме? Соңғы 7 жылда мұнда тек қана жекеменшік тұрғын үйлер салынған.
– Биылғы жылы «Степногорск – Бірыңғай есептеу орталығы» серіктестігінің қайтарылатын қаржы есебінен 9 шағын аудандағы 143 пәтерлік тұрғын үйді қалпына келтіру жұмысы басталады. Жобалық- сметалық құжаттамасын жасауға тендер жарияланды. Пәтер иелерінің келісімі бар, кондоминиум тіркелген.
– Подшипник және гидрометаллургиялық зауыттары жұмысының келешегінен не күтуге болады?
– Подшипник зауытына «ЕПК-Мәскеу» зауыты подшипниктерінің номенклатуралары ауыстырылуда. Бүгінгі таңда кәсіпорын подшипниктердің 162 түрін шығарады. 2014-2015 жылдары жаңа номенклатуралардағы подшипниктің 84 түрі игерілді. Ағымдағы жылы 49 түрі игерілмек. Бұнымен қатар Степногорск зауытында «ТИМКЕН» компаниясының бірлескен подшипниктер өндірісін орналастыру мәселесі шешілуде. Тау-кен химиялық комбинаты мен гидрометаллургиялық зауытының жұмысын жандандыру мақсатында өткен жылдан бастап «Қызылту» кен орнында руда өңдеу жобасы жүзеге асырылуда.

 

–  БАҚ-тың қайсысына сенім артасыз?
  – Шынын айтсам, мемлекеттік БАҚ-тарға сенім артамын. Ал, жекеменшік БАҚ біреулердің тапсырысын орындауы мүмкін.
  – Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы қандай жұмыстар жүргізілуде?
  – Бұл бағытта «Өңірлік мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» серіктестігі құрылды. Бізде 24,5 миллиард теңгенің 52 жобасы бар. Облыс орталығындағы ЖЭО құрылысы бойынша инвес-торлармен, жуырда Қосшы ауылындағы 250 орындық емхана мен
№ 2 облыстық аурухананың кардиология бөлімі үшін жаңа ғимараттың құрылысы мәселесі бойынша қазақстандық инвесторлармен кездесулер өткізілді. Бұл жұмыс тұрақты бақылауда тұр.
   – Сіз балалар үйінен балалар тәрбиелеп алды деп естідім. Егер шын болса, олардың тағдыры жөнінде айтсаңыз.
  – Ия, мен Қостанай облысының әкімі болып жүргенімде Алена мен Диана есімді қыздарды тәрбиелеуге алдым. Қазір біреуі Ресейдің кедендік академиясында оқиды. Екіншісі Қостанай қаласында тұрады. Тұрмысқа шыққан, кішкентайымен үйде отыр.
  – Бүгінгі таңда жетім балалардың тұрғын үй алу кезегі қандай жағдайда?
    – Бұл бағытта жетім балаларға Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен бірге басымдық берілген. Соңғы 5 жылда жетім балаларға мемлекеттік тұрғын үй қорынан 170 пәтер бөлінді.  Әлі де 1758 адам кезекте тұр. Үйлер пайдалануға берілгенде жетім балаларға пәтерлер бөлінеді.
– Барлық ірі тендерлерді өзге облыстардың мердігерлері ұтады. Жергілікті кәсіпорындар конкурс кезінде қандай артықшылыққа ие?
– Мен де жобаларды біздің ұйымдардың жүзеге асырғанын қалаймын. Бірақ, заңның аты заң. Өндірістік базалары мықты, білікті мамандары бар мердігерлер ұтады.
– Бюджеттен білім және денсаулық сақтау салаларын дамытуға қомақты қаржы бөлінеді. Әлеуметтік саланы дамытуға шаруашылық субъектілері қатыса ма?
– Бұл бағытта облыстың шаруашылық субъектілері шет қалмауда. Олар жыл сайын білім мекемелеріне демеушілік көмек көрсетеді. Өткен жылы 132 шаруашылық субъектісі білім саласын дамытуға 500 миллион теңгенің қолдауын көрсетті.
– Өзен мұзын жару жұмыстарына қаржы бөліне ме?
– Ағымдағы жылы төтенше жағдайлар жөніндегі департаментке облыстық бюджеттен өзен мұзын жару үшін 12,8 миллион теңге, мұз кептелісін болдырмау үшін 12 миллион теңге қаржы бөлінді.
Облыстағы 11 ауданда жару жұмыстары жүргізілетін 16 мың шаршы метр жер аумағы анықталды.
– Мемлекет басшысы жаңа бастамаларға қаржы бөлуге мораторий жариялаған болатын. Менің түсінігім бойынша мектеп, балабақша, аурухана және емхана құрылысы тоқтатылды. Бірақ, біз күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы әлеуметік нысандардың жағдайын жақсарта аламыз. Биылғы жылы осы бағытта қандай жоспар бар?
– Расында да, біз мораторий кезінде күрделі жөндеу жұмыстарын жандандыруымыз керек. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы –2020» бағдарламасы аясында  әлеуметтік саланың 29 нысанына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған қоса республикалық бюджеттен 21 нысанға 1,3 миллиард  теңге бөлу мәселесі қарастырылуда.
– Жас басшыларға қалай қарайсыз?
– Оң қараймын. Жас басшылар – бұл алдымен батылдық, жауапкершілік және ондаған тың идея. Біздің облысымызда да аудандар мен қалалардың жас әкімдері, басқармаларда қызмет істейтін жас  басшылар бар.
– Көктемгі дала жұмыстарына «Есіл» ӘКК арқылы несиеге қаржы бөлу көзделген бе?
– Иә. Өткен жылдағыдай көктемгі дала жұмыстарына және күзгі егін орағын ойдағыдай өткізу үшін несиеге қаржы бөлінеді. Мәселен, 2015 жылы осы мақсатта 5,1 миллиард теңге бөлінсе, биыл 5 миллиард теңге қарастырылған.
– Кезінде өзіңіз бастаған игі істің бірі – «Агрореммаш» мәдениет үйін қалпына келтіру мүмкіндігі бар ма?
– Иә. Бурабай ауданына жұмыс сапарым барысында аталған мәдениет үйін қалпына келтіру жөнінде тапсырма берілді. Өткен жылы нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген болатын. Ақпан айының соңында мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті. Жобаның құны 1 миллиард теңгені құрайды.
– Халық саны жылдан жылға артып келе жатқан, 75 мың тұрғыны бар Бурабай ауданында жаңа емхана салу жоспарланған ба?
– Бір ауысымда 250 келушіні қабылдайтын аудандық емхана құрылысын  жүргізу үшін 0,97 гектар жер телімі белгіленді. Жалпы, емхананың құрылысына 1,6 миллиард теңге қажет.
– Егіндікөл ауданы жастарының атынан тұрғын үй құрылысы жөнінде білейін деп едім.
– Аудандарыңызда инженерлік коммуникациясы қарастырылған 2 пәтерлі үш тұрғын үйдің дайын құжаттамасы бар. Алайда мұндай үйлерді салу қаржы жағынан тиімсіз. Сол себепті Оразақ ауылында салынған үйлерді үлгіге алып баспана салу қарастырылуда.
– Еңбекшілдер ауданының тұрғыны ретінде мені «Богви» серіктестігінің қордаланып қалған қарызы алаңдатады?
– «Богви» серіктестігінің құрамына кіретін 4 серіктестік банкрот деп танылды. Қазіргі кезде бұл мәселе біртіндеп заң аясында шешілуде. Ол әкімдіктің бақылауында.
– Заозерное ауылындағы «Көкше-цемент» серіктестігінің цемент зауыты қашан пайдалануға беріледі?
– Индустрияландыру картасы аясында қолға алынған зауыттың құрылысы қазіргі кезде аяқталу үстінде. Нысанды 2016 жылдың тамыз айында іске қосу жоспарланып отыр.
– Бізді Есіл және Державинск қаласына көшірілген Калачи тұрғындарын жаңа баспаналарын жекешелендіру мәселесі толғандырады.
– Калачи мен Красногорск мәселесі бізге таныс. Көшірілген адамдардың баспанасын жекешелендіруге рұқсат алу жөнінде ҚР Парламенті Сенаты және Үкіметке хат жолданды. Қазіргі кезде бұл мәселе қаралып жатыр.
– Есіл қаласындағы  жылу қазандығының құрылысы да алаңдатып отыр.
– Сіздерге бірден айта кетейін. Қазандықтың құрылысына бөлінген ақша кейін қайтарылмайды. Тендер өткізу кезінде біраз қиындықтар болады. Бірақ, оны заңнама аясында шештік. Сол себепті нысан салынады деп толық сеніммен айта аламын.  
– Сіз өңірлерге жиі барып, халықпен кездесулер, жеке мәселелері бойынша қоғамдық қабылдаулар өткізесіз. Осы дәстүрді жалғастырасыз ба?
– Өткен жылы аудандарға жұмыс сапарымен 143 рет бардым. Оның ішінде 60 адамды жеке мәселесі бойынша қабылдадым. Осы тәжірибемді одан әрі жалғастыратын боламын.
– Облысымызда құрылыс жұмыстары созылып кеткен
немесе тоқтап тұрған мектептер бар ма?
– Иә, облысымызда бірқатар мектептердің құрылысы тоқтап қалды. Атап айтар болсақ, Целиноград ауданында 3 мектеп, Еңбекшілдер мен Ерейментауда бір-бір мектептен. Целиноград ауданындағы 96 разъезд мектебі бойынша әлі де сот тергеуі жүргізілуде. Тайтөбе ауылындағы мектеп құрылысын жалғастыруға облыстық бюджеттен 30 миллион теңге бөлініп, қалған 88 миллион теңгені бөлу үшін Білім министрлігіне сұраным жолданды. Ерейментау қаласындағы мектеп құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 90 миллион теңге бөлінді. Мақпал ауылындағы мектеп бойынша көркейту жұмыстары ғана қалды.
– Зеренді селосындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы орта мектепте 280 оқушы оқиды, алайда, білім ғимаратында акт залы қарастырылмаған.
– Бұл жағдайды жақсы білемін, ол үшін ең алдымен жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу қажет. Бұл шараға аудандық бюджеттен 6 миллион теңге бөлінді.
– Өз баяндамаңызда Целиноград ауданындағы Қоянды селосында жер телімдерін өз беттерімен басып алу фактісі жайлы айттыңыз.Аталмыш елді мекенде бұл жағдай қайталанды ма? Осыған жол бермеу үшін қандай шаралар қабылдануда?
– Қоянды ауылында мұндай фактілер қайталанған жоқ. Мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында селолық округ әкімдігінің мамандары ішкі істер органының қызметкерлерімен бірлесе отырып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты тұрақты жүргізуде.
– Астана қаласына құм, қиыршық тас тасымалдайтын ауыр жүк машиналары аудандағы жолымызды бүлдіріп болды.
–  Мен де сіздер сияқты карьерлерге қатысты жағдайға алаңдаулымын. Сондықтан да, менің тапсырмам бойынша пайдалы кенді заңсыз өндіру фактілерін анықтау жөніндегі жұмыс топтары құрылды. Олардың құрамына мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері енгізілді.
– Целиноград ауданына қарасты Фарфоровый селосының бүгінгі таңдағы хал-ахуалы қалай?
– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сумен және жылумен қамтамасыз ету жүйесін кезең-кезеңмен қалпына келтіру мәселесі қарастырылуда. Биылғы жылы суды тазартатын блок-модуль орнатылып, иесіз қалған жылумен қамтамасыз ету желілері есепке қойылады.
– Су тасқынынан зардап шеккен Оразақ ауылының тұрғындары Ақмолдағы пәтер бөлу мәселесіне көңілдері толмай отыр.
– Ақмолдағы тұрғын үй бөлу мәселесіне келетін болсақ, Оразақ ауылының кейбір тұрғындары бөлінген пәтерлерге көңілдері толмау жағдайы орын алғаны рас. Мені бір қынжылтатыны, су тасқыны болмаса, аталмыш селоның тұрғындары Оразақ ауылында тұра берер еді. Алайда, Ақмолда пәтер бөліне бастаған сәтте, олар баспананы аудан орталығынан берілулерін талап етті. Пәтерлерді бөлумен арнайы құрылған комиссия айналысты. Сондықтан, бәрі дұрыс болды деген ойдамын.
– Қазіргі уақытта Ақкөл балалар үйінің күрделі жөндеуден өткізіліп жатқанын білеміз. Облысымыздағы басқа да балалар үйі мен медициналық-әлеуметтік мекемелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар ма?
– Балалар мен қарттарға, еңбекке жарамсыз адамдарға көрсетілетін әлеуметтік қызмет түрлерін дамытуға облысымызда жыл санап айрықша көңіл бөлініп келеді. Биыл Ақкөлдегі балалар үйін жөндеуді аяқтаймыз. Одан әрі  2017 жылы Сандықтау, 2018 жылы Есіл, 2019 жылы Урюпинка балалар үйлері қайта жаңартылады.
«Арқа ажарының» тілшілер тобы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар