Ыбырай Алтынсариннің педагогикалық мұрасы

Көрнекті ағартушы, педагог-жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсарин 1841 жылы 2 қарашада қазіргі Қостанай облысы Қостанай ауданында дүниеге келген. 1889 жылы 30 шілдеде қайтыс болған 48 жыл ғұмырында туған халқының жоқ-жітігін түгендеген ұлт ұстазы ретінде танылған Ыбырай әкесі Алтынсары ерте қайтыс болғандықтан, атасы Балғожа бидің тәрбиесінде өскен. 1850 жылы Орынбор қаласында қазақ балалары үшін ашылған жеті жылдық мектепті бітіргеннен кейін кіші тілмаштық қызметте болады.

Кейін Торғайда қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашады. Осыдан кейін ұлы ұстаздың ағартушылық-педагогикалық қызметі басталады. Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде орыс-қазақ мектептерін ашты, одан кейін облыстық бастауыш мектептер ашу ісіне кірісті. Қолөнер училищелерін ашуға көп күш жұмсады. Оқу-әдістемелік құралдар жазып, қазақ балаларын білім мен ғылымға жетеледі. Көрнекті ұстаздың көптеген әңгімелері мен өлеңдері осы күні де өзектілігін жоймай келеді. Оның қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырған еңбегі де ұшан-теңіз.

ХІХ ғасырда Торғай жерінде дүниеге келген және қазақ халқының тарихына жарқын ісімен енген талантты педагог, ағартушы-ұстаз, дарынды жазушы, көрнекті қайраткер Ыбырай Алтынсариннің есімі білім іздеген әрбір қазақ баласына таныс. Ы.Алтынсарин бүкіл өмірі мен күш-жігерін қазақ халқын рухани ағартуға арнады. «Бір Аллаға сыйынып, Кел, балалар, оқылық», «Өнер-білім бар жұрттар» атты әйгілі өлеңдері жастарды білімге, мәдениет пен өркениетті ұстануға шақырды және осы жолда Ыбырайдың өзі үлкен жұмыс жасады. Ыбырайдың жазушылық қызметінің оқу және өнер-білім саласымен тікелей сабақтасуы да осында жатса керек. Оның басты мақсаты ақындық шабытпен жігерленіп, жазушылық қиялына қанат бітіре отырып, қара халықтың көзін ашу, ұлтымызды озық мәдени елдерге таныту болды.

Ы.Алтынсарин халық ағарту саласында қандай елеулі орын алса, әдебиет пен мәдениет тарихында да осындай жоғары орынға ие. Біз ақынды қазақ жазба әдебиеті мен тілінің негізін қалаушылардың бірі деп танимыз. Ол қазақ әдебиетіне жаңа серпін беріп, жаңа жанрларды енгізді. Оның терең ойлы шығармалары, мағыналы да тағылымды өлеңдері, аңыз әңгімелерінің бүгінгі заман жастары үшін тәрбиелік мәні зор болары сөзсіз.

Ағартушы ұстаз қазақ балаларына арналған мектепті ашумен бірге онда жұмыс істейтін, балаларды оқытатын және тәрбиелейтін кадрларға үлкен мән берді. Ол мектептегі ең басты тұлға мұғалім деп санады. «Жақсы салынған мектеп ғимараты мен керемет жазылған оқу құралдарын осы жерден табуға болады. Бірақ олар жақсы мұғалімсіз көп нәрсе бермейді» деп мұғалімнің қызметін жоғары бағалады.

Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық еңбегіне жаңа баға беру, оның қазақ руханиятындағы рөлін анықтау және шығармашылығының мәңгі өмір сүруін қамтамасыз ету бүгінгі ұрпақтың басты міндеттерінің бірі. Биыл ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл толуына орай, «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ «Педагогикалық шеберлік орталығы» Facebook әлеуметтік желісінде Ы.Алтынсариннің педагогикалық шеберлігі туралы «Шамшырақ» онлайн алаңын іске қосты. Ол Назарбаев зияткерлік мектептері мен Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектеп педагогтары арасында «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі иелерінің үздік педагогикалық тәжірибесін таратуға арналған. «Шамшырақ» онлайн алаңы шеберлік сынып, ашық сабақ, дәрістер, педагогтердің зерттеулері, үздік жобалар мен пікірталас сынды бірегей білім беру контентін ұсынады. Бұл парақшада әр педагог пікір қалдырып, сұрақтар қойып, кері байланысқа шыға алады. Сондай-ақ, онлайн алаңда педагогтың оқыту тәжірибесін дамыту, кәсіби тұрғыдан жетілуіне арналған әртүрлі бағыттағы подкастар орналастырылған.

Ыбырай Алтынсариннің өнегелі өмірі мен өресі биік таланты жайлы құнды деректерді де содан білуге болады. Ұлт ұстазының еңбектері мен хаттары ұлы ғалымға жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.

Гүлмира ПАЗЫЛОВА,
Айгүл МУСИНА,
Көкшетау қаласындағы педагогикалық шеберлік
орталығының аға менеджер-тренерлері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар