Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мерейтойлық концерттің қуанышты нақышы - АРҚА АЖАРЫ

Мерейтойлық концерттің қуанышты нақышы

Жақында Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының 75 жылдық мерейтойлық концерті болып өтті.

Осы өнер ұжымына қарасты мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатысуымен өткен концертте филармонияның Кенжебек Күмісбеков атындағы қазақ халық-аспаптар оркестрінің шоқтығы да биік болды. Мерейтойлық кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айтқали Жайымов, Светлана Айтбаева, мәдениет қайраткері Нұрлан Бекенов, дирижерлер, «Құрмет» орденінің иегері Тұрлығожа Базаров, Жанат Рашит сияқты бір топ белгілі өнер адамдары қатысты.
Көктем әнін айтады ерке гүлмен,
Көңіл-күйін саз қылып шерте білген.
Көкшетаудың аспаны ән боп шалқып,
Көкжиегі күйменен көмкерілген.

Шырқайықшы бір әнді, кел екеуміз,
Көкше деген ән-думан ел екенбіз.
75 жыл бөледік ән мен күйге,
Құтты болсын айтулы мерекеміз, – деп көңіл-күйін құйқылжытқан концерт барысында Үкілі Ыбырайдың «Шалқыма», Айтқали Жайымовтың «Думанды ел» әндері әнші Сәрсенбай Хасеновтың орындауында шырқалса, белгілі дирижер Тұрлығожа Базаров жетекшілік еткен оркестрдің сүйемелдеуімен «Қайран, елім» әні де Аягөз Қалмағанбетованың орындауында әсерлі шықты. «Жас өмір», тағы басқа да әндер, оркестр орындаған халық композиторларының шығармалары да көпшілік көңілінен шығып жатты.

Концерттің соңына таман арнайы шақырылған кеш қонағы, халқымыздың біртуар, ақиық әншісі Димаштай ұлды өмірге әкелген, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева Ахмет Жұбановтың «Қайдасың» әні мен халық әні «Ақтамақты» шырқады. Бұл өнер иесіне гүл шоқтары тарту етіліп, зор құрмет көрсетілді. Сөз ретіне қарай айта кетсек, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясы – республикамызға кеңінен танымал өнер ордасы. Қазақ халқы мен Ақмола, Көкше өңірлерінің кәсіби және дәстүрлі музыкалық өнерін еліміздің барлық аймағы мен шетелдерге дейін насихаттап, дәріптеп жүрген үлкен шығармашылық ұжымға алда да зор табыс тілейтініміз анық.

Музыка тілі – әлемнің тілі. Бұл айнымас ақиқат. Жан дүниеңді жадыратып, жүрегіңді жалындатып, өн бойыңа нұр құятын таңғажайып күштің бірі өнер десек, біздің кәсіби шығармашылық ұжымдарымыздың орындауындағы музыкалық шығармалар, би композициялары мен әндер әлем классикасы мен дәстүрлі халық музыкасының жауһарлары, өлмес туындылары болып табылады және көрермендер жүрегінен әрдайым өз орнын алып келеді. Осы ретте, біздің облыстық филармония да әрқашан өзінің жоғары деңгейін сақтауға тырысады. Биыл еліміздің өз тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толып отыр. Сол ерекше оқиғаны да паш еткен концерт жуырда ғана өмірден өткен әйгілі әнші-композиторымыз Ескендір Хасанғалиевтың көрнекті ақын Қадыр Мырзалиевтың сөзіне жазылған «Атамекен» әнімен аяқталды. Сөйтіп, туған ел, Отан, осындай салиқалы өнер ұжымы үшін шаттанған тыңдарман қауымның кеудесін мақтаныш сезімі кернеді.

Қарлығаш ҚАРПЫҚБАЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар