Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бюджет қаржысы дұрыс жұмсалуы керек - АРҚА АЖАРЫ

Бюджет қаржысы дұрыс жұмсалуы керек

Ақмола облысы бойынша тексеру комиссиясы әрдайым өз қызметінің басты мақсаты қаржы тәртібін бұзушылықтың алдын алу, бюджет қаржысын мақсатсыз және тиімсіз пайдалануға жол бермеу деп түсінеді. 2015 жылы да жұмысымыздың негізгі мәні осы болды.

Әрине, бюджет қаржысын және мемлекет активтерін талан-таражға салу мен негізсіз пайдаланудың жекелеген фактілері де  кездес-
пей қоймады. Сонымен бірге, аудандар мен қалалардың бюджеттерінің орындалуына жыл сайын баға  беріп отыру сөз жоқ, қаржы тәртібін бұзушылықтың алдын алуға ықпал етіп, бюджетке тиімсіз шығындарды енгізу тәуекелін айтарлықтай азайтады.
Мемлекет пен қоғамға неғұрлым «ауыр» шығын әкелген заң бұзушылықтар техникалық және кәсіптік білім беру нысандарының 2013-2014 жылдардағы қызметін тексеру барысында орын алды.
Айталық, «Зеренді ауданының Шағалалы селосындағы Агробизнес колледжі» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнының бас бухгалтері 2014 жылы екі рет 2,8 миллион теңгеден астам бюджет сомасын бас пайдасына жаратуға жол берген. Ол мұны банк есебінен ақшаны алып, мекеме кассасына енгізбеу арқылы жүзеге асырған. Бұған қоса, аталған мекемеде дәлелді құжаттарсыз 2,2 миллион теңгенің  қолма-қол ақшасын есептен шығару фактісі де анықталды.
Ал, «Көкшетау қаласындағы №1 құрылыс-техникалық колледжі» қазыналық кәсіпорнында 1480 дана мөлшеріндегі қатаң есептегі бланкілерді (дипломдарды)  есепке алмау, сондай-ақ, 448,0 мың теңгенің бланкілерін негізсіз есептен шығару  фактілері мәлім болды.
Көкшетау қаласындағы кешенді тексерістің қорытындылары бойынша «Балалар шығармашылығы мен тәрбие орталығы» мемлекеттік коммуналдық-қазыналық кәсіпорнында тиісті жолдамалары жоқ, әрі есепте тұрмайтын 25 баладан шағын орталықта болғаны үшін ақы алу фактісі анықталды. Сонымен бірге, тексерген сәтте тағам өнімдерін есептен шығару осы тексеріс барысында  жоқ болған балалардың саны бойынша жүзеге асырылғаны белгілі болды.
«Көкшетау қаласының білім бөлімі» мекемесінде белгіленген нормативтерден тыс бір жеңіл машинаны артық ұстау, оған жанар-жағармайды есептен шығарып отыру және жүргізуші ұстау  фактісі орын алды.  Мекемеде дебиторлық және кредиторлық қарыздар толық көлемде көрсетілмегендіктен, мұның өзі қаржы және бюджет есептерінің дұрыс берілмеуіне әкеліп соққан.
Көкшетау қаласы әкімдігі жанындағы «Арман» №1 балабақшасы» МКҚК-сында  мекеменің жобалық қуатынан бала санының асып түскені анықталды. Осының салдарынан мектеп жасына дейінгі балалар топтарының жасақталуы нормадан артық екені, ал, мұның өзі балалар мен жасөспірімдерге тәрбие және білім беру нысандарына қойылатын санитарлық ережелер мен талаптарды бұзу болып табылатындығы белгілі болды. Бұған қоса, мекемеде ақылы қызмет түрлерін көрсетуден түскен қаржы жол жүру билеттерін, кабинетке шкафтар сатып алуға, тағы басқа осындай қажеттерге жұмсалған. Ал, бұл ақшалай қаражаттың мақсатсыз пайдалануына әкеліп соққан.  
Сол сияқты, Көкшетау қаласы білім бөлімінің «Жұлдыз» №2 балабақшасы» МКҚК-сында  да ата-аналардың төлеген ақысынан түскен қаражатты мақсатсыз пайдалану, атап айтқанда, онымен мекеменің ағымдағы шығындарын жабу фактісі анықталды. Сонымен бірге, мұнда балаларды тамақтандырудың тиісті нормалары сақталмайды. Мәселен, белгіленген нормадан тыс 15,7 мың теңгенің 7,5 килограмм мөлшеріндегі семга балығы есептен шығарылған. Әрі 11,9 мың теңгенің 16 килограмм еті нормадан кем берілген.
Көкшетау қаласы әкімдігінің жанындағы «Алтын бала» №10 балабақшасы»  МКҚК-сында  да балаларды тамақтандырудың нормаларын сақтамау фактісі мәлім болды.  Осының салдарынан тексерілген кезең ішінде балаларға барлығы 1 357,4 мың теңгенің тағам өнімдері, соның ішінде, ет, нан, ірімшік, балық, сыр, басқа да тағамдар кем берілген. Осыған ұқсас жағдай «Нұрай» №6 балабақшасы» МКҚК-сында  да орын алғаны анықталды. Мұнда да 64,2 мың теңгенің тағам өнімдерін, соның ішінде, ет, сары май, сыр, сүт тағамдарын балалардың аузынан жырып отырған.  
2015 жылы тексеру комиссиясының ұсынысы бойынша 147 қызметкер өздерінің біліктіліктерін арттырды. Ал, 2014 жылы 204 адам осылай өз білімдерін көтерген болатын. Сондай    -ақ, өткен жылы тексерістердің қорытындысында анықталған кемшіліктер үшін 306 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
2015 жылы облыс өңірлерінде азаматтарды қабылдаулардың жүргізілгенін де атап өтуіміз керек. Барлық арыз-шағым, өтініш-тілектер бойынша  тиісті түсініктемелер беріліп, оң шешімдер шығарылуына қол жеткізілді. Кешенді бақылау шараларының барысында Астрахан, Шортанды және тағы басқа аудандарда «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалдарының қоғамдық қабылдауларында азаматтарды қабылдау жүргізілді. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары қызметін үйлестіру мақсатында осы салаларда құқық қолданушылық  тәжірибені қарастыру, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың стандарттарын сақтау үшін үйлестіру кеңесі құрылды.
Мемлекеттік қаржылық бақылаудың отандық жүйесі саласында қабылданған нормативтік-құқықтық актілер, оны мемлекеттік аудит стандарттарына көшу барысында жетілдіру Қазақстанда қаржылық бақылау жұмысын тұтас бір жүйе ретінде қамтамасыз етуге және мемлекеттік қаржы ресурстарын басқаруды жаңа сапалы деңгейге көтеруге жағдай жасайтыны анық.
Бүгінгі таңда сыртқы мемлекеттік аудит органы ретінде тексеру комиссиясы жергілікті атқарушы билік  органдары жұмысының тиімділігін ғана емес, сонымен бірге, аумақтарды дамыту бағдарламаларын іске асырудың  табыстылығын дұрыс бағалауға мүмкіндік беретін өлшемдерді қарастыруда. Бұл тұрғыда біз жергілікті атқарушы және өкілетті органдармен тығыз байланыста жұмыс істеудеміз. Біздің жұмысымыздың табысты болуы анықталған кемшіліктердің мәні мен себеп-салдарын түсіндіру, оларды шешу жөнінде нақты ұсыныстар беру арқылы мемлекет пен қоғам арасындағы қатынастың неғұрлым ашық болуына жол ашады деп сенеміз.

Мереке МҰСТАФИН,
Ақмола облысы бойынша
тексеру  комиссиясының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар