Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елбасының Абайды асқақтатуы - АРҚА АЖАРЫ

Елбасының Абайды асқақтатуы

Қазақ елі тәуелсіздік алған сәттен бүгінге дейінгі кезеңде «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» қазақ даналығын әлемдік биікке көтерген хакім Абайдың есімін асқақтатуда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерекше орасан.

Шындығында, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы жеке тұлға ретінде және жаһандық саясат сардарларының бірегейі ретінде Абайдың бай мұрасына құрметпен қарап, оның есімін әлемге танытуға ерекше күш салды. Елбасы биік деңгейлі жиындарда, форумдарда, құрылтайда, съездерде, үлкен кездесулерде сөйлеген сөздерінде Абайдың атын атап, оның даналық сөздерін мысалға келтіріп отырды.

Алматы қаласында 1992 жылдың 30 қыркүйегінде өткен Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абайдың атын үш рет атайды әрі әлем қазақтарына қаратып айтқан салиқалы сөзін қорытындылаған кезде де Абайдың сөзін келтіріп өтеді: «Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз. Ол үшін әрбір азамат еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халықтарымыздың жарастығын аман сақтай білу қаншалықты үлкен тарихи жауапкершілік екенін жан-тәнімен сезінуі керек. Бұл жауапкершілікті мен республика Президенті ретінде де, қазақ халқының бір перзенті ретінде де толық сезінемін деп сіздерді сендіремін! Халқымызда «Бөлінгенді бөрі жейді» деген мақал бар. Осы уақытқа дейін бөлінгеннен, жіктеліп, жіліктенгеннен көрген зияннан басқа пайдамыз жоқ. Біз дүниежүзі қазағын Алматыға әділетсіздікті де, қасіретті де, қуғын-сүргінді де көп көрген халықтың енді басы қосылса екен деп жинап отырмыз. «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең істің бәрі бос», деп Абай айтқандай, басымыздың қосылатын, ұлттық ой-сананың биіктеп, тұтасатын мезгілі жетті. Ұлы Абай айтқан өзге міндерімізден де арылатын, әсіресе ежелден қалмай, жанымызды жеп келе жатқан күншілдікті, бақастықты, жел сөзге ерушілдікті, енжарлықты қоятын кезіміз жетті. Өзіне өзі сын көзбен қарамайтын халық болашағына көп үміт арта алмайды. Біз бойымыздағы озығымыздан үйреніп, тозығымыздан жирене білсек қана өркениетті мемлекет, еңселі ел боламыз».

Елбасы үлкен таныммен Абайдан мысал келтіре отырып, халқын елдік жолына шақырған. Бұл тәуелсіздіктің таңы енді атқан шақ еді.

Елбасы хакім Абайды асқақтатуын бір сәт толастатпады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1993 жылы 4 мамыр күні Абай атындағы Алматы қалалық қорының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, хакім Абайдың туғанына 150 жыл толуына орай өтетін мерекелік іс-шаралар үлкен мәдени оқиға ғана емес, Қазақстан егемендігінің қалыптасуына, әлемдік аренада оның беделінің артуына жәрдемдесетінін атап айтты. Н.Назарбаев Қазақстанның ЮНЕСКО-ға 1995 жылы дүниежүзілік Абай жылын өткізу туралы ұсыныс жасағанын жақсы хабар ретінде айта келіп, шетелде басылған кітаптарына қаламақы ретінде алған 100 мың доллар мөлшеріндегі алғашқы жарнасын Абай атындағы қорға салып, осы қаражат Абай шығармаларының ағылшын тіліндегі аудармаларын дайындауға бағытталатын болсын деген тілек білдірген.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы жылы қыркүйек айында Алматы қаласында өз жұмысын бастаған ІІ Халықаралық түркі поэзиясының фестиваліне жолдаған құттықтауында осы іс-шараның хакім Абайға арналып отырғанын ерекше атап өтеді: «Бұл фестивальдың егеменді Қазақстан үшін маңызы айрықша. Ол алда болатын ұлы ақын әрі шығыстың ойшылы Абайдың 150 жылдығына арналған. Фестиваль қазақ әдебиеті данасының шығармаларын шетел тіліне аудару жұмысына жаңа қарқын береді деген үміттеміз. Осы кездесу бауырлас халықтардың рухани бірігуінің жақсы дәстүрін қалпына келтіруге әсерін тигізеді деп сенемін».

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің таңы атқан жылдардың өзінде Абай шығармаларын ағылшын тіліне аударту арқылы әлемге, сонымен қатар арнайы фестиваль ұйымдастырып, түркі дүниесіне танытуды ойластырған терең мақсатты шешімтал қарекеттерінен айқын көрінеді.

Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай 1995 жыл Абай жылы болып жарияланған.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЮНЕСКО-ға Абайдың 150 жылдығын әлемдік деңгейде атап өтуге ұсыныс жасады және ол ұсыныс, жаһандық беделді ұйымнан қолдау тапты. Сөйтіп тәуелсіз Қазақ еліне хакім Абайды әлемге танытуға мүмкіндік туды.

1995 жылдың 9 тамызында Нұрсұлтан Назарбаев Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына арналған мәжіліске қатысып, көлемді баяндама оқыды. Бүгінде осы оқылған баяндама «Абай туралы сөз» деген атпен абайтану ғылымының тарихына енді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінде нақылға айналған «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті» деген терең ойы осы салтанатты жиындағы баяндамасында айтылған болатын.

Хакім Абайға арналған мерейтой Шыңғыстау баурайында жалғасын тапты. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 11 тамыз күні Жидебай шатқалындағы Абай және Шәкәрім кесенелерінің салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеп, өзі ашты: «Қымбатты достар! Біз бүгін ақынға тағзым жасап, аруаққа табына келдік. Демек алдына айқын жол сілтеп, артына адастырмас жол тастап кеткен рухани пірімізді марапаттап, мадақтау үшін емес, оның көрсетіп кеткен өсиетін қайткенде ойдағыдай жүзеге асыра алатындығымыз жайында қабырғалы қауым болып ақылдасуға келдік. Әділет бар жерде ғана теңдік болатынын, бірақ теңдік дегенде шүлен үлестіру емес, әркімнің еңбегі мен ыждаһатына, білімі мен талантына лайық алар ырзық несібесі екенін Абайдың өлеңдері мен қарасөздерін байыптап оқыған адам айқын аңғарар. Абай адамдар мен халықтар арасындағы татулықты дәріптеді. Тек татулық бар жерде ғана әділет болмақшы. Сондықтан да Абай адамзатты әділетке шақырып, өз қандастарын өзгелермен қатар тұра алатындай өнер-білімге, еңбексүйгіштік пен ыждаһатқа үндеді».

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1996 жылы жыр алыбы Жамбылдың туғанына 150 жыл толған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде Ұлы даланың қос алыбын бөле жармай хакім Абайды да атап өтеді: «Жәкең сынды алыпты терең ұғыну үшін өткен жылы ғана 150 жылдығы тойланып өткен халқымыздың кемеңгер ойшылы Абай дәуіріне тағы да көз салып, тіпті одан арғы замандарды да зерделеу қажет. Өйткені Абай жаңа қалып пен соны пішін, жаңа мазмұн мен ізденімпаз, өршіл рухы арқылы қазақ жазба әдебиетінің негізін қаласа, Жамбыл Жабаев санғасырлық ақпа-төкпе суырып салма ақындық өнердің, жыраулық дәстүрдің көшін ілгері апарып, осы заманға жеткізген және небір тарихи ұлы өзгерістерді сол үрдістен алшақ кетпей-ақ жырлай білген заңғар құбылыс екені мәлім».

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елі тәуелсіздік алған жылдары хакім Абайды бір сәт назардан тыс қалдырмай құрмет көрсетіп отырған. 1998 жылы жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болғанда Жидебай қонысындағы Абай мен Шәкәрім кесенесіне арнайы барған еді. «Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін» өз көзімен тағы бір көріп, қолдау жасап, назарында ұстады.

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1999 жылы Қазақстанның бизнес-элитасы өкілдеріне баспа бетінде Үндеуін жариялады. Осы Үндеуде хакім Абайды құрметпен атап өткен: «Әлем жаңа мыңжылдық қарсаңында тұр. Ғаламшарымыздың барлық елдері, халықтары қорытындыларын шығарып, келешекке жоспарларын құруда. Жаңа дәуірдің қандай болары әрқайсымызға байланысты болмақ. Отандастарымды шынайы бейбітсүйгіштігі, қамқорлығы, жақын адамына көмекке келуге даяр тұруы басқалардан ерекшелендіріп тұратыны үшін мен бақыттымын. Біздің қоғам ұлы Абайдың адамдар бірлікті қастерлеп сақтау және оны бағалау қажет деген нақылымен өмір сүреді», деп, тәуелсіздіктің тірегі бірлік екенін данышпан Абайды мысалға келтіріп айтқан болатын.

Сондай-ақ 1999 жылдың 29 қыркүйегінде Астана қаласында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан мәдениеті мен ғылымы қайраткерлерінің халықаралық кездесуінде сөйлеген сөзінде де хакім Абайды құрметпен атайды.

Мемлект басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2002 жылы Үндістан Республикасында ресми сапармен болып, осы елдің астанасы Дели қаласында М.Ганди мемориалына барды және ұлы Үнді гуманисін кремациялау орнына гүл шоқтарын қойып, оны екі минуттық үнсіздікпен еске алды. Содан соң Н.Ә.Назарбаев Дели қаласында Абай атындағы көшенің ашылу салтанатына қатысты.

Осы жылы Мемлекет басшысы Түркия Республикасында ресми сапармен болғанда, Ыстанбұл қаласындағы қазақтар тұратын Зейтинбурну ауданында Абай атындағы қазақ орта мектебін ашу рәсіміне қатысты.

Ел басшысы 2003 жылы Мәскеу қаласында Ресейдегі Қазақстан жылының ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде, Махамбет Өтемісовтің 200 жылдығына орай Атырау қаласында өткізілген «Махамбет – қайтпас қайсарлық пен еркіндіктің өшпес рухы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциясында сөйлеген сөзінде хакім Абайдың есімін құрметпен атап өтті.

2006 жылы 4 сәуірде Мемлекет басшысы РФ Президенті В.В.Путинмен бірге Мәскеудің Чистопрудный гүлзарында орнатылған қазақ халқының классик ақыны, хакім Абайдың ескерткішін ашу салтанатына қатысты. Ескерткіштің ашылуында Н.Ә.Назарбаев пен В.В.Путин Ресейде Абай Құнанбаев жылының және Қазақстанда А.С.Пушкин жылының ашылуы туралы ресми түрде жариялады.

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев 2007 жылы Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Семей қаласында болып, Абай ескерткішіне гүл қойып, Невзоровтар отбасы атындағы Бейнелеу өнері музейін аралап көрді. Музейге қазақстандық шеберлердің суреттер коллекциясын тарту етті.

Елбасы 2008 жылы 14 мамырда Астана қаласында өткен «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы «Жас Отан» жастар қанатының І съезінде сөйлеген сөзінде хакім Абайдың жастық кезең туралы айтқанын келтіріп өтеді: «Жасотандықтар» – еліміздің ең белді саяси партиясы «Нұр Отанның» берік тұғыры ғана емес, менің жас көмекшілерім, серіктестерім. Сондықтан да бүгінгі басқосуымызды «Қазақстанның жас патриоттарының съезі» деп атауымызға әбден болады. Мен қазақстандық жастардың данышпан Абай бабамыздың «Жастықтың аты арындап, тас қияға өрледің» дегеніндей, өз болашағын құруға тастүйін дайын екендігін көріп, қуанып тұрмын. Ал «болашақ жастардың қолында» екендігі баршамызға аян. Демек кең-байтақ Қазақстанның үкілеген үміті, сендерсіңдер, менің жас достарым!».

2008 жылы Елбасы Н.Назарбаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында хакім Абай ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі. Сондай-ақ 2009 жылы Астана қаласында өткен «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІ съезіндегі «Қазақстанның индустриялық-технологиялық дамуы – біздің ортақ болашағымыз үшін» атты сөйлеген сөзінде «Ақыл, қайрат бәрін жеңбек», деп ұлы Абай айтқандай» деп даналық сөзін келтіріп өтеді.

Сондай-ақ 2009 жылы Семей қаласында Семей ядролық полигонындағы сынақтар тоқталуының 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде, 2010 жылы Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік» атты ХVІ сессиясында сөйлеген сөзінде, 2011 жылы Алматы қаласында «Қазақстан ғалымдарының форумында сөйлеген сөзінде» хакім Абайдың есімін құрметпен атап өтеді. Осының барлығы хакім Абайдың даналығына Елбасының ерекше құрметін көрсетеді.

Ел тарихында теңдесі жоқ мәдени іс-шара Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлау болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде де» хакім Абай сөзін келтіріп өтеді.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев 2011 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясының ХVІІ сессиясында сөйлеген сөзінде» хакім Абайдың даналығына екі мәрте тоқталып өтеді. Алғашында, қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесіне тоқтала келіп хакім Абайдың сөзін келтіреді: «Ұлы Абай былай деген еді: «Басқа халықтың тілі мен мәдениетін білу адамды сол халықпен тең етеді». Бұл жерде әңгіме тек қазақ тілі туралы ғана емес, жалпы тілдер туралы. Тілді білсең, сол халықпен тең боласың. Қандай терең сөздер! Яғни бұл барлығы араласқан, бүкіл әлем бір-бірімен қатынасқа түскен бүгінгі жаһандық дүниеде қажеттілік болса, ол біз үшін және біздің балаларымыз үшін де ашық».

Елбасы сөзін қорытындылаған тұста хакім Абайдың даналығына тағы бір оралады: «Қымбатты достар! Мен ұлы қазақ ойшылы Абайдың сөзін тағы да көлденең тартқым келеді. Ол былай деген болатын: «Таң алдындағы сәт бәрінен қараңғы». Біз 90-шы жылдары ерлік таныттық, біз тарихтағы ең күшті әлемдік экономикалық дағдарысқа шыдас бердік. Біз империяның қалай қирап жатқанын көрдік. Мұның барлығы біздің көз алдымызда болып жатты. Ештеңеге қарамастан, Қазақстан таңсәріден де аман өтті. Біздің еліміз өсіп келеді және өзінің позицияларын нығайта түсуде. Қазақстандықтар қиямет-қайым қиын міндеттерді шешу төңірегінде бірлесіп, табысқа жетуде. Біздің еліміз күшейе түсуде, біздің барлығымыз күшейе түсудеміз. Мен Қазақстан жері бойымызға сіңірген жасампаздық қуаты әлемдегі ең озық, ең топтасқан және парасатты қоғам құруға пайдаланылатынына сенімдімін».

Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев 2012 жылы Астана қаласында 2012 жылдың 30 мамырында өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезінде сөйлеген сөзінде хакім Абайдың дін туралы айтқан даналық сөзін келтіріп өтеді: «Қымбатты достар, Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу діндер арасындағы бітіспес әртүрлілік пен алауыздық туралы тезистің бар болғаны елес қана екенін білдіреді. Бір-бірімен жауласатын діндер емес, адамдар мен мемлекеттер. Әлемнің ұлы ойшылдары дінді өнегелілік формуласы деп атайды. Ұлы Абайда «Дінге сенушінің борышы – жақсылық жасау. Бірақ сенімсіз жасалған жақсылық не тұрады?» деген сөз бар. Кез келген діннің жоғары мағынасы адам мен адамзатты жоғалтып алған жетілу жолына қайтару болып табылады. Біздің жоғары мәртебелі форумның басты мақсаты да осыған келіп тіреледі. Барлық съезге қатысушыларға жемісті және сындарлы пікірталастар тілеймін. Біздің ізгілікті ниеттерімізде бізге Жаратушының жәрдемі тие берсін!».

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылдың 14 маусымында Өзбекстан Республикасында ресми сапармен болып, осы елдің астанасы Ташкент қаласында Президент И.А.Каримовпен кездесті. Сол күні Мемлекет басшысы Өзбекстан Республикасы Президенті И.А.Каримовпен бірге Ташкент қаласында Қазақстан елшілігінің жаңа ғимараты мен Абай Құнанбаев ескерткішінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, содан соң «Шейхантахур» кешеніне барып, шейх Хавенди ат-Тахур мен даңқты бабамыз Төле би кесенелерін аралап көрді.

2015 жылы 8 сәуірде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында арнайы Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне соқты. Музей-қорықтың тыныс-тіршілігімен танысты.

2015 жылы 11 наурызда Астана қаласында өткен «Нұр-Отан» партиясының ХVІ съезінде «Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет: Бес институттық реформа» тақырыбында сөйлеген сөзінде сайлаудың мәнін терең түсінбеу жақсылыққа апармайтынын талдау барысында хакім Абайдан мысал келтіріп өткен: «Саяси мәдениетсіз сайлаудың салдарын көптеген елдің қазіргі ахуалынан бағамдауға болады. Соңғы жылдары кейбір елдердің азаматтары еңбек етуді ұмытты. Наразылық шерулері сәнге айналды. Адамдары митингіге шығуға күнделікті жұмысқа барғандай асығатын болды. Сол үшін оларға арандатушылар жалақы төлейтін болды. Сайлау жұртты біріктіретін емес, бауырларды бөлетін, ағайынды араздастырып, өзара қару кезендіретін болды. Көшедегі қарабайыр саясатшылдық пен тек сайлаудан сайлауға дейін өмір сүру ақылды елдің жолы емес. Елге қызмет ету үшін емес, мансап үшін билікке ұмтылу да абырой әпермейді. Осы орайда ұлы Абайдың қарасөздерін еске түсіремін. Ол Үшінші қарасөзінде былай дейді: «Үш жылға болыс сайланады. Әуелгі жылы «Сені біз сайламадық па» деп елдің бұлданғанымен өтеді. Екінші жылы кандидатпен аңдысып күні өтеді. Үшінші жылы сайлауға жақындап қалып, тағы болыс болып қалуға болар ма екен деп күн өтеді. Енді несі қалды?». Сайлау – әншейін сайлау өткізу үшін емес, елді бірлікке шақырып, жұртты еңбекке ұйыту үшін болса ғанибет. Сондықтан жоғарыда айтылып кеткен төл мақсатты орындап, содан кейін саяси мәселелерге көшкен жөн. Бұл жолды дүниежүзілік тәжірибе көрсетіп отыр».

Сондай-ақ Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2015 жылы 11 қыркүйекте Астана қаласында өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде қазақ хандығының асқақ рухын, бірлік болған кезде, білекке білекті қосқан кезде талай жаудан атамекенді азат еткенін айта келіп, ал ауызбірлік жоғалғанда елдіктен де айырылғанын айтқан сәтте хакім Абайдың сөзін келтіріп өтеді: «Данышпан Абай айтқандай, бас-басына би болған өңкей қиқым» елдің сиқын кетірді. Сол кезде бүкіл дүниежүзін жайлаған, «бөліп ал да, билей бер» атты отаршылдыққа негізделген сұрқия саясат Қазақ елін біржолата Ресей патшалығының отарына айналдырды».

2020 жылы Абайдың 175 жылдығын Қазақ елі абыроймен атап өтті. Осы мерейтой аясында, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты пәлсапалық мәні терең мақаласы жарық көрді.

Елбасы осы мақаласында біздің музей туралы арнайы жылы лебіз білдірген: «Абайдың өмірі мен шығармашылығын тұтас қамтитын «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музей құрылды. Жидебайда үш жүз алпыс әулиелі мекен Маңғыстаудан әкелінген ұлутастардан ақшаңқан күмбезді Абай-Шәкәрім кесенесі тұрғызылып, оның ашылу рәсімінде бұл орынның енді әр қазақ үшін рухани Меккеге айналғанын атап өттім».

Тамыры терең, көкжиегі көркем мақаланы біз Абай музейінің қуанышы деп қабылдадық. Оның себебі де жоқ емес. Біздің музейде тәуелсіздік кезеңіндегі абайтануға арналған арнайы экспозиция бар. Елбасының «Абай аманаты» мақаласы бізге жол көрсетті, осы бағытты жарқырата ашып берді. Сондықтан биік парасатпен жазылған мақала – Абай музейінің өз қуанышы.

Елбасының даналықпен айтылған сөзі ақиқатқа айналды. Абай музейі Қазақстаннан, шетелден қонақтар арнайы іздеп келетін рухани Меккеге айналғаны рас.

Елбасының осы мақаласы бізге қуанышпен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені терең таныммен жазылған мақалада Абай музейінің мазмұнын ашатын ойлар мол. Мақалада айтылған мол мәлімет музейдің мазмұнын ашуға үлкен ақылшы болары анық. Біз соған қуандық.

Жалпы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік жылдары хакім Абай есімін асқақтатуы – бәрімізге үлгі, ерекше мәдени-тарихи құбылыс.

 Тұрдықұл ШАҢБАЙ,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры

 

egemen.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар