Балкашино ауылындағы жалпы білім беретін мектепте инклюзивті білім беру кабинеті ашылды.
Ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау – «Nur Otan» партиясының көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Кедергісіз келешек» жобасы мен аталмыш партияның «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасында басымдық берілген өзекті мәселенің бірі.
Инклюзивті білім беру – барлық балаларды, соның ішінде мүмкіндіктері шектеулі, ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім үрдісіне толық енгізу және әлеуметтік бейімдеуге негізделген жалпы білім беру процесі. Осы орайда, жаңа оқу жылында Балкашино ауылының №1 жалпы білім беретін мектебінде инклюзивті білім беруді қолдау кабинеті ашылды. Енді ерекше қажеттіліктері бар мектеп оқушылары жалпы білім беретін сыныптағы негізгі оқу процесін үзбей өз қажеттіліктеріне сәйкес көмек ала алады.
Аталмыш кабинетте дефектолог, логопед, педагог-психологтар, әлеуметтік педагогтар, педагог-ассистент тәрізді мамандар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен психологиялық-педагогикалық, түзету-дамыту бағытында жұмыс істейді. Олар әр балаға жеке даму бағдарламасын жасап, соның негізінде оларды оқытады және ерекше қажеттіліктері бар балалардың ата-аналарына қолдау көрсетіп, кеңес береді. Бүгінгі таңда онда 0-4 сыныптар аралығындағы 10 оқушы қатысады. Балалар жалпы білім беретін сабақтарға қатыса алады және психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның қорытындысы мен ұсынымдары бойынша қысқартылған және бейімделген оқу бағдарламасы бойынша оқиды.
Ырысалды ШАМШИЕВА.
Сандықтау ауданы.