Батырлар жыры –тәрбие өзегі

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға орай, «Едіге батыр» жырын жатқа айтудан «Батырлар жыры–тәрбие көзі» тақырыбында өткен байқауда целиноградтық жас өрен Айжан Жаңбырова бас жүлдеге ие болды.

Еліміздің жарқын болашағына теңеп, үміт артқан жас өрендер арасында ұйымдастырылып жатқан «Едіге батыр» жырын жаттау байқауының облыстық кезеңіне аудандық деңгейде үздік деп танылған 6-10 сынып аралығындағы 18 оқушы қатысып, бақ сынады. Жыр додасында қатысушылар бұл туындыны академик Қаныш Сәтпаев жазған нұсқа бойынша мәнерлеп оқыды. Атадан қалған асыл мұраны мән-мағынасына бойлай отырып, нақышына келтіре оқығандары жиналған қауымның ойынан шықты. Жеткіншектер орақ тілді, от ­ауызды бабалардың өлмейтін әдеби мұраларын қайта жаңғыртып, жүректерді тербеді деуге болады.
Байқаудың басты мақсаты – өскелең ұрпақты халық ауыз әдебиетіне сусындатып, қазақ халқының асыл мұрасына деген сүйіспеншілігін арттыру, ұлттық құндылықтар мен фольклор арқылы жастарды патриотизмге тәрбиелеу.
–Қоғам талабымен үйлесім тапқан «Батырлар жыры – тәрбие көзі» байқауының балалар арасында кең қолдау табуында да ерекше мән бар. Балалар жатқа айтқан жырдың өн бойында Едігенің батырлығынан гөрі ақыл-парасаты кеңінен суреттеледі. Жалпы, жас өрендерден жырды сұрап қана қоймай, оларға құнды кітаптарды оқытуды, оның ішінде, қазақ халқының батырлық, эпостық жырларын жаттаудың маңызын насихаттадық, – дейді белгілі әдебиеттанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сәбит Жәмбек.
Байқауға қатысуға келген жасөспірімдерді сөзге тартқанымызда бірі жырды қалай тез жаттап алғандығы туралы мақтана айтса, енді бірі ондағы тарихи оқиғалар мен тартысты жағдайлардан алған тәрбиелік мәні зор өнегелі істерді алға тартты. Әжесінің қолында тәрбиеленген Ләйлә Сүндетбай бала кезінен жыр дас-
тандармен сусындап өскенін ортаға салып, «Едіге батыр» жырын небары 2 аптада жаттап алғанын айтты. Ол өзінің барлық замандастарына осы жырды жаттауға кеңес берді. Қалай десек те, жасөспірімдердің халық ауыз әдебиетін жатқа оқығаны қуантты.
Сонымен, бас жүлдені Целиноград ауданынан келген Айжан Жаңбырова жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынды Зеренді ауданынан қатысқан Таңнұр Әкім иеленді. Ал, екінші орынды Гүлнұр Манап қанжығаласа, үшінші орынды Ләйлә Сүндетбай қанағат тұтты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ұйымдастыру алқасының Алғыс хаттарымен және ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар