Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
28 жаста – жеті баланың анасы - АРҚА АЖАРЫ

28 жаста – жеті баланың анасы

28 жаста жеті баланың анасы атану мүмкін бе? Бәлкім, біреулер олай болуы мүмкін емес деп, басын шайқайтын шығар. Алайда, Жаратқан иеміз қаласа, өмірде түрлі тосын жағдайлар болады екен. Өйтпегенде, шалғай ауылдағы Кишкиндер отбасында төрт баладан кейін бірден үшемдердің  дүниеге келуі жай кездейсоқ оқиға ма дерсіз?

 

Бұл тосын жаңалық өткен жылдың қараша айында ғаламторда жарық көріп, көпшілікке Александр мен Светлана Кишкиндердің шаңырағында үшемдердің өмірге келгені жайлы хабар тарап кеткен болатын. «Ештен кеш жақсы» деп, біз де осы отбасына телефон арқылы хабарласуды жөн санадық. Тұтқаны отанасы алды. Газеттен екенімізді, не үшін қоңырау шалғанымызды түсіндіріп, бірден әңгімеге көштік. Көпбалалы ана Светлана бізбен әңгімесінде отбасы жайлы ақтарыла сөйлеп, айналасы жарты сағаттың ішінде өзінің жарқын мінезімен бізді баурап алды.
Айтуынша,  тұңғыш ұлы Вадимді 2007 жылы дүниеге әкелсе, одан кейін Дмитрий мен Дарья есімді егіздерге өмір сыйлаған. Ал, 2013 жылы бұл балғындардың қатарына Алексей есімді тағы бір ер бала қосылды.
–Төрт баладан кейін үшемдерге жүкті болғанымды естігенімде біраз таңырқағаным рас. Алайда, жағымды жаңалыққа жолдасым екеуіміз қатты қуандық. Өмірде баладан асқан бақыт бар ма, шіркін. Бір-бірімізге деген махаббатымыз бен риясыз сенімнің белгісі ретінде соңғы туған үш қызымыздың есімін Вера, Надежда, Любовь деп атадық, – деді жас ана. Отанасы үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысса, отағасы Александр «Запорожье» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде күзетші болып жұмыс істейді. Өздерінің жеке мал шаруашылықтары да бар. Екеуі де ауылда туып-өскеннен кейін мұнда малсыз күн көру қиынға соғатынын жақсы біледі. Жастар келешектерін де тек ауылмен ғана байланыстырып отыр.  
Күн сайын жас ана таңсәріден тұрып, сиырларды саууға, сөйтіп, кішкентай ұл-қыздарына табиғи сүт қайнатып беруге асығады. Балаларының денсаулығы мықты болуы үшін ылғи тек табиғи өнімдерді пайдалану қажет деп есептейді. Арасында Светланаға үй тірлігіне қайын енесі келіп көмектесіп тұрады. Қыздары да бір жағынан шығысып, аналарына қолғабыс етеді. Ұлдар болса, әкелерінің жанынан бір елі қалмайды. Дала шаруасы солардың мойнында.
– Балаларды жастайынан еңбекке баулыған дұрыс. «Істегені бізге, үйренгендері өздеріне жақсы. Еңбектенгеннен адам жаман болмайды. Керісінше, «еңбектің наны тәтті» демекші, молшылықтың, ырыс-берекенің  қандай жолмен келетінін білетін болады. Балаларым келешекте тәрбиелі, еліміздің бетке ұстар азаматтары мен азаматшалары болып өсетініне кәміл сенемін, – дейді Светлана.
Иә, біздің де оған сеніміміз мол. Өйткені, кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, ауылда баланың дұрыс дамып-жетілуі, бос уақытын тиімді пайдалануы үшін қажетті жағдайлардың бәрі бар. Мектептен кейінгі тыс уақытта спортпен шұғылданып, би үйірмелеріне қатысуға болады. Кишкиндер отбасының балалары да солай етуде. Бірі бимен әуестеніп, түрлі байқауларда өнер көрсетсе, енді бірі футбол мен теннис ойнағанды ұнатады. Ауыл балалары да, тұрғындар да бір-бірімен өзара тату. Жікке бөліну деген бұл өлкеде жоқ. Бірлігі жарасқан мұндай ауылдарда қашанда тоқшылық, молшылық үстемдік етері сөзсіз.  
Үшемдер  бір жасқа толғанда аудан әкімдігі кейіпкерімізге «Алтын алқа» алқасын табыс ететіндіктерін айтыпты. Жас отбасына қуаныштарың ұзағынан болсын, балапандарың әркез қуанта берсін дегіміз келеді.       

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Суретте: көпбалалы Кишкиндер
отбасы.

Запорожье ауылы,
Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар