Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Бурабай ауданының әкімі Әсет Мұздыбаев өңірдің тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде тарқатып айтып берді.
Жыл басынан бері Бурабай ауданында негiзгi әлеуметтiк- экономикалық көрсеткiштер бойынша өсудің оң үрдiсi байқалуда. Өңірде бес мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Олардың үлесі 103 пайызға артыпты. Бүгінгі таңда өңірде індеттің таралуын болдырмау мақсатында «Ашық» жобасына 422 нысан қатысып отыр.
–Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінді. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында «Қарапайым заттар экономикасы» механизмі бойынша 2,8 миллиард теңгеге маңызды жобалар жүзеге асырылды. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің көлемі 42,2 миллиард теңгені құрады және үш тауарлы-сүт фермасы құрылды. 4,408 тонна мал мен құстың еті, 31,935 тонна сүт, 43 миллион 856 мың дана жұмыртқа сатылды. Биылғы жылы астық жинау науқаны да ойдағыдай өтті.
Гектар берекесі 11 центнерден айналды. Сондай-ақ, өңірде өндіріс көлемінің өсімі байқалуда. Мәселен, электр энергиясымен, газбен, ыстық сумен, ауа баптаумен жабдықтау бойынша өндіріс өсімі 147 пайызды құрады. Сумен қамтамасыз ету, қалдықтарды жинау, өңдеу және ластануды жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу 107,7 пайызды құрады. 28,2 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Оның 80 пайыздан астамы жеке инвестициялар. Құрылыс жұмыстарының көлемі де өткен жылмен салыстырғанда 9,8 пайызға артты. Тұрғын үйді пайдалануға берудің жалпы ауданы 13 мың шаршы метрді құрады,–деді аудан әкімі өз есебінде.
Аудандағы өзекті мәселелердің бірі – жолдарды жөндеу. Бурабай ауданының автокөлік жолдарының жөндеу жұмыстарына 4,2 миллиард теңге бөлінген екен. Бұл қаржы аудандық маңызы бар жолдарды салу, қалпына келтіру, орташа жөндеуге жұмсалыпты. Сондай-ақ, Щучинск қаласындағы 9 көшенің жолдары жөнделіп, 10,4 шақырым жол салынған екен. Туризмде көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру мақсатында белсенді жұмыс жүргізілуде. Шучинск-Бурабай курорттық аймағын одан әрі дамыту бойынша биылғы жылы алты инвестициялық жобаны іске асыру жалғастырылыпты.
Жергілікті билік тарапынан халықты әлеуметтік қолдау мәселесіне де көп көңіл бөлінуде. Бұл бағытта жұмыспен қамту орталығына 1118 адам жүгінсе, оның бір мың адамы жұмысқа орналастырылыпты.
–Бүгінгі таңда аудан аумағында екі жүзден астам спорттық нысан жұмыс істейді. Спортшыларды қолдау мақсатында Шучинск қаласында Спорт сарайының құрылысы басталды. Оның құрылысы аяқталғанда дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны артады,– деген аудан әкімі журналистер қойған сауалдарға нақты жауап берді. Сауалдар негізінен аудандағы проблемалық мәселелер жөнінде болды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.