Ақмола облысы Қазақстанның маңызды аграрлық-индустриялық өңірлерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда өнеркәсіп секторы 2021 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша 33,8 пайызды, облыстың жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) үштен бір бөлігін құрайды.
Ел ауқымында облыс 100 пайыз подшипниктер, 67,7 пайыз астық жинайтын комбайндар, 47,4 пайыз мамандандырылған автомобильдер, 45,2 пайыз құрамында алтыны бар кен, 43 пайыз трактор, 37,9 пайыз құс еті, 26,8 пайыз жартылай өңделген алтын, 17,6 пайыз өңделген сүт, 14,5 пайыз қиыршық тас, 11,4 пайыз полипропилен қаптары, 7,6 пайыз минералды су, 6,7 пайыз ұн, 5,6 пайыз сары май, 5,2 пайыз өсімдік майы, 4,5 пайыз бетоннан жасалған бұйымдар, 4,1 пайыз құрамында алтын бар концентрат өндіреді.
Өнеркәсіп
1991 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10 миллион теңгеден 1 триллион теңгеге дейін өсті. 2021 жылдың он айындағы көрсеткіш – 897,5 миллиард теңге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 8,6 миллион теңгеден 867,1 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. 2021 жылдың он айындағы түсім 751,2 миллиард теңгені құрады.
Тәуелсіздік жылдары, атап айтқанда, 1997 жылдан бастап облыс-та құрамында алтыны бар кен өндіру және өңдеумен айналысатын «Алтынтау Көкшетау», қап өндіретін «Новопэк», кірпіш өндіретін «ЕНКИ», ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника өндірісімен шұғылданатын «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы», цемент шығартын «Көкше-Цемент» ӨБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты жаңа ірі және орта кәсіпорындар ашылды. Жоғарыда аталған барлық жобалар облыс экономикасы үшін серпінді жобаларға айналды.
Экономиканы әртараптандыру және шикізатқа тәуелділіктен арылу мақсатында 2010 жылы Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
2010-2020 жылдарғы индустрияландыру кезеңінде облыста 340,2 миллиард теңгеге 103 жоба іске асырылып, 10,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.
Индустрияландыру картасының жобаларын іске асыру бұрын шығарылмаған, соның ішінде экспортқа бағдарланған 20-ға жуық жаңа өнім түрлерінің, атап айтқанда, алкогольсіз сусындар, пластикалық құбырлар, пестицидтер, биотыңайтқыштар, биг-бек қаптар, полиэтилен, күкірт қышқылы пакеттері, жануарларға арналған вакциналар, цемент, ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника, астық кептіргіштер және тағы басқа өнімдер шығару өндірісін ұйымдастыруға мүмкіндік берді.
Индустрияландыру картасы бойынша жыл соңына дейін 3,9 миллиард теңгеге 5 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде жылына 700 дана ауыл шаруашылығы техникаларын шығара алатын құны 1,5 миллиард теңгелік «Kazrost Engineering Ltd» жеке компаниясы мүмкіндігін кеңейту сияқты маңызды жобалар бар. Сондай-ақ, Атбасар ауданында «БАХА СОНЕ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 14,4 мың тонна сұлы үлпектерін шығара алатын 1,8 миллиард теңгелік азық-түлік фабрикасының құрылысын жүзеге асыру қолға алынуда.
Экспорт көлемі 2004 жылы 129,8 миллион АҚШ доллары болса, 2020 жылы (1991-2003 жылдардағы статистикалық деректер жоқ) 741,6 миллион АҚШ доллары көлеміне жетті. 2021 жылдың тоғыз айының қорытындысы 437,4 миллион АҚШ долларын құрап тұр. Оның ішінде шикізаттық емес экспорт көлемі 2008 жылғы 339,3 миллион доллардан, 2020 жылы 394,6 миллион долларға жетті.
Облыста бұрын Қазақстанда болмаған өндірістер іске қосылды. Олардың қатарында «Сапа Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің темірбетон шығаратын заводы, сфералық подшипниктер өндірісін игерген «ЕПК-Степногорск» акционерлік қоғамы, кешенді био тыңайтқыштар өндіретін «BIOTRON Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, сирек кездесетін металдар «SARECO» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.
Соңғы жылдары өңірлік экспорт номенклатурасы тауық жұмыртқасы, құс және ірі қара мал еті, сусындар, аяқ киім және арнайы киімдермен толықтырылды. Бұл тауарлар Ресей, Қытай Халық Рес-публикасына сатылады. Облыста жалпы қуаттылығы 284,5 миловатт болатын 7 жел және 1 күн электр станциясы салынды. 119 миллиард теңгеге 65 мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобалары іске асырылуда. 11,9 миллиард теңге мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобалары аясында тұрғын үй құрылысы саласында 3 нысан пайдалануға берілді.
Инвестициялар
1991 жылдан бастап негізгі капиталға инвестициялар тарту 3,7-ден 425 978,6 миллион теңгеге дейін жетіп, 115 есе өсіп, 426 миллиард теңге болды. Ағымдағы жылдың 10 айында ИКК 403,1 миллиард теңгені құрады. 2015 жылдан 2021 жылдың бірінші жарты жылдығына дейін 693,4 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.
Агроөнеркәсіп кешені
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін агроөнеркәсіп кешені өңір экономикасының ажырамас бөлігі болып қала береді. 1991 жылдан бастап ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 59,5 есе немесе 672,1 миллиард теңгеге дейін өсті. Атап айтсақ, 1991 жылғы 11,3-тен 2020 жылы 672,1 миллион теңгеге дейін өсім байқалды. Ал, 2021 жылдың 10 айында ол 682,2 миллиард теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары 1991 жылы 1443 мың гектар болса, 2021 жылы 5045 мың гектарға дейін өсті.
Аса маңызды дақылдар – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісі 2,5 миллион тоннаға артты. 1991 жылы 2,6 миллион тонна болса, 2020 жылғы өңдеуден кейінгі салмағы 5,1 миллион тоннаға дейін жетіп, 2021 жылы астықтың жалпы түсімі 4 миллион тоннаны құрады. Майлы дақылдар алқабы 2001 жылдан бастап ұлғайтылып, 256,5 мың гектарға жетті. Бұл алқап көлемі 2001 жылы 8,5 мың гектар, 2010 жылы 130,5 мың гектар болса, 2021 жылы 265 мың гектар болды.
Ақмола облысында ауыл шаруашылығы кооперативтері бірігіп жұмыс істейді. Бүгінгі таңда өңірде статистикалық деректерге сәйкес 273 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Олар 193 ұйымдасқан шаруашылық және 7,1 мың үй шаруашылығына біріккен. Сонымен қатар, олардың қызметі негізінен мал шаруашылығының екі негізгі саласын – сүт пен етті дамытуға бағытталған.
Кәсіпкерлік
1999-2021 жылдар ішінде шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны 47,5 есе өсті. 1999 жылғы 1024 бірліктен 01.11.2021 жылға 48642 бірлікке дейін жетті. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 11,4 есе өсіп, 1999 жылғы 11,7 мың адамнан 2021 жылдың 1-ші жартыжылдығында 133,5 мың адам болды. Өнім шығару көлемі – 13,3 есе; 69,9-дан 929 миллиард теңгеге дейін, 2021 жылдың 1-ші жартыжылдығында 496,1 миллиард теңгеге дейін жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінен салық түсімдерінің көлемі артты. 2014 жылдан 2021 жылдың қаңтар-қазан айларына дейін ол 1,9 есе немесе 23,3-тен 50,8 миллиард теңгеге дейін артты.
Инфрақұрылым
Бүгінде өңірде құрылыс қарқыны жедел артуда. Соңғы жылдары жылына жарты миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынуда. 30 жыл ішінде 6,9 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып, 62,4 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерлерге көшті. Өңірдің жоғары көліктік-логистикалық әлеуеті бар. Учаскелердің жалпы көліктік-пайдалану жағдайы едәуір жақсарды. Бүгінде жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 7,8 мың шақырым. Ал, 1991 жылы бұл көрсеткіш 5,3 мың шақырымды құрайтын.
Тәуелсіздік жылдарында 1,8 мың шақырым автомобиль жолы салынды, 1 мың шақырымы жөнделді, жалпы ұзындығы 4 шақырымнан асатын 25 көпір пайдалануға берілді. Солардың бірі – Талапкер ауылы мен Нұресіл ауылының арасын жалғайтын «Ақмол-Нұресіл-Талапкер» автомобиль жолындағы көпір. Жолдарды қайта құру кезінде пайдаланылатын материалдардың 90 пайыздан астамы қазақстандық кәсіпорындарда өндірілген. Жолдардың 78 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.
Тәуелсіздік жылдарында облыстың елді мекендеріндегі көшелердің жол жабыны 1991 жылғы 20 пайыздан 2021 жылы 74 пайызға дейін жақсартылды, ұзындығы 1245 шақырым көшелер жөнделді. Ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау елді мекендердің жалпы санынан 30,8 пайыздан 62,9 пайызға дейін 2 есеге ұлғайды. Ауылдық елді мекен халқы жалпы санынан 1,5 есе, 54,3 пайыздан 84,1 пайызға дейін өсті.
365 ауылда сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесі шешілді. Сонымен қатар, 207 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмеген, оның ішінде 18 ауылға су тасымалданады.
Әлеуметтік сала
Әлеуметтік саладағы көрсеткіштер айтарлықтай жақсарды.
Халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табыстары 1999 жылғы 4 373 теңгеден 24,5 есеге өсті және 2020 жылы 107 224 теңгені құраса, 2021 жылдың 2 тоқсанында 119 382 теңге болды.
Тәуелсіздік жылдары ең төменгі күнкөріс деңгейі 9,5 есе ұлғайды. 1997 жылы ол 3368 теңге болса, 2020 жылы 32 131 теңгені, 2021 жылдың 2 тоқсанында 35629 теңгені құрап отыр.
Жұмыссыздар саны 1,5 еседен астам, яғни, 1994 жылғы 31,9 мың адамнан 2021 жылы 20,2 мың адамға дейін қысқарды. Жұмыссыздық деңгейі 1994 жылғы 6,5 пайыздан 2021 жылы 4,8 пайызға дейін төмендеді. Тәуелсіздік жылдарында орташа айлық жалақы 1,5 мың есе көбейді. 1993 жылы 129 теңге болса, 2021 жылы 195 418 теңгеге жетті. Бұл – 2021 жылғы 9 айдың мәліметі.
1 жастан 6 жасқа дейін балаларды балабақшалармен қамтамасыз ету 10 есеге өсті. 1991 жылы бұл көрсеткіш 8,3 пайыз болса, 2021 жылы 83,2 пайызға дейін өсті.
2005 жылдан 2021 жылға дейін 5,8 мыңнан астам баланы қамтыған 27 балабақша салынды. Сонымен қатар, 20,6 мың орындық 49 мектеп пен мектептерге жапсарлас 6 оқу ғимараты пайдалануға берілді. Облыстың әрбір оныншы мектебі тәуелсіздік жылдары салынған.
1991 жылдан 2020 жылға дейін 7 емхана, 8 аурухана, 11 медициналық пункт, 22 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт, оның ішінде Көкшетау қаласында 1 емхана және онкологиялық емхана салынды.
Тәуелсіздік жылдары 123 кітапхана, соның ішінде Көкшетау қаласында 5 кітапхана, 7 мұражай, соның ішінде Көкшетау мен Степногорск қалаларында бір-бір мұражай, 107 клубтық нысан, соның ішінде Степногорск қаласында 3 клубтық нысан, сондай-ақ, облыс орталығында Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры ашылды. Тәуелсіздік жылдары Ақмола облысында спорт ғимараттарының саны 850-ге дейін артты. Сонымен қатар, 19 спорт кешені пайдалануға берілді. Көкшетау қаласында қысқа мерзім ішінде заманауи жабдықталған мұз айдыны, стандартты жүзу бассейні және жаттығу залы бар «Бурабай» спорт сарайы, 3 жабық және 3 ашық корты бар теннис орталығы іске қосылды.
Сонымен қатар, келесі жұмыстар атқарылды. ТМД елдері мен Қазақстандағы жалғыз триатлон спорт мектебі орналасқан «Юбилейный» спорт кешеніне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қайта жабдықталды.
Бұрынғы «Көкшетау құрылыс тресі» мәдениет үйінің ғимараты 36х18 метр ойын залы, бокс, күрес залдары бар «Қажымұқан» спорт кешені қайта жабдықталды.
2009 жылы Сандықтау ауданының орталығы – Балкашино кентінде шаңғы-роллерлі трассасы мен биатлонға арналған ату орны бар шаңғы базасы пайдалануға берілді.
2001 жылы Краснояр ауылында ипподром салынды;
– Ақкөл, Бұланды, Атбасар, Зеренді, Астрахан аудандарының орталықтары мен Көкшетау, Степногорск қалаларының стадиондарында футбол алаңдарына жасанды жабын төселді.
Степногорск қаласындағы «Орбита» сауықтыру кешенін Бөгенбай батыр атындағы дарынды балаларға арналған облыстық спорт мектеп интернаты етіп қайта жаңарту жұмыстары жүргізілді.
Көкшетау, Степногорск, Атбасар, Есіл қалалары мен Шортанды кентінде спорт мектептері күрделі жөндеуден өткізілді.
Зеренді ауданында «Елікті», Бурабай ауданында «Нұртау» тау шаңғысы базалары салынды.
Ақкөл ауданының орталығында жүзу бассейні салынды.
Аумақтық даму
Астаналық агломерацияны аумақтық дамытудың өңіраралық сұлбасын жүзеге асыру аясында биылғы жылы Шортанды ауданының Мықтыкөл, Қаражар, Конкрынка, Егемен, Гуляй поле селоларын 83 гектар алаңда, Ақкөл ауданының Ақкөл және Қосшы қалаларын 47 гектар алаңда дамытудың және салудың сұлбасы жасалуда. Биылғы жылы Ақкөл ауданының Домбыралы, Радовка, Еңбек селоларын дамытудың және құрылысын жүргізудің сұлбалары, сондай-ақ, Целиноград ауданы Қаражар селосының бас жоспарына түзету енгізу бекітілді. Аршалы ауданының Түрген және Ақбұлақ селоларын дамытудың және құрылыс жүргізудің сұлбасы, Аршалы кентінің бас жоспары келісілу үстінде.
Нұр-Сұлтан қаласының айналасындағы азық-түлік белдеуін дамыту
Азық-түлік белдеуін дамыту аясында облыстың 17 ауданы кіретін 300 шақырымдық аймақ анықталды. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өнімін тасымалдаумен облысымыздың 128 кәсіпорыны айналысады. Оның 68-і ет және сүт өнімдерін, алтауы құс еті мен жұмыртқа, 54-і ұн картоп, көкөніс, өсімдік майын өндіреді. Олар өз өнімдерін Нұр-Сұлтан қаласының 5 сауда рыногына, 29 сауда үйіне, 10 сауда орталығына тасымалдайды. «Capital Projects LTD», «Астана Агро Продукт», «Гормолзавод», «Родина» агрофирмасы», «MilkProject» серіктестіктері мен «Ижевский» өндірістік кооперативі тәрізді облыстың ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өз өнімдерін сататын «Ақмол» дүкендер жүйесі жұмыс істейді.
Облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері астананың рыногына 2011 жылдың 5 қарашасына дейін 102,5 мың тонна сүт өнімдерін, 24,1 мың тонна ет және ет өнімдерін, 211,4 миллион дана жұмыртқа тасымалдады. Сүт және оның өнімдері өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,6 пайызға, жұмыртқа 8,5 пайызға өсті.
Газ тарту
«Қызылорда-Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбыры құрылысының 1 кезеңі аясында Аршалы ауданының Аршалы, Бірсуат, Байдала, Волгодоновка, 42 Разъезд, Қойгелді, Жібек жолы, Жалтыркөл, Шөптікөл, Ижевск, Түрген, Анар, Донецк, Арнасай, Бабатай, Ақбұлақ, Ақтасты тәрізді 17 елді мекенінде және Целиноград ауданының Қоянды, Шұбар, Аққайың тәрізді 3 елді мекенінде газ тарту жүйесінің құрылысы басталды.
2020 жылы Аршалы, Донецк, Анар, Аққайың газ тарту жобалары бойынша республикалық бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлініп, игерілді. Облыстық бюджеттен Аршалы, Жібек жолы, Жалтыркөл, Қоянды, Шұбар жобаларына 723 миллион теңге қаржы бөлінді. 2021 жылы 5,1 миллиард теңгенің 13 жобасын қаржыландыру қарастырылған. Үстіміздегі жылдың 1 қарашасына дейін 4,7 миллиард теңге немесе қаржыландыру жоспарының 92,2 пайызы игерілді. Аршалы ауданының 14 елді мекенінде ұзындығы 210 шақырым газбен қамтамасыз ету жүйесінің құрылысын аяқтау жоспарлануда.
Биылғы жылдың 1 қарашасына дейін 179 шақырым газ құбыры тартылды. Қосшы қаласына және астананың іргесіндегі Целиноград ауданының Ақмол, Қаражар, Қараөткел, Қызылсуат, Тайтөбе, Талапкер, Ы.Алтынсарин селоларына газ тарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасауға облыстық бюджеттен 40 миллион теңге бөлінді. Келесі жылға тағы 531 миллион теңге қарастырылған.
Газ тарту жобаларын жүзеге асыру 130 мыңнан астам адамды сапалы табиғи газбен қамтамасыз етеді. Газ тарту өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізеді. Тұрғындардың тұрмысы мен экологиялық жағдай жақсарады.
Жасыл белдеу
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласының «жасыл» белдеуімен Щучинск-Бурабай курортты аймағының орман алқаптарын қосу жөніндегі жұмыс кезең-кезеңмен 2009 жылдан бері жүргізілуде. Екі кезеңде 2575 гектар алқапқа ағаш отырғызылды. 2020 жылы ағаштарға механикалық және қолмен күту жұмысы жүргізілді. Ағаш аралары мен алаңқайлары жыртылды, Ағаш түбі қолмен қопсытылып, суарылды. Өртке қарсы жырту жұмысы жүргізілді. Алдағы жылдары ағаш отырғызу үшін 2021 жылы 3-інші кезеңді жүзеге асыру мақсатында Ақкөл, Біржан сал, Бұланды және Бурабай аудандарында 2,5 мың гектар алқапта топырақтық-іздестіру және жоба жұмыстарын жүргізу жалғасын табуда.
Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі елді мекендерді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары
Астананың іргесіндегі елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту мақсатында Кешенді жоспар жүзеге асырылуда. 2011-2020 жылдарды қамтыған алғашқы екі кезеңде 34 елді мекен бойынша 84 миллиард теңге бөлінді. Оның 71 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 13 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлініп, 1 кезеңде 52 шара, 2 кезеңде 80 шара, жалпы 132 шара жүзеге асырылды. Қазіргі таңда 2023 жылға дейін үшінші кезең жүзеге асырылуда. Осы мақсатта 31 елді мекенге 145,7 миллиард теңгенің 71 шарасы қарастырылған. Оның 62,7 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 7,1 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінді. Ал, 75,9 миллиард теңгесі жекеменшік инвестиция.
Ірі қалалардың шеттерін дамыту
2019-2021 жылдары Нұр-Сұлтан қаласының шеттерін дамытуға 9 елді мекенге 21 жоба бойынша 22 миллиард теңге бөлінді. Оның 19,5 миллиард теңгесі республикалық бюджеттен, 2,5 миллиард теңгесі жергілікті бюджеттен. 2019-2020 жылдары
6 жоба іске қосылды. Биылғы жылы тағы үш жобаны аяқтау көзделген.
Туризм
Бүгінгі күні Нұр-Сұлтан қаласының іргесіндегі аймаққа Ақкөл, Аршалы, Целиноград пен Шортанды аудандары кіреді. Қала іргесіндегі демалыс аймағы тек қана астанадан емес, еліміздің өзге өңірлерінен және жақын шет елден де дем алушыларды қабылдайды. Табиғи, зоологиялық, гидрологиялық жағдай, мәдениет пен тарих ескерткіштерінің саны туризм инфрақұрылымын дамытуға қолайлы мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласына іргелес аймақтағы туризм демалыс күндері дем алу үшін Нұр-Сұлтан қаласының айналасына шығатын жергілікті тұрғындарға арқа сүйейді. Осы орайда, бұл аймақта демалыс күнгі туризм дамыған.
Астананың іргесіндегі аймақтың туризм индустриясына 90-нан астам нысан кіреді. Сондай-ақ, мейманхана мен демалыс базасы, қонақ үй мен жол бойындағы сервис нысандары санының арту тенденциясы байқалады. Мәселен, биылғы жылдың маусымында Ақкөл ауданында орналасқан «Скаут тур» серіктестігінің «1000 жұлдызды Глэмпинг отел» жаңа туристік нысаны ашылды. 100 миллион теңге жұмсалған нысанда 21 жұмыс орны құрылды. Бұл тамылжыған табиғат пен эстетикалық қолайлы жағдай аясындағы демалыс кешені.
Сондай-ақ, өңірде басқа да тиімді орындар мен жобалар бар. Олар келешекте туристерді тартатын қосымша нысандар болуы мүмкін. Солардың бірі – «Akkol Resort» мәдени сауықтыру кешенінің құрылысы болып табылады. Бұл жобаның құны 11,9 миллиард теңге. Құрылысы келесі жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Нұр-Сұлтан қаласына жақын орналасқан Ақкөл ауданында «Баян Жүрек» көпбейінді табиғи кешенін салу жоспарлануда. Бүгінгі күні жобаның иесі Кеңес селолық округінде 86,4 гектар жер учаскесін жалға алды, енді жобалық-сметалық құжаттамасын жасамақшы. Жобаның құны 785 миллион теңгені құрайды. Құрылыс 2023 жылы басталып, 2025 жылы іске қосылады. Аршалы ауданының «Бейбарыс» демалыс аймағында бассейн құрылысы аяқталды. Жобаның құны 300 миллион теңге. Волгодонов селолық округінде «Көктерек сервис» серіктестігінің туристік демалыс базасының құрылысы жүргізілуде. Компания дәретхана, шешінетін орын, касса, әкімшілік, күзет, пирс, балалар алаңы, алтыбақан, 70 жататын орын, қоқыс ыдыстары, жарық, понтондар тәрізді су жағалауының шағын инфрақұрылымын салды. Электр қуаты мен интернет тартылды. Жан-жағы қоршалып, жаяу жүргіншілер жолы төселді. Шағын үйлер салу жоспарлануда. 2025 жылға дейін 700 миллион теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Шортанды ауданының Дамса өзенінде «Home Family» демалыс аймағының құрылысы жүргізілуде. Жобанының құны 225 миллион теңгені құрайды. Нысан 2023 жылы пайдалануға берілсе, 25 жұмыс орны ашылады. Целиноград ауданында жұмыс істеген тұрғын «Золотой Фазан» демалыс базасын ұлғайту бойынша құрылыс жұмысы жүргізілуде. Қосымша 5 коттедж бен шағын үйлер салынады. Әкімдіктер Астана маңындағы аудандарды одан әрі дамыту мақсатында стихиялық демалыс орындарында кәсіпкерлік жұмысты ұйымдастыру үшін учаскелер бөлу жұмысын жүргізуде.
Республикалық маңызды жобалар
«Бурабай» арнайы экономикалық аймағын құру Бұл аймақ Қазақстан Республикасы Президентінің 2008 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен құрылды. Арнайы экономикалық аймақ аумағы 370 гектарды құрады. 2008-2017 жылдар аралығында өз жұмысын жүргізіп келген. «Бурабай» АЭА-ның инфрақұрылым құрылысы 2017 жылы толық аяқталды.
«Бурабай» АЭА-сының қызметі түрлері:
1) туристік қызметтерді көрсету;
2) туристерді орналастыру орындарының, шипажайлар мен сауықтыру нысандарының құрылысын жүргізу және пайдалануға беру.
«Бурабай» арнайы экономикалық аймағының тиімділігі «Бурабай» АЭА жұмыс істегеннен бері 14,7 миллиард теңге инвестиция тартылды. 2017 жылдың үшінші тоқсанын қоса есептегенде, салық түсімінің көлемі 0,9 миллиард теңгені құрады. Тауарлар мен қызмет өндірісінің көлемі 24,8 миллиард теңге болды. 800 жұмыс орны ашылды. 2012-2016 жылдары «Бурабай» АЭА аймағында «Borovoe Tourism City» cеріктестігінің шет елдік өкілінің қатысуымен жаңа жоба жүзеге асырылды. Бұл жобаның құны 14,1 миллиард теңге.
Осы қаржыға 200 нөмірлік «Rixos Borovoe» бесжұлдыздық деңгейдегі халықаралық отелі, «Қазақстандық Лапландия» ойын-сауық кешені, жабық теннистік корт, арқан паркі, жыл бойы жұмыс істейтін вейк-паркі, жалға беретін орындар, веложолдар және тағы басқа спорттық-сауықтыру орындар пайдалануға берілді. Жұмыс мерзімінің бітуіне байланысты 2017 жылдың соңында «Бурабай» АЭА қысқартылды. Аймақ аумағы тиісті жер қорының санатына ауыстырылды. Рекреациялық бағыттағы жер Бурабай ауданындағы жергілікті атқарушы органның қарамағына өтті.
«Макинск құс фабрикасы» серіктестігінің құрылысы.
Жоба құны 73,8 миллиард теңге. Құс фабрикасының бірінші кезеңі 2018 жылдың желтоқсанында іске қосылды. Бұл мақсатқа 34 миллиард теңге жұмсалды. Екінші кезеңі 2020 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді. 14,8 миллиард теңге жұмсалды. Үшінші кезеңі 2021-2022 жылдарда екі кезеңге жоспарлануда. 2018 жылы 3 186,8 тонна құс еті өндірілді. Бұл – облыстық көлемнің 13,7 пайызы. 2019 жылы 23 034,3 тонна, 2020 жылы 31 183 тонна құс еті сатылды. Бұл тиісінше 50,9 және 56,5 пайыз өнім Нұр-Сұлтан қаласының, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының сауда орындарында сатылады. Өнімді Ресей мен Қырғызстанға экпортқа шығару жоспарлануда.
Құс фабрикасының 2 кезеңі іске қосылғаннан кейін нысан Орталық Азияда құс еті өндірісінің көлемі бойынша ірі кәсіпорынға айналады. Бүгінгі күні бұл құс фабрикасының есебінен құс етіне деген тұрғындардың сұранысы жергілікті өндіріс арқылы толық өтеліп қана қоймай, одан екі есе асып түседі. Макинск құс фабрикасы
2 кезеңінің жобалық қуатына шығуы ел тұрғындарының құс етіне қажеттілігін 15 пайызға дейін қамтамасыз етіп, құс еті бойынша еліміздің импорт көлемінің үштен бірін жабуға мүмкіндік береді. Үшінші кезеңнің жүзеге асырылуы бұл қажеттілікті 30 пайызға дейін қамтамасыз етіп, құс еті бойынша еліміздің импорт көлемін 50 пайыз жабуға мүмкіндік туады.
Материалды дайындаған
Серік Жетпісқалиев,
Рамазан Тілеуов,
Ұлмекен Сәдуақасова,
«Арқа ажарының» өз тілшілері.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.