Ақмола облысының тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері

Ақмола облысы Қазақстанның маңызды аграрлық-индустриялық өңірлерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда өнеркәсіп секторы 2021 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша 33,8 пайызды, облыстың жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) үштен бір бөлігін құрайды.
Ел ауқымында облыс 100 пайыз подшипниктер, 67,7 пайыз астық жинайтын комбайндар, 47,4 пайыз мамандандырылған автомобильдер, 45,2 пайыз құрамында алтыны бар кен, 43 пайыз трактор, 37,9 пайыз құс еті, 26,8 пайыз жартылай өңделген алтын, 17,6 пайыз өңделген сүт, 14,5 пайыз қиыршық тас, 11,4 пайыз полипропилен қаптары, 7,6 пайыз минералды су, 6,7 пайыз ұн, 5,6 пайыз сары май, 5,2 пайыз өсімдік майы, 4,5 пайыз бетоннан жасалған бұйымдар, 4,1 пайыз құрамында алтын бар концентрат өндіреді.

Өнеркәсіп

1991 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10 миллион теңгеден 1 триллион теңгеге дейін өсті. 2021 жылдың он айындағы көрсеткіш – 897,5 миллиард теңге, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 8,6 миллион теңгеден 867,1 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. 2021 жылдың он айындағы түсім 751,2 миллиард теңгені құрады.

Тәуелсіздік жылдары, атап айтқанда, 1997 жылдан бастап облыс-та құрамында алтыны бар кен өндіру және өңдеумен айналысатын «Алтынтау Көкшетау», қап өндіретін «Новопэк», кірпіш өндіретін «ЕНКИ», ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника өндірісімен шұғылданатын «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы», цемент шығартын «Көкше-Цемент» ӨБ» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты жаңа ірі және орта кәсіпорындар ашылды. Жоғарыда аталған барлық жобалар облыс экономикасы үшін серпінді жобаларға айналды.

Экономиканы әртараптандыру және шикізатқа тәуелділіктен арылу мақсатында 2010 жылы Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы қабылданды.
2010-2020 жылдарғы индустрияландыру кезеңінде облыста 340,2 миллиард теңгеге 103 жоба іске асырылып, 10,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Индустрияландыру картасының жобаларын іске асыру бұрын шығарылмаған, соның ішінде экспортқа бағдарланған 20-ға жуық жаңа өнім түрлерінің, атап айтқанда, алкогольсіз сусындар, пластикалық құбырлар, пестицидтер, биотыңайтқыштар, биг-бек қаптар, полиэтилен, күкірт қышқылы пакеттері, жануарларға арналған вакциналар, цемент, ауыл шаруашылығы және коммуналдық техника, астық кептіргіштер және тағы басқа өнімдер шығару өндірісін ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

Индустрияландыру картасы бойынша жыл соңына дейін 3,9 миллиард теңгеге 5 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде жылына 700 дана ауыл шаруашылығы техникаларын шығара алатын құны 1,5 миллиард теңгелік «Kazrost Engineering Ltd» жеке компаниясы мүмкіндігін кеңейту сияқты маңызды жобалар бар. Сондай-ақ, Атбасар ауданында «БАХА СОНЕ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 14,4 мың тонна сұлы үлпектерін шығара алатын 1,8 миллиард теңгелік азық-түлік фабрикасының құрылысын жүзеге асыру қолға алынуда.

Экспорт көлемі 2004 жылы 129,8 миллион АҚШ доллары болса, 2020 жылы (1991-2003 жылдардағы статистикалық деректер жоқ) 741,6 миллион АҚШ доллары көлеміне жетті. 2021 жылдың тоғыз айының қорытындысы 437,4 миллион АҚШ долларын құрап тұр. Оның ішінде шикізаттық емес экспорт көлемі 2008 жылғы 339,3 миллион доллардан, 2020 жылы 394,6 миллион долларға жетті.

Облыста бұрын Қазақстанда болмаған өндірістер іске қосылды. Олардың қатарында «Сапа Су» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің темірбетон шығаратын заводы, сфералық подшипниктер өндірісін игерген «ЕПК-Степногорск» акционерлік қоғамы, кешенді био тыңайтқыштар өндіретін «BIOTRON Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, сирек кездесетін металдар «SARECO» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар.

Соңғы жылдары өңірлік экспорт номенклатурасы тауық жұмыртқасы, құс және ірі қара мал еті, сусындар, аяқ киім және арнайы киімдермен толықтырылды. Бұл тауарлар Ресей, Қытай Халық Рес-публикасына сатылады. Облыста жалпы қуаттылығы 284,5 миловатт болатын 7 жел және 1 күн электр станциясы салынды. 119 миллиард теңгеге 65 мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобалары іске асырылуда. 11,9 миллиард теңге мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобалары аясында тұрғын үй құрылысы саласында 3 нысан пайдалануға берілді.

Инвестициялар

1991 жылдан бастап негізгі капиталға инвестициялар тарту 3,7-ден 425 978,6 миллион теңгеге дейін жетіп, 115 есе өсіп, 426 миллиард теңге болды. Ағымдағы жылдың 10 айында ИКК 403,1 миллиард теңгені құрады. 2015 жылдан 2021 жылдың бірінші жарты жылдығына дейін 693,4 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды.

Агроөнеркәсіп кешені

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін агроөнеркәсіп кешені өңір экономикасының ажырамас бөлігі болып қала береді. 1991 жылдан бастап ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 59,5 есе немесе 672,1 миллиард теңгеге дейін өсті. Атап айтсақ, 1991 жылғы 11,3-тен 2020 жылы 672,1 миллион теңгеге дейін өсім байқалды. Ал, 2021 жылдың 10 айында ол 682,2 миллиард теңгені құрады.

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары 1991 жылы 1443 мың гектар болса, 2021 жылы 5045 мың гектарға дейін өсті.

Аса маңызды дақылдар – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өндірісі 2,5 миллион тоннаға артты. 1991 жылы 2,6 миллион тонна болса, 2020 жылғы өңдеуден кейінгі салмағы 5,1 миллион тоннаға дейін жетіп, 2021 жылы астықтың жалпы түсімі 4 миллион тоннаны құрады. Майлы дақылдар алқабы 2001 жылдан бастап ұлғайтылып, 256,5 мың гектарға жетті. Бұл алқап көлемі 2001 жылы 8,5 мың гектар, 2010 жылы 130,5 мың гектар болса, 2021 жылы 265 мың гектар болды.

Ақмола облысында ауыл шаруашылығы кооперативтері бірігіп жұмыс істейді. Бүгінгі таңда өңірде статистикалық деректерге сәйкес 273 ауыл шаруашылығы кооперативі тіркелген. Олар 193 ұйымдасқан шаруашылық және 7,1 мың үй шаруашылығына біріккен. Сонымен қатар, олардың қызметі негізінен мал шаруашылығының екі негізгі саласын – сүт пен етті дамытуға бағытталған.

Кәсіпкерлік

1999-2021 жылдар ішінде шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны 47,5 есе өсті. 1999 жылғы 1024 бірліктен 01.11.2021 жылға 48642 бірлікке дейін жетті. Бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 11,4 есе өсіп, 1999 жылғы 11,7 мың адамнан 2021 жылдың 1-ші жартыжылдығында 133,5 мың адам болды. Өнім шығару көлемі – 13,3 есе; 69,9-дан 929 миллиард теңгеге дейін, 2021 жылдың 1-ші жартыжылдығында 496,1 миллиард теңгеге дейін жетті. Шағын және орта бизнес субъектілерінен салық түсімдерінің көлемі артты. 2014 жылдан 2021 жылдың қаңтар-қазан айларына дейін ол 1,9 есе немесе 23,3-тен 50,8 миллиард теңгеге дейін артты.

Инфрақұрылым

Бүгінде өңірде құрылыс қарқыны жедел артуда. Соңғы жылдары жылына жарты миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынуда. 30 жыл ішінде 6,9 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып, 62,4 мыңнан астам отбасы жаңа пәтерлерге көшті. Өңірдің жоғары көліктік-логистикалық әлеуеті бар. Учаскелердің жалпы көліктік-пайдалану жағдайы едәуір жақсарды. Бүгінде жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары желісінің ұзындығы 7,8 мың шақырым. Ал, 1991 жылы бұл көрсеткіш 5,3 мың шақырымды құрайтын.

Тәуелсіздік жылдарында 1,8 мың шақырым автомобиль жолы салынды, 1 мың шақырымы жөнделді, жалпы ұзындығы 4 шақырымнан асатын 25 көпір пайдалануға берілді. Солардың бірі – Талапкер ауылы мен Нұресіл ауылының арасын жалғайтын «Ақмол-Нұресіл-Талапкер» автомобиль жолындағы көпір. Жолдарды қайта құру кезінде пайдаланылатын материалдардың 90 пайыздан астамы қазақстандық кәсіпорындарда өндірілген. Жолдардың 78 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.

Тәуелсіздік жылдарында облыстың елді мекендеріндегі көшелердің жол жабыны 1991 жылғы 20 пайыздан 2021 жылы 74 пайызға дейін жақсартылды, ұзындығы 1245 шақырым көшелер жөнделді. Ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен жабдықтау елді мекендердің жалпы санынан 30,8 пайыздан 62,9 пайызға дейін 2 есеге ұлғайды. Ауылдық елді мекен халқы жалпы санынан 1,5 есе, 54,3 пайыздан 84,1 пайызға дейін өсті.
365 ауылда сапалы ауыз суға қол жеткізу мәселесі шешілді. Сонымен қатар, 207 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмеген, оның ішінде 18 ауылға су тасымалданады.

(Жалғасы бар).

 286 total views,  2 Views Today

By admin

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Өзге де жаңалықтар