Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Елбасы және Тәуелсіздік - АРҚА АЖАРЫ

Елбасы және Тәуелсіздік

Кемеңгер тұлға, Ұлт Көшбасшысы-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың құрметіне Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде 2018 жылы «Елбасы және Тәуелсіздік» залының жаңа экспозициясы ашылған еді. Музей экспозициясында Елбасының көшбасшылық тәжірибесі көрермен қауымға Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени жаңғырудың тарихи көрінісі арқылы ұсынылған.

Көрме залы Ұлт көшбасшысының нақыл сөздерімен бастау алып, онда «ХХ-ХХІ ғасырлар тоғысы Қазақстан үшін дүниені дүр сілкіндірген Ұлы Бетбұрыс уақыты болды. Егемен ел атанып, Тәуелсіз мемлекет құру – Еуразияның байтағын мекен еткен байырғы халықтың мыңжылдық тарихындағы ғажайып сәт еді. Жеңіс пен жетістік – жасқанбай алға ұмтылғанның еншісінде. Қазақстанды жоғары дамыған мемлекетке айналдыратын – озат ойлы, жаңашыл да жасампаз азаматтары. Ол үшін әркім жан-жақты және кемел білімге ден қойып, қажырлы еңбек пен өзін-өзі толассыз жетілдіруді өмір салтына айналдыру қажет. Демек, бүгін де болашақ үшін құлшына іске кірісетін, жігерімізді жанып, санамызды өзгертетін сәт тағы туып тұр. Ұлы тарих Кемел келешекке жетелейді», – делінген.

Экспозициялық залдың ортасында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері, Ата Заң – Қазақстан Республикасының Конституциясы, Ұлттық валюта – теңге орналастырылған.

Тәуелсіздікке қол жеткен жылдардан бастап-ақ, яғни, 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы бекітілсе, сол жылдың желтоқсанында Мемлекеттік Гимн мәтіні шығарылды. 1996 жылдың 24 қаңтарында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңы қабылданды.

Мемлекеттік рәміздер – әрбір дербес мемлекеттің ажырамас бөлігі, мемлекеттіліктің символы болып саналады. Егемендіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туының жобасын жасауға байқау жарияланған. Оған 600 жоба қатысыпты. Соның ішінде Шәкен Ниязбековтің жобасы ең үздік деп танылған. Ал, Қазақстан Республикасының Елтаңбасы Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың архитектуралық шығармашылық негізіндегі еңбектерінің жемісі. Олардың жобасы 245 еңбектің ішінен таңдалып, жеңімпаз атанған.

1992 жылдың басында Қазақстан Республикасының жаңа Әнұранының сөзі мен әніне байқау жарияланды. Іріктеу комиссиясына 750-ге жуық жоба келіп түскен. Қоғам белсенділерінің шешімімен бұрынғы Әнұранның әуенін қалдыру ұйғарылып, нәтижесінде Әнұранның сөзін ел ақындары Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев пен Жадыра Дәрібаевалар жазды.

1993 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстанның Ұлттық валютасы – теңге енгізілді. Алғашқы Ұлттық валюталарда Қазақстанның тарих, ғылым және мәдениет салаларының көрнекті тұлғалары бейнеленді. Кейін экономикалық тәуелсіздіктің символдарын сипаттайтын белгілермен суреттеле бастады.

Көрме залындағы тәуелсіздіктің нығаю тарихы жаңғырудың үш кезеңімен көрсетілген. Көрме залының келесі кезеңі «Елбасы жолы – елдіктің жолы» деп аталады. Тұңғыш Президент-Елбасының өмірбаянына арналған бұл экспозицияда Нұрсұлтан Әбішұлы 1940 жылдың 6 шілдесінде Алматы облысы, Қаскелең ауданының Шамалған ауылында дүниеге келгені мәлімделген. Болашақ Ұлт Көшбасшысының балалық шағы соғыстан кейінгі қиыншылық кезеңдерге сәйкес келіпті. Соған қарамастан, дарынды жасөспірімнің көшбасшылық қасиеттері байқала бастаған. Он сегіз жасында металлург болуды мақсат тұтқан ол Украинадағы Днепродзержинск металлургия зауытының жанындағы кәсіби-техникалық училищеде мамандық негіздерін игерді.

Елбасының еңбек жолы Теміртау қаласында басталған. Жас металлург Қарметкомбинатта қызмет атқара жүріп, бірнеше мамандықтарды игерді. Ол бүкілодақтық съездер мен халықаралық фестивальдерге делегат ретінде қатысып, сол кезеңдегі қоғамдық-саяси қызметі бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен көрініс таба бастаған. Қарағанды политехникалық институтын тәмамдағасын, Нұрсұлтан Назарбаев біржола мемлекеттік қызметке ауысады. Көшбасшының іскерлік қабілеті оның кәсіби мансабы мен беделінің күрт өсуіне ықпал етті. Ол 1977 жылы Қарағанды облысының екінші хатшысы болып тағайындалса, 1979 жылы Қазақстан Үкіметінің хатшысы қызметін атқарды. 1984 жылы Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақ Республикасының ең жас Премьер-Министрі болды.

1989 жылы атақты ақын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов «Невада-Семей» – халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысты ұйымдастырғанда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз тарапынан үлкен қолдау көрсетті. 1995 жылы Қазақстандағы ядролық қару түбегейлі жойылды. Қазақстан тарапынан көрсетілген мұндай табандылық мен ұтқыр дипломатиялық стратегия ұлттық қауіпсіздікке, аумақтық тұтастыққа кепілдік берді. Әрі еліміз халықаралық қауымдастықтың беделді бейбітсүйгіш мүшесіне айналды.

«Тәуелсіздіктің қалыптасу тарихы. Қазақстанның бірінші жаңғыруы» деп аталатын көрме залының келесі экспозициясында тұңғыш бүкілхалықтық Президенттік сайлау 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткені баяндалған. Президент болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды. Сайлау нәтижесі саяси-этникалық тұрғыдан қарағанда республикамызда ұлтаралық татулықтың бекем екендігін көрсетті. Себебі, сайлауға қатысқан халықтың 98,78 пайызы Нұрсұлтан Әбішұлына дауыс берген. Саяси күнтізбеде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні 1 желтоқсанға белгіленіп, күні бүгінге дейін аталып келеді.

Музейге келушілердің назарына осы сайлау жайында баяндайтын мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалар ұсынылған. Мәселен, Көкшетау қаласында 1991 жылы 3 желтоқсан
айында жарыққа шыққан облыстық «Көкшетау» газетінің нұсқасы қойылып, онда «Республикамызда Қазақстанның Президентін сайлау зор табыспен өтті», «Нұрсұлтан Назарбаев – Халық Президенті», «Ел тілегі – Егемендік» атты мақалалар жарияланғаны көрсетілген.

Бұдан кейінгі көріністе еліміздің қоғам және мемлекет қайраткері, танымал жазушы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болған Жабал Ерғалиевтың құттықтау сөзі мен суырып салма ақын Иран сал Тасқараның жолдау хаты ұсынылған. Онда «Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы! Өз ғасырының ұлы перзенті ретінде тарих Сізге өзінің әділ бағасын берері сөзсіз! Жаңа астана – Ақмола халқымыздың жан қуанышы, Қазақ елінің абыройы мен беделі болып жасарып, жайнай берсін! Жабал Ерғалиев, жазушы, Көкшетаудағы «Қарасай батыр» қорының президенті, халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты.

Көкшетау, 1997 жыл» делінсе, келесі жолдау хатта: «Қадірлі Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізді туған күніңізбен, ерлігіңіздің бастамасы, жарқын көрінісі Астанамыздың 10 жылдық мерекесімен құттықтап отырған Көкше еліндегі өнерпаз «құрдасыңыз» Иран Тасқараұлы, осы қуанышты мерекелерімізге арнап шығарған дискімнің алғашқысын сізге сыйға тартамын. Құрметпен, «Көкше әуені» әндер жинағының авторы Иран Тасқара. 29 мамыр 2008 жыл» деп баяндалған.
Бұдан кейінгі көріністе 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданғаны жазылған. Қазақстан Республикасының Конституциясы республикалық құрылыстың негізін, мемлекеттік билік жүйесін және Қазақстан мемлекеті мен азаматының қатынасын белгілейді. Сондай-ақ, өз жерінде толығымен билік жүргізуге, өзіндік ішкі және сыртқы саясатты іске асыруға, барлық мемлекеттермен халықаралық қарым-қатынастар құқығына ие болуға мүмкіндік бере отырып, өз аумағының белгіленген шекарасына ешкімнің тиісуге құқығы жоқ екендігін нақты айқындап берді.

1992 жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысының Жарлығы негізінде Қазақстан Республикасының Ұлттық «Ұлан» гвардиясы құрылды. Бұл жайында музей экспозияциясында қойылған құжаттар баяндайды. Ұлттық «Ұлан» гвардиясының құрамына үкіметтік күзет батальоны, құрмет қарауылы мен үлгілі оркестр енгізілген. Жалпы, Қазақстан әскерінің ресми тарихы «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлыққа қол қойған кезеңнен, яғни, 1992 жылдың 7 мамырынан басталады. Ал, Жоғарғы Кеңес алғашқы Әскери доктринаны 1993 жылдың 11 ақпанында мақұлдаған. Құжатта елдің бейбіт саясаты паш етілгені және қорғаныс сипатына ие болғаны жазылған.

Осы мәліметтердің дәлелі ретінде, көрме залының қабырғасында 1992 жылы түсірілген Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Республикасының қорғаныс Министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың фотосуреттері ілінген. Оның жанына Ұлттық «Ұлан» гвардиясының шерулік формасының түпнұсқасы қойылған.

1993 жылдың 1 сәуірінде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік марапаттары туралы» заң қабылданып, «Халық Қаһарманы» атағы беріле бастады. Осы атаққа теңестірілген, жоғары дәрежені ерекшелейтін тағы бір белгі – «Алтын қыран» ордені болып саналды. Ал, 2001 жылдың 3 мамырынан бері елдің қалыптасуы мен дамуына сіңірген ерекше еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» ордені беріле бастады. 2008 жылдың 1 желтоқсанында Қазақстан Республикасының жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы бекітілді. Ол «Халық Қаһарманы» атағымен және «Алтын қыран» орденімен теңестірілді. Осы атақтар мен ордендер көрме залының экспозициясынан орын тапқан.

Экспозицияның бел ортасында Елбасының іске асырылған бірегей ойы, халықтың қуаты мен өркендеуін суреттейтін, жаңа тәуелсіз Қазақстанның мақтанышы, Ұлы Дала мемлекетінің елордасы бейнеленген. 1997 жылдың 20 қазанында Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола болғанын ресми түрде жариялағаннан бастап күні бүгінге дейін елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының гүлденіп дамығаны, әсемделе түскені айшықталып көрсетілген.

Экспозиция залының үшінші кезеңі «Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына» арналған. Мұнда Тәуелсіз Қазақстан – халықаралық деңгейде танылған заманауи, халықаралық беделді ұйымдар қатарын басқарып отырған қуатты мемлекет, реформалар мен жаһандық бастамалар көшбасшысы ретінде көрініс табады. Қазақстан күні бүгінде Орталық Азия, Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа елдері және мұсылман мемлекеттерімен тығыз байланыста. Қазақстанның сыртқы саясаты негізінде тарихи және геосаяси дәстүрлер, экономикалық және стратегиялық басымдықтар қалыптасты.

«Елбасы және Тәуелсіздік» экспозициялық залына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың костюмі де қойылды. Сонымен қатар, бұл залда халықтың тұрмысын жақсартуға, мемлекеттілік пен қоғамды жаңғыртуға, ұлттық бірлік пен ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған Қазақстанның ішкі саясатының негізгі бағыттары баяндалған. Солардың негізінде Елбасы ұлттық қауіпсіздік саласының негізгі басымдықтарына, аймақтық тұтастық тұжырымдамасын қалыптастыруға, қазақ халқының нығаюы мен түркі халықтарының бірлесуіне мән бергенін байқаймыз.

Міне, осылайша «Елбасы және Тәуелсіздік» көрме залында бейнеленген экспозициялар арқылы заманауи Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге нық қадам басқанын көре аламыз. Тәуелсіздік жылдары Елбасы үш ауқымды жаңғырту кезеңін өткізді. Алғашқы жаңғырту ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында нарықтық экономикаға өту арқылы жүзеге асты. Еліміз халықаралық деңгейде танымал бола бастады. Екінші жаңғыртуда Қазақстан әлемнің бәсекеге қабілетті елу мемлекеттердің қатарына енді. Қазақстанның үшінші жаңғыруы саясат, экономика мен сана триадасынан құралды. Жаңғырту аясындағы жұмыстар саяси институттардың болашақта дамуына, мемлекеттікті нығайтатын экономикалық-құрылымдық реформаларға, ұзақ мерзімді әлеуметтік-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталды.

Тәуелсіз Қазақстан – әлем қауымдастығы мойындаған реформалар мен ғаламдық бастамалар көшбасшысы, бірқатар халықаралық беделді ұйымдарға жетекшілік жасаған заманауи қуатты мемлекет. Тәуелсіздік жылдары ішінде көптеген табыстарға қол жеткізілді. Еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі, көп ұлтты Қазақстан халқының жарастығы мен ынтымақтастығы Елбасының жүргізіп отырған парасатты көреген саясатының нәтижесі деп білеміз.

Бибігүл БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар