Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әже, қандай аппақсың, ай нұрындай! - АРҚА АЖАРЫ

Әже, қандай аппақсың, ай нұрындай!

Парида Рақымжанқызы Нәбиева  90 жасқа толғанда

Әже, қандай кеңпейіл,
Әдемісің,
Ежелгінің
Ескірмес сәлемісің.
Әлдилеген
Әуелден мейіріммен,
Әуелеген
Әлемнің әуенісің.
Ер атанып жүрсем де ел алдында,
Сәби болып кетемін әжем үшін!
 
Әр беріп
Атамыздың айбынына,
Алдырмай
Қапталдасқан қайғы-мұңға.
Қос аққудай жарасып,
Жүзіп өттің,
Мөп-мөлдір
Махаббатың айдынында.

Байырғының
Ізімен  бағалармын,
Әулиедей,
Бағын ойлар балалардың.
Босағасын бекітіп
Боз орданың,
Байрағына
Байланған бабалардың.
Ай әлемді,
Келсе де алты айналып,
Әжеден
Артық атты таба алар кім?
Ежелден
Кие қонған әжімді сөз,
Әже деген
Анасы аналардың!

Қыздар қуып, жетпеген,
Құр қиялды,
Бақыт қой,
Сәби күлген үйдің алды.
Әйел болу аяулы –
Қыз арманы,
Әже болу –
Әйелдің идеалы!

Өзің ғой,
Үзілмес жыр, үлгілі аңыз,
Әжіміңнен
Сәулелі сыр ұғамыз.
Бұлағынан
Сусындап әңгімеңнің,
Шуағынан
Жаныңның жылынамыз.
Шүйкімдей боп,
Сен неткен сүйкімдісің,
Саяңа кеп
Сайғақтай тығыламыз!

Жеп-жеңілсің,
Мамықтай үлпілдеген,
Ізгіліктен жүрегің лүпілдеген,
Тұнық көкте
Қалқыған ұлпа бұлттай,
Елдің бағын
Әжедей кім тілеген?!

Әже, қандай аппақсың,
Ай нұрындай,
Немере мен шөбере
Тай-құлындай.
Шұрқырап,
Үні қандай әжелеген,
Жүрегіңді
Жылытқан жайлы ұғымдай,
Қасиетке
Бөледің төрімізді,
Бір өзің
Бір әулеттің байлығындай,
Аялаған
Айнала дүниені,
Аппақ болып жасай бер,
Ай нұрындай!

 

 

 

Қара қызға мадақ

 

«Ай аруды
Әспеттейді бар аңыз,
Ал біз мүлдем
Ескерусіз қаламыз,
Жазыңызшы
Мадақ жырын бізге!»–деп,
Күлімдеді
Кең сабадай қара қыз!

Адам ұлы
Аяулысын аппақ дер,
Аппақ қызды
Ел ардақтап, таппақшы ер,
Сұлулыққа
Сүйсінеді әркім  де,
Мықты  болсаң,
Қара қызды мақтап көр!

Ойнақтаған ойсыз емес,
Шоқ басқан,
Тәрбиелі,
Тиым сөзге тоқтасқан,
Қараңғыны
Жарық қылып, жылытқан,
Қарақаттай көзі қандай
От шашқан!
Қара шашы
Сәйгүліктің жалындай,
Тісі – маржан,
Тілі гүлдің балындай.
Қара жорға
Қара жолда тайпалған,
Тұңғиығы
Тұнып жатқан танылмай!

Қарға аунаған
Емес орман түлкісі,
Көлгір емес,
Шын жүректен күлкісі,
Кезген емес
Дүниені көзді арбап,
Жүзі жарқын,
Қисаймаған үкісі!

Көлдей тұнық  көңілдері,
Қаяусыз,
Опа, далап
Жақпайды олар аяусыз,
Саяхатқа
Анголаға  апарсаң,
Аппақ болып көрінбей ме,
Бояусыз!
Айнымаған
Ата жолдан, ізеттен,
Мейір төгіп,
Айналасын ізгі еткен,
Қара қыздың
Қара қазан қолында,
Қара орманның
Қасиетін күзеткен!

Тастай берік
Ерге берген сертіне,
Шалдықпаған
Жалт-жұлт жұлдыз дертіне,
Құдайынан
Кем көрмейді жұбайын,
Күйдірмейді
Қызғаныштың өртіне!

Қайыспайтын
Қара нардай жегінге,
Қарға тамыр,
Қабырғалы елімде,
Құрсағына
Құт дарыған қазына,
Қара торы ана болса,
Тегін бе?!
Білмейді олар
Желік қуған  селтеңді,
Көре білсең
Көңілі пәк, көркем-ді,
Қара қыздар
Қазағымның құнары,
Әулиедей
Әжелер ғой ертеңгі!
 
Аталардан
Ықыласты бата алған,
Қаймықпаған
Қара бұлттай қаһардан,
Қара қыздан
Қабылан боп туғасын,
Қалың қазақ  
Қара қазақ атанған!
 
Шындығы осы,
Қоссам да ептеп әзілді,
Қағидаға
Қайшы келер қазіргі…
Инеліктей аппағынан әлемнің,
Мама қаздай қара қыздар қадірлі!      

 

 

 

Қызыма

 

Сүйемін десең еліңді,
Киелі туған жеріңді.
Боламын десең аяулы,
Алдымен сыйла еріңді!

Ардақта ата-енеңді,
Айрықша бөліп көңілді.
Батамен балам, көркейіп,
Бөлей бер әнге  өмірді!
Құлпырар гүл де бөктерде,
Нәр алып жасыл көктемде.
Әйелсіз ер де бір ғаріп,
Еркексіз әйел көктер ме!?

Мақтауға мас боп, тасыма,
Жан жарың барда қасыңда.
Аялап сүйсе, асқақтап,
Еріңнің шықпа басына!
Әжелер көкке өрлеген,
Бетіне ердің келмеген.
Алыстан көрсе, бөгеліп,
Жолынан өтіп көрмеген.
Бес жасар ұлдың алдында,
Дәмге де бата бермеген.
Аталық рухты сыйласа,
Кем болып содан өлмеген!
Дүние тәтті адамға,
Дәмінен алда дәме мол.
Көнеден қалған өнеге,
Болсын де ұзақ кәде жол.
Азаматыңды сыйлауға,
Аяулы қызым, уәде бер,
Әспеттеп әулет өсіріп,
Әулиедей әже бол!

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар