Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қызылжарлықтардың тамаша тартуы - АРҚА АЖАРЫ

Қызылжарлықтардың тамаша тартуы

Облыс орталығындағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры құрылғанына жиырма жыл толуына орай, «Тәуелсіздік – тұғырым» атты аймақтық театрлар форумын өткізуде. Алғашқы күні Петропавл қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ музыкалық- драма театры Геор Хугаевтың «Қара шекпен» қойылымын ақмолалық көрермендер назарына ұсынды.

 

Сахнадағы көрініс. Көз ұшында мәңгі қар басқан алып таулардың сұлбасы. Бұл мәңгілік деген ұғымды берсе керек. Тау етегінде адамдар қонысы. Дөңгелек барабан пішіндес алаң – сан тағдырлардың тоғысқан орны. Жиектей ит тартқан терілер. Өмірдің ұдайы салтанат құрып, шұғыла шашып тұрмайтындығын, қиын-кескі айқасы, жан алып жан беріскен жанталасы болатындығын меңзейтін ишара іспеттес.
Қара шекпен – адамзат атауының ішінде, жалпы жаратылыста, он сегіз мың ғаламдағы қара ниеттің бет пердесін сыпырып, арыда жатқан, әншейінде байқала бермейтін саналуан мінез-құлықты ашып көрсететін шығарма. Бір қабаты ашылған сайын тереңдей түсесің, ұға түсесің. Ұғып отырып, жиіркенесің. Аза бойың қаза болады.
Автор кейіпкерлерінің ішінде адаммен бірге ит те, көкжал қасқыр да, есек те, түлкі де бар. Көрерменді бір сәт бейжай қалдырмайтын шиыршық атып ширыққан оқиғалардың өрбуі арқылы айтқысы келгендігін айтқан, ұқтырғысы келгенін ұқтырған.
Шығарманың шырқау шегінде қаңыраған қыстауда қожайынының жұлым-жұлым ескі шапанын күзетіп қалған, қысты сіңіріне ілініп арып-ашып әзер өткерген итке иттік жасайтын адамның әрекетін көргенде жағаңды ұстайсың. Текті төбет аштыққа да шыдап, қорлыққа да көніп, әуел баста сүйегіне біткен адамға деген адалдығын танытып еді, тек соны он сегіз мың ғаламдағы жан иесінің ішінде өзгеден ақылы асқан адам ғана ұқпады. Итке иттік жасады.
Төбет байғұс ет жүрегі елжіреп ғашық та болып еді. Сүйіспеншілігін иесіне адалдығы үшін құрбан қылған. Алдап-арбауға да түскен, бірақ, онда да қожайынына деген шексіз берілгендігі жеңіп шыққан болатын. Алдынан қандай кедергі кесе-көлденең тұрса да, иесіне иттік жасамай, адал қызмет етуді мұрат тұтып еді. Сөйтсе, иттен де өткен иттік жасайтындар бар екен. Қым-қиғаш оқиғалардың арасынан әрқилы мінез-құлық қылаңдап көрінеді. Тіпті, ап-анық. Соның кейбіреуін өзіңіз де көргенсіз. Айна-қатесіз танитын тәріздісіз. Өйткені, ондай бейнелердің әлі де болса арамызда жүргендігі шындық қой.
Көкшетаудағы өнер тойына өздерінің өнерін көрші хақысы ретінде көрсетуге келген Қызылжар театрының өміршең өнері көкшетаулық көрерменнің көңілінен шықты. Әсіресе, Тұзар төбеттің рөлін сомдаған Асылхан Разиев, Көкжал кейпіндегі Дулат Тәшкен, алпыс екі айлалы Сылаң түлкінің мың құбылған мінезін айнытпай келтірген Самал Тәшімова, қыр арқасы адамның жүгін арқалаудың жауыр болған Кико есек кейпіндегі Болат Мамытбековтерді бөле-жара атай кетуге болады. Өзгелері де осы биіктен табылды.
Қойылым соңында петропавлдық меймандарға облыс әкімі Сергей Кулагиннің ықылас гүлі мен Алғыс хаты табыс етілді. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының директоры Марал Жақыпова мен Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрының  директоры Біржан Жалғасбаев театр өнерінің тағылымы туралы айта келіп, ақ алғыстарын жолдады.

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар