Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұлттық өнердің тойы - АРҚА АЖАРЫ

Ұлттық өнердің тойы

6 наурыз күні Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ашылғанына 20 жыл толуына орай, өнер ордасы «Тәуелсіздігім – тұғырым» атты аймақтық театрлар форумының соңғы түйінін түйіп, салтанатты кеш өткізді. 

  Алдымен, театр туралы жүрекжарды монолог оқылды. Театрдың ақсүйек өнер екендігі, оның қасиетті сахнасында қойылған әр қойылымды түсініп, түйсіну үшін жан-жүрегіңмен сүйе білу керектігі айтылды. Театрдың қоғамдағы орны, замандастар тәрбиесіне, рухани жан-дүниесіне қосар үлесі де ұмыт қалған жоқ. Одан соң актерлердің шығармашылығын қамтитын фильмнің де әсері күшті болды.
Салтанатты жиын әдемі әзілмен көмкеріліп, уытты ишарамен өріліп отырды. Әр сөзінің астындағы бұғып жатқан астар да атан түйеге жүк боларлық. Әсіресе, «Театрдағы театр» деп аталатын екі актылы спектакль көрерменін еш жалықтырмайтын әдемі өрнек болды. Қағылез ойлы көрермен ғана аңғаратын «адамды қою керек» дейтін сөздің астарында қаншама мән жатыр. Шынында да, театрда ғана емес, өмірде де адамға зәру екендігіміз өтірік пе. «Бәлкім… Жаңа пәтер тиіп қалар» деп сыбырлап айтқан сөздің астарында айғайлап айтатын мәселе жатқан жоқ па. Осының бәрі ойын тәрізді көрінгенімен, асылында шындық.
Алдымен облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының атқарып отырған жұмысына жоғары баға бере келе, театр өнерін сүйетін қауымды, барша
жанашырлары мен көрермендерін 20 жылдық мерейлі мерекелерімен құттықтады. Театр өнеріне елеулі еңбек сіңіріп жүрген Төлеубек Көңбай, Жанар Құсайынова, Айна Жүнісоваларды облыс әкімінің Алғыс хатымен, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің 100 жылдығына орай «Батырлық жолы» спектаклінің авторы Құдайберлі Мырзабекті, қойылымның режиссері Мұратбек Оспановты, басты рөлде ойнаған Бағлан Иманғазиновты, тағы басқаларын  Мәлік Ғабдуллин атындағы төсбелгімен марапаттады. Қазақстан Рес-публикасы Парламенті Сенатының депутаты, жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің тереңнен толғап айтқан аталы сөзі кімді де болсын терең ойға батырмай қоймас еді. Өзі де драматургия саласында сәтті қалам тербеп жүрген қаламгер Көкшетаудағы өнер ордасына қарыздар екендігін де үлкен тебіреніспен айтып өтті.   
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева мен мәдениет мекемелерінің басшылары сахна төріне көтеріліп, жылы лебіздерін білдірді. Мәдениет қызметкерлері атынан сөз алған Мәлік Ғабдуллин атындағы музейдің директоры, белгілі ақын Құдайберлі Мырзабек театр өнері, оның ішінде өз театрымыз, оның тыныс-тіршілігі жайлы ой толғап, ілкідегі тарихы мен бүгінгі баянды биігі жайлы келелі ойларды келістіріп айтып берді. Тағы бір ерекше лебізді Алматы қаласынан әдейі келген Алаштың ардагер перзенті Жұмабек Тәшеневтің балдызы Сақыпжамал Сабырова мен кенже келіні, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Фатима Садыққызы жолдады. Олар Көкшетау театрының өз аталары, қазақ халқының кемеңгер перзенті Жұмабек Тәшеневтің бейнесін сомдаған қойылымдарына жоғары баға бере келе, әдейілеп әкелген тарту-таралғыларын табыс етті.
Театр өнері жергілікті журналистер тарапынан әр кезде қолдауға ие. Сахна төріне облыстық «Арқа ажары» газетінің бас редакторы Қайырбай Төреғожа мен оның орынбасары Байқал Байәділов, қалалық «Көкшетау» газетінің редакторы Серік Жетпісқалиев көтерілді. Жиырма жыл бойы халқына адал қызмет етіп келе жатқан театр ұжымына, алғаш құрылуына ерен еңбегін сіңіріп, ат салысқан, марқұм Жақып Омаров пен театр анасы, Қазақстанның халық әртісі Жібек Бағысоваға,  Мұратбек Оспановқа алғыс айтылды.
Көкшетауда алғаш театр ашылған тұста Көкшетау облысының әкімі болып қызмет атқарған Қызыр Жұмабаев естелігімен бөлісті. Театр директоры Марал Жақыпова мерейлі мерейтойдың әсерімен толғанып, тебіреніс сезімін жасыра алмай, тереңнен толғап сөз сөйледі. Жиырма жылдыққа байланысты театр тарихын қамтитын «Тәуелсіз ел – театр тарихында» жинағының тұсаукесерін жасады.  
Аймақтық театрлар форумын жазушы-драматург Жабал Ерғалиевтің «Қилы жол» қойылымы түйіндеді. Өткен жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай, Жамбыл облысында өткен торқалы тойда тәмам елді тәнті еткен қуатты шығарма көкшелік көрермендерді де тарих қойнауына сүңгітіп, есте жоқ ескі кезеңнің естен кетпес оқиғалар желісімен сусындатып, баға жетпес рухани байлыққа бөледі. 

 

Байқал БАЙӘДІЛОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар