Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұңмен алысқан адам - АРҚА АЖАРЫ

Мұңмен алысқан адам

Ақмола облыстық Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының 20 жылдық тойына орай, солтүстік аймақтағы театрлардың басын қосқан «Тәуелсіздік – тұғырым» атты форумның екінші күні Қостанай облыстық Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры Жолтай Әлмашұлының «Мұңмен алысқан адам» атты драмасын сахналады.

Режиссер Ерсайын Төлеубайдың бұл қойылымында Асан ақсақалдың рөлін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Қонысбек Бегайдаров, Мараттың рөлін – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Айбол Шәкіржанов, Елжанды – Нұрлыбек Кенжеахметов,
Маржанды – Зәмзәгүл Бегайдарова, өзбек жігітті – Қуаныш Маратұлы, Мұртты жігітті – Аслан Кенжетай, кекілді баланы – Төленді Әлғожин ойнады.
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары тағдыр тәлкегімен туған елінен амалсыз ауып кеткен қазақтың бір бай әулетінің ұрпағы – Асан ақсақалдың қартайған шағы. Немересі Кекілді баланы қасына алып, туған жер туралы ойларын айтып, оны қалай аңсап жүргенін ақсақал күрсіне әңгімелейді. Әріректе экраннан Париждегі Эйфель мұнарасы көрінеді, ал, сахнаның ортасында көктастан жасалған ескерткіш тұр. Ақсақал немересіне туған жерге оралғысы келетінін, бірақ, үлкен ұлы Мараттың түбегейлі қарсы екендігін айтып көкірек жара күрсінеді. Сол сәт екі ұлы
Марат пен Елжан келеді. Елге көшу туралы сөз болып аяғы ұрысқа, дауға ұласады. Елжан елге оралатынын, әкесінің соңғы тілегін орындайтынын айтса, Париждегі бизнесін енді ғана жолға алған Маратқа Қазақстанға көшу – қажетсіз іс болып көрінеді. Атасы мен немересі сахнадан ұзап барады. Ортада екі ағайынды жігіттің өнбес дауы қыза түскен.
– Ұлт деген не? Қазақ болмаса әлем қаңырып қала ма? Осы адамдар неге ұлтқа, ұлысқа бөлінеді? Қазақ болу міндет пе? – бұл Мараттың ойы. Елім деп елжіреген – Елжан. Драматург осы екі адам арқылы қазіргі қоғамның кескін-келбетін бергендей.
Сахнаға сықылықтап күліп екі абысын шығады. Бірі – Елжанның жұбайы Маржан, екіншісі – Мараттың әйелі Эльция. (Соңғысы – француз.) Автор Эльция арқылы өзге ұлттың қазаққа деген көзқарасын, пікірін анық жеткізе алған. Эльцияның түсінігінше қазақ халқы өзге ұлтқа қанша қонақжай болғанымен, өз ішінде берекесіз, бірліксіз. Ол 20-шы ғасырдың басында Парижге келіп ән салып, елдің құрметіне бөленген Әміренің Қазақстанға  қайтып барғанда тыңшы деп
айыпталып, қорлықпен өткен өмірін, Мұстафа Шоқайдың елден қашып, Францияда бас сауғалағанын айтып айыптаса, Маржан қазақ халқын ақтай алмай әлек.
Үлкен ұлын елге қайтуға көндіре алмаған Асан қария ортадағы ескерткіштің түбіне келіп, жүрелеп отырып жылайды. Марат пен Елжанның да дауы бітпейді. Ақыры Елжан кәрі әкесіне елге қайтатын билет алып, туған жері Түркістанға Маржан мен Кекілді баланы ертіп оралады.
– Кетсеңдер кете беріңдер! Мен қаламын! Жалғыз қалсам да қаламын, –  деп сахнада өз ойымен арпалысқан Марат тұр.
Асан мен Қоңыркүбі балаларына екі түрлі тәрбие берген. Маратты француз мектебінде оқытса, Елжанды анасы қазақтың жыр
дастандарымен сусындатып өсірген. Туған елге деген олардың көзқарасы да сол тәрбиенің жемісі.   
Түркістан. Өзбек асханасы. Тақиялы өзбек жігіті келген қонақтарды күтіп әлек. Асан хал сұрайын, ел жайын білейін десе, өзбек уақытым жоқ деп сөйлеспейді, ол аз десең, пұл төлеңіз, әңгімелесейін деп қылқылдайды. Елжанның төс қалтасынан суырып, ұстата салған көк қағазды көріп, есі шыққан өзбек билеп, Қазақстанның керемет дамып кеткенін сөз етіп сайрай жөнеледі. Кенет анадай жерде жатқан маскүнем Мұртты жігіт бұларға тиісе кетеді. «Ел түзелмеген. Сатқындар, парақорлар, жезөкшелер, маскүнемдер жайлаған бұл елге неге келдіңдер»,– деп ашына сөгеді. Ортадағы көктастан жасалған ескерткішті құлатып тастайды. Сөзінің соңын «Оралмандар, ей, оралмандар! Енді оралмаңдар!» – деп айқайлайды. Мұндай ауыр сөз күтпеген Асан қарияның жүрегі сыр беріп, құлаған көктастың қасына келіп, егіле  жылайды.   
Анасы – Қоңыркүбіні Парижде, әкесі – Асанды Түркістанда жерлеген Елжан мен Кекілді бала екеуі Маржанның қарсылығына қарамастан,  елден енді кетпейтінін айтады. Елжанның монологының соңында Кекілді бала құлап жатқан ескерткішті көтеріп, қайта қалпына келтіреді.
Қойылым соңында қостанайлық қонақтарға облыс әкімі Сергей Кулагиннің атынан гүл мен Алғыс хатты театр директоры Марал Жақыпова табыс етті. Қостанай театрынан келген актерлер де мерейтойы тойланып жатқан Көкше театрына сый-сияпатын аяп қалған жоқ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар