Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Балаға ат қойғанда абай болайық!.. - АРҚА АЖАРЫ

Балаға ат қойғанда абай болайық!..

Бір күні құрбымды туған күнімен құттықтайын деп үйіне қонаққа бардым. Кіріп келсем, барлық шақырылған қонақтар жиналып қалған екен.  
Бірі теледидарды ермек қылса,  біреулер өзара әңгімелесіп отыр. Мен де танысып-білісейін деген оймен аты-жөндерін сұрастыра бастадым.  Кенет жаныма бес-алты жасар бүлдіршін жүгіріп келіп, «Менің  есімім – Аниca» деп қалғаны. «Есімінің мағынасы қандай?» деп сұрағанымда, құрбым жауап бере алмай, іркіліп қалды.
Қазақ халқы ежелден ат қоюға терең мән берген ғой. Сондықтан, сәбиге мағыналы есімді ырымдап қоятын болған. Мәселен, бала абыройлы болсын деген ниетпен белгілі  тарихи тұлғалар мен өз ортасына сыйлы, жасы үлкен адамның атын берген. Халқымызда «баланың атын ұлық қой, көтере алса ұлық болсын» деген де даналық сөз бар.  Ғалымдардың пайымдауынша, адамдардың есімдері оның өміріне де әсерін тигізетін көрінеді. Болмаса да ұқсап бақсын  деп  Абай, Жамбыл, Бауыржан, Мәлік, Әлия  есімдерін балаларына қойғандар көп. Құлаққа жағымды, айтқанда да әсерлі естіледі. Әттең, бұл үрдіс бүгінде келмеске кетіп барады.
Сәбиге көпті көрген қариялар мен ақ жаулықты әжелер емес, жас келіншектер өзгенің қаңсығына еліктеп, «заманауи» есімдер қойып жатады. Оның ішінде  Дильназ, Дилярам,  Альбина, Айлин сияқты сәнге айналған есімдерді алып жүрген бүлдіршіндер көбейіп кетті. Қазақы болмысымызға жат есімдердің айтарлықтай мағынасы  да жоқ. Мәні қандай деп сұрай қалсаң, көрген телехикаяларының басты кейіпкері немесе ғаламтордан тауып алғандарын естисің. Мұндай жағдайлар көп кездеседі. Ұлттық құндылықтарды ысырып тастап, балаға есім таңдауда ғаламтордың көмегіне жүгінетін қыз-келіншектердің бұл қылығына не айтасыз? Бәлкім,  бұл ұсақталып бара жатқанымыздың бір көрінісі шығар.
Әлі есімде, сіңілім туған кезде әулетіміздің үлкендері есімін қоярда ұзақ ақылдасыпты. Әрбіреуі өз ұсыныстарын айтып, оның мән-мағынасын түсіндірген. Өткеннің осындай өнегесінен неге үлгі алмасқа? Әрине, заманмен бірге жаңашылдана бастағанымыз дұрыс та шығар. Дегенмен, жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуіміз қажет қой. Балаға жақсы ат қою және дұрыс тәрбие беру әр ата-ананың басты міндеті екенін қаперімізден шығармағанымыз жөн. Өкініштісі сол, мұны түсінетіндер де, түсінбейтіндер де бар. Қазаққа алты аласы, бес бересі жоқ  жат есімдерге неге үйірсек болып барамыз?!..

Ырысгүл  КЕНЖЕБЕКҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар