Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Қансонарда бүркітші шығады аңға...» - АРҚА АЖАРЫ

«Қансонарда бүркітші шығады аңға…»

Қыран құсын қолына алған саятшылар Бурабай ауданында бас қосып, сайысқа түсті. Бүркітшілердің 20-шы халықаралық чемпионаты ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына және аты аңызға айналған аңшы-бүркітші Мәсіп Батырханұлын еске алу құрметіне орай ұйымдастырылды.

Бұған дейін Бұқпа тауының бөктерінде өтіп келген халықаралық турнир биыл Бурабайдың баурайында төрінші рет ұйымдастырылуда. Бақ сынасқан саятшылар республикамыздың әр өңірінен ғана емес, сонымен қатар, Моңғолия, Қырғызстан, Қытай мен Венгрия елдерінен келді. Ең мықты деген 30 құсбегі 60-қа жуық бүркіт, қаршыға, ителгі құстарының бабымен көрсетті. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау, Жамбыл, Ақмола облыстарынан келген бүркітшілердің асыл өнерді жаңғыртқан ауызбіршілігі шетелден келген саятшыларды сүйсіндірмей қоймады.

–Бүркітшілер сайысына шақырып, оған қытасуға мүмкіндік беріп жатқан Қазақстан Республикасына алғыс білдіреміз. Мұндай ұлттық ойындар қазақ пен қырғыз елдерінің арасында ұйымдастырылып жатқаны өте дұрыс. Осы сайыстан жүлделі орынға ие болсақ, оны өз игілігіне қарай жаратамыз деп ойлаймыз, – деді Қырғызстан Республикасынан келген бүркітші Келдібек Ізбәкіров.

Құсбегілер сайысының құрметті қонақтарының қатырында Моңғолия елінен арнайы шақыртылған «Алтын жұлдыз» медалінің иегері Айшолпан Нұрғайыпқызы болды. Алғаш рет қолына қыранды 13 жасында қондырыпты.

– Әрине, қыз бала үшін бүркітшілікпен айналысу өте қиын. Бүркітті бір қолыңмен алып жүрудің өзі ауыр соғады. Оны баптау үшін шыдамдылық пен күш-жігер қажет. Сол еңбегімнің ақталғанын бұған дейін қатысқан сайыстарда дәлелдедім деп айта аламын. Ал, қонақ ретінде осындай сайысқа қатысуым алғаш рет. Жарыс өте әсерлі басталып жатыр. Бүркіттер де бабында деп сенемін. Қатысушыларға тек сәттілік тілеймін, – деді Моңғолия елінде өткен сайыста 79 ер адамның ішінен бірінші орынға ие болған бұрымды бүркітші қыз.

Қанға сіңген дәстүрлі өнерді дәріптеу мақсатында қонақтарға құсбегіліктің тарихынан сыр шертетін жәдігерлер таныстырылды.

–Музейдің кіре берісіне біз атақты бүркітші Мәсіп атайдың суретін қойдық. Бұл кісі Қазақстанда аң аулаушылардың үздігі деген атақты иемденген ең алғашқы жан. Бұл марапат өткен ғасырдың 50-ші жылдары Мәскеу қаласында берілген. Мәсіп атамыз 30-шы жылдары бүркітпен аңшылыққа шығу арқылы біраз адамды ашаршылықтан аман-есен алып қалған.  Кейін Ұлы Отан соғысы басталғанда да халқына қолдау білдіру үшін саятшылығын тастамаған, – деген Мәсіп Темірханұлының немересі, Ақмола облыстық Бүркітшілер федерациясының президенті, «Қансонар» халықаралық турнирін ұйымдастыру комитетінің мүшесі Шынарбек Батырханов әр турнирдің жетістіктері бейнеленген суреттерді де таныстырып шықты.

Шара басталмас бұрын құсбегілер тілшілерге  сұхбат беріп, өз ойларымен бөлісті. Олардың арасында қаршыға ұстаған жас жеткіншектер де болды. Бұл өз кезегінде бекзада өнерді меңгерген жастардың қатары толыққанын дәлелдей түскендей.

  • Бұл ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан салт. Саятшылық дәстүрді маған әкем Күнтуған үйретті. Ал, әкеме оның әкесі мұра ретінде дәріптеп келген. Өзім 7 жасымнан бастап құсбегілікпен айналысамын. Осы 4 сайысым. Бұған дейінгі жарыстарда жүлделі орындарды иеленген едім. Дәл осы жолы жүлделі 1-ші орыннан көрінсем бе деймін, – деді Нұр-Сұлтан қаласынан келген 13 жасар бүркітші Ерасыл Серікбекұлы.

Көп күттірмей, шараның негізгі бөлімі де басталды. Құсбегілердің киім үлгісінен бастап қырандардың бабы, қолға шақыру, шырға тарту, еркін ұшыру арқылы иесін тыңдауы жиналған жұртшылықтың таңдайын қақтырды.

Сайыстың екінші кезеңінде құсбегілер қаршыға мен ителгіні әдеттегідей қоянға салса, бүркіттерінің емін-еркін түлкіге түскені көптің делебесін қоздырды. Ал, нағыз бабындағы қырандар түлкіні де, қоянды да еш қиналмай алып ұрды. Десе де, қос қанаттылардан қашып құтылғандары да жоқ емес.

Екі күнге созылған сайыс өз мәресіне де жетті. Жеңімпазы –  Алматы облысынан келген бүркітші Бекнияз Қуанышбаев. Ең үздік бүркітші қанжығасын 4 миллион теңге болатын көліктің сертификатымен майлады.

 Айгүл Бекетқызы,

«Арқа ажары» газетінің өз тілшісі

Суретті түсірген Айбек Данияров

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар