Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Медиация арқылы шешу екі жаққа да тиімді - АРҚА АЖАРЫ

Медиация арқылы шешу екі жаққа да тиімді

Ақмола облыстық кәсіподақ орталығы «Еңбек және құқықтық қарым-қатынас саласындағы медиация» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізді. Оған облыстық сот пен прокуратураның, ішкі саясат басқармасының, еңбек инспекциясы мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

  Дөңгелек үстел отырысын «Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақ бірлестігінің  төрағасы Кеңес Бекішев ашып жүргізді. Биылғы жылдың қаңтар айынан бастап жаңа Еңбек кодексі күшіне енгені белгілі. Заңдағы өзгерістерге сай бұрынғы еңбек кепілдіктерінің біразы алынып тасталған. Осыған орай, ендігі уақытта еңбек дауларына қатысты туындайтын мәселелерді шешуде бірқатар қиындықтар туындайтын сияқты. Сондықтан, еңбек
дауларын оңтайлы шешудің барлық тәсілдерін қарастыру қажет болмақ. Облыстық кәсіподақтар орталағының төрағасы өткізіліп отырған дөңгелек үстел шарасының мақсаты да еңбек дауларына қатысты туындайтын мәселелерді шешуге жұртшылықтың назарын аудару екендігін айтты.
«Медиацияны дамыту орталығы» аймақтық қоғамдық бірлестігінің өкілі, кәсіби медиатор Ботагөз Самиханова елімізде 2011 жылдың тамызынан бастап қолданылып келе жатқан медиация, яғни, араағайындық институты жайында жан-жақты әңгімелеп берді. Медиация дамыған елдердің бәрінде көп жылдардан бері қолданылады. Мәселен, Голландияда даулы істердің алпыс пайыздан астамы медиаторлардың көмегімен шешіледі екен. Ұсақ-түйек дауларды сотқа жеткізбей араағайыншылық арқылы шешу біріншіден, уақытты үнемдеуге, содан кейін қосымша шығынды азайтуға игі ықпалын тигізеді. Медиатор – бұл арнайы оқу курсынан өткен, сертификат алған маман. Бүгінде бірнеше айға созылатын медиаторлар курсынан өту үшін 450 мың теңге ақша төлеу қажет. Мемлекеттік қызметте істейтін, бұрын сотталған және өтелмеген ақша қарызы бар адамдар медиатор бола алмайды.
Медиатордың дауға шешім шығаруға құқысы жоқ. Ол екі жақты келістіріп, екі тараптың да көкейінен шығатындай ортақ мәмілеге келуге жағдай туғызады. Сондықтан да, медиатор сөзге шешен, адамдармен жақсы тіл табыса  білетін, психолог болуы керек. Екі тарап медиатордың көмегімен өзара келісімге келген жағдайда шарт жасалады. Ал, бұл шарт заңды күші бар құжат болып табылады. Егер тараптардың бірі шартты орындамаса, сот арқылы
мәжбүрлеп орындату шарасы қолданылады.
Медиация арқылы негізінен коммерциялық, шаруашылық, банк саласындағы, еңбекке қатысты, отбасылық, автор құқығын қорғау, орта және кішігірім қылмыстық істерге байланысты даулар қаралады. Сондай-ақ, мәдениетаралық, дінаралық дау-дамайлар, білім беру, мектепке қатысты даулар да медиаторлардың араласуымен сотқа дейін қарала алады.
«Медиацияны дамыту орталығы» аймақтық қоғамдық бірлестігінің директоры Асқар Әміржанов араағайындық институты жұмыстарының ерекшеліктері жайында баяндап, кездесуге қатысушылар тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға жауап берді. Медиацияның соттан ерекшелігі, сот тек қолданыстағы заңдардың аясында ғана әрекет ететін болса, медиаторлардың әрекет ету шеңбері біршама кең. Сондай-ақ, сот шешіміне дауласушы тараптардың бірі міндетті түрде наразы болып жатса, медиатор екі тараптың да көңілінен шығатын мәміле жасайды. Осыған орай, медиатор өз мамандығының нағыз шебері болуы тиіс. Бұған дәлел ретінде ол өткен жылы медиация арқылы қаралған бақуатты отбасының ажырасу жөніндегі дауын келтірді. Медиатордың күш салуымен мүлікті бөлісу жөнінде мәміле жасамақ болған ерлі-зайыптылар ақырында отбасыларын сақтап, қайта қосылған. Медиаторлардың тәжірибесінде мұндай жайлар жиі кездесіп жатады екен.
Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Кеңес Бекішев бүгінде облыста 1582 еңбек ұжымының ешқандай келісім-шартсыз жұмыс істейтінін, ондай ұжымдарда еңбек дауы туындай қалған жағдайда еңбекшілердің мүддесін қорғаудың қиын болатынын айта келе, еңбек дауларын шешуге медиаторларды тарту мүмкіндігіне назар аударды. Елімізде медиаторлардың араласуымен еңбек дауларының оң шешімін тауып жатқан тәжірибесі бар. Өкінішке орай, дауларды сотқа жеткізбей екі жақтың да мүддесіне орайластырып шешетін медиацияға деген сұраныс әзірге жоғары болмай отыр. Өйткені, халық олар жайында әлі жете біле қоймайды. Осы орайда, кәсіподақтар еңбек дауларын шешуге қатысты аталмыш институттың қызметіне сүйенуге көңіл бөлсе, бұл екі жақ үшін де тиімді болары анық.

 

Қалкөз ЖҮСІП

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар