Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қосыла салған ән қандай!.. - АРҚА АЖАРЫ

Қосыла салған ән қандай!..

Рас, шемен шерді тарқатып, қосыла ән салу дағдымыз елеусіз шегініп, алыстап бара жатқандай. Ана жолы «Ана тіліне» белгілі қаламгер, сол басылымның бас редакторы Қалы Сәрсенбай осы жағдайды жаны күйзеле жазған-ды.

Көңілге көлеңке түсірген қоңыр мұңның етегін түрген бір жәйтке күзді күні жолықтық-ау, әйтеуір.
…Шахмет Құсайынов атындағы қазақ драма театрының 25 жылдығына орай ұйымдастырылған өңірлік театр фестивалі. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының театрлары тойға шашу ретінде бір-бір қойылымдарын әкелген. Көкшетаулық әріптестері оларды шын ықыласпен, әдемі қарсы алды. Еңселі театр ғимараты алдына қызыл кілем төсеп, әрқайсысын Голливуд өнер жұлдыздарынша ерекше құрметпен төрге оздырды.

Қайран, актерлер, десейші! Әдемілікке, әсемдікке, сұлулыққа құмар, асқақ арман қуған жандар ғой! Жан-жақты, бесаспап талант иелері! Келгендер ылғи жастар. Бәріне де Алла өң берген, өнер қондырған! Тура театр алдына гүл-бәйшешегін жайнатып, көктем көшіп келгендей болған.

Міне, сол көктем енді театр фойесінде. Жас өнерпаздардың көңілдері аса көтеріңкі, әріптестер бір-бірімен танысып, көрісіп, мәз-мәйрам. Кенет қондырғыдан сызылып ән әуені басталған. Ине шаншар жер жоқ, фойені лық толтырып тұрған жауқазындай жас актерлер қосыла кетіп, шырқасын-ай кеп!.. Уа, құдіретті өнер!..Беу, төгілген ән!..

Құдай-ау, шетінен шауып шығып топ жарған талант иелері, заманауи, арнайы білім алған мамандар, жалындаған жастар, келбетті-көрікті кереметтер! Бірінен-бірі асырып, жүрек шымырлатып әнге салды-ай, дейсіз бір! Бірінші, екінші дауыс, үшінші дауысқа түсіп құлпыртады. Ән иірімдерін одан әрі жетілдіріп, құйқылжытып әкетеді! Жұрттың бәрі білетін Шәмшінің әндері шиыршық атып, жаңа заманда жастардың ынта-ықыласы, ерекше таланты арқасында маржандай мың құлпырып, айшықтала түсті. Айтқан да, тыңдаған да үлкен тебіреніс үстінде. Әнге қосылмаған жан болсайшы. Сол сәт тіпті көңіл түкпірінде әлі жүрген шығар.

Міне, бірге аспандатқан ән құдіреті. Бар дертіңнен айықтырар, мұңның бұлтын тарқатар, жаныңды жадыратар ән деген, қосыла ән шырқау деген керемет қой. Шама келгенше, осы бір әсем дәстүрімізді жаңғыртып, көңілге көктем құсын қондырып жүрсек қой, шіркін. Оның керемет әсері сіздің де есіңізде шығар. Ән салыңыз, қосыла шырқаңыз, көңіл кірінен арылып, дүр сілкініп, сергек басып кете беріңіз сосын! Тіршіліктің өзге күйбеңі таусылар деймісіз…

Серік САПАРҰЛЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар