Жаңа бюджетте әлеуметтік салаға басымдылық берілген

Жетінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының кезекті он екінші сессиясында облыстың 2022-2024 жылдарға арналған бюджеті қаралды.

Сессия жұмысына облыстық мәслихаттың депутаттары мен аппарат қызметкерлері, облыс әкімінің орынбасарлары Елдос Рамазанов, Малғаждар Тәткеев пен Айна Мысырәлімова, сондай-ақ, басқармалардың басшылары қатысты, Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы Мұрат Балпан жүргізген сессия барысында жергілікті депутаттардың тарапынан бюджет жобаларын қарастыруда белсенді жұмыс атқарылғаны ескерілді. Оған дәлел ретінде мысал келтірген Ақмола облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев халық қалаулыларынан 594 ұсыныс келіп түскенін айтты. Бұл ұсыныстардың жалпы сомасы 227 миллиард теңгені құраған.

–Қаражат көлемінің шектеулі болуына орай барлық ұсыныстарды іске асыру мүмкін болмады. Тек бірінші кезектегі мәселелер ғана қаралды. Келесі жылы білім, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауыз сумен қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымы салаларына қатысты мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыруға қаржы бөлінді,–деді басқарма басшысы.

Сонау 2000 жылы облыс бюджеті 11 миллиард теңгені құраған екен. Ол қаржылардың көбі жалақы төлемдерінің қарыздарын өтеуге, әлеуметтік төлемдерді төлеуге, азық-түліктер мен дәрі-дәрмектерді алуға жұмсалыпты.
–Ал, бүгінгі бюджет көлемі 330 миллиард теңгені құрап отыр. Жоспарланған қаржылардың 40 пайызын біз әлеуметтік және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарды дамытуға жұмсаймыз. 130 миллиард теңгені білім және денсаулық сақтау салаларына бағыттаймыз. Облыс аумағында 10 мектеп пен 4 балабақша, Атбасар және Целиноград аудандарында медициналық мекемелер салмақпыз, – деді сессияда сөз алған облыстық мәслихаттың депутаты Жұмабай Әміржанов.

Халық қалаулысының айтуынша, шағын және орта бизнесті қолдау аясында да қаржылар қарастырылған. «Бизнестің жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке кәсіпкерлерді қолдау үшін 2,7 миллиард теңге қарастырылған. Ал, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін субсидиялауға 32 миллиард теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына 23 миллиард теңге, көлік инфрақұрылымына 17 миллиард теңге бөлінбек.

Биылдың өзінде 170 мың шаршы метр болатын 1 000-нан астам пәтер пайдалануға берілген. Оның ішінде, 160 адам жергілікті атқарушы органдардың кезегінде тұрған. Ал, 32 пәтер жетім балаларға, 22 пәтер көп балалы аналарға берілсе, 106 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына бұйырыпты. Сонымен қатар, 40 пәтерлі тұрғын үй медицина қызметкерлеріне арналып салынған екен.

– Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Тұңғыш Президент Қорының қолдауымен көпбейінді облыстық балалар ауруханасы базасында «Қамқорлық» оңалту орталығының құрылысы аяқталуға жақын, –
деген Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Рүстем Қалышев барлық аталған жобалар облыс бюджетінен бөлінген қаражаттың есебінен келесі жылы да іске асырылатынын айтты.

Ақмола облыстық мәслихатының кезекті он екінші сессиясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік дамуы мен қалыптасуына қосқан елеулі еңбегі үшін бірқатар мәслихат депутаттарына құрмет көрсетілді. Атап айтар болсақ, облыстық мәслихат депутаты Елена Мащинскаяға «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрметті депутаты» атағы берілді. Басқа да халық қалаулылары Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл мерекелік медалімен, Парламент Сенатының Құрмет грамотасымен, Парламент Сенаты төрағасының Алғыс хатымен марапатталды.

Айгүл Бекетқызы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар