Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Желтоқсаншы жігіт - АРҚА АЖАРЫ

Желтоқсаншы жігіт

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының қатысушысы, ақталып, қолына куәлігін алса да, осыдан 35 жыл бұрынғы азапты күндерді көңілінен сырып тастай алмай келе жатқан жанның бірі – Қайыргелді Сәлімұлы Ахетов. Ол күні кеше Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен және «Желтоқсанның 35 жылдығы» естелік медалімен марапатталды.

Қалай десек те, қасиетті Тәуелсіздік пен қайғылы Желтоқсан оқиғасы бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар екені даусыз. Сонау 1986 жылдың сұрапыл күндерінде алаңға шығып, ата-бабаларымның сан ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігіне қол жеткізуге титтей де болса, септігін тигізгенін мақтан тұтатын сабырлы жан 1959 жылы 18 ақпанда бұрынғы Көкшетау облысы Еңбекшілдер ауданы Көдебас ауылында дүниеге келген. 1983 жылы «Ветеринар» мамандығы бойынша Қатаркөл зоотехникалық-мал дәрігерлік техникумына оқуға түсіп, оны бітіргеннен кейін, туған ауылында мамандығы бойынша үш жыл төрт ай еңбек еткен. Одан әрі жоғары білім алу мақсатында 1986 жылы Алматы зооветеринарлық институтының күндізгі бөліміне оқуға түседі. Онда да өзімен техникумда қатарлас оқыған студент жастармен №7 жатақханада тұрады.

Бүгінде Қайыргелді Сәлімұлы сол Желтоқсан оқиғасында жапа шеккен күндерін былай деп еске алады.
– 1986 жылдың 15 желтоқсаны күні кешкісін біздің жатақханаға екі ер адам келіп, бәрімізді фойеге жинады. Олардың бірі, шамамен 30-да болса керек, «Ертең Д.А.Қонаевты орнынан түсіріп, біз білмейтін басқа жақтан осы қызметке біреуді тағайындайды», – деп айтты. Сөйтіп, 16 желтоқсан күні таңертең біздің №7 жатақханадан студент ұл-қыздар Брежнев атындағы алаңға бет бұрдық.

Сол кезде біздің арамызда Қоспан Қожақов, Айтбай Әлімов, Бекболат Өміртай, Майра Мәлиева, Марат Тоққожинов, Дина Хамзина, Ертай Жұмажанов, Жамбыл Олжабаев, Орынбасар Жүсіпова, Сағындық Ертайлақов, марқұм Сапарбек Әбдірахманов, Нағима Әбдірахманова, Валентина Джолдаксинова және тағы басқа студент жастар болды. Басында адамдар аз болды, ал, түске қарай жастар көп жинала бастады. Барлығының қолындағы плакаттарда «Әрбір халыққа өз көсемі» деген үндеулер және басқа да ұрандар жазылған. Олардың бәрі негізінен Қазақстанның басшылығына Қонаевты қалдыруды немесе Қазақстанның жергілікті партия органдарының бірінен бір азаматты тағайындауды талап етті. Бірақ, өкінішке орай, олардың орынды талабын естігісі келетін құлақ болмады.

Осылай деген Қайыргелді Сәлімұлының айтуынша, ертеңінде 17 желтоқсан күні таңертең алаңда халық қарасы өте көп болған. Кешке қарай өрт сөндіру машиналары алаңға жиналған жастарға су шаша бастайды. Милиционерлер, сарбаздар, курсанттар Қайыргелді Сәлімұлы сынды жастарды алаңнан ығыстыра бастайды. Жаншу, шу, айқай басталып кетеді. Барлық қыздар мен жігіттерді ұрып-соғу басталады. Дубинкалар, тростар, темір шыбықтар, саперлік күректер қолданылады. Сөйтіп, Қайыргелді Ахетов осы жантүршігерлік, азан-қазан алапат сәттің ортасында қалады.

– Шамамен сағат кешкі алты болса керек, мені екі милиционер қарсылық көрсеткеніме қарамай, екі қолымнан, тағы екі адам екі аяғымнан ұстап алды. Кешкілік қараңғы мезгіл болатын. Төртеуі мені асфальтқа ұрғандықтан, есімнен танып қалыппын. Есімді жисам, «автозэкте» толып тұрған адамдардың аяқ астында жатыр екенмін. Бір қыз «Гүлнәр, ана баланы көтерсеңші, өледі ғой» деген дауысты естідім.

Сөйтіп, бізді Мәскеу РОВД-сына алып келді, есікті ашып, бір-бірден машинадан алып шықты. Машинадан ғимараттың есігіне дейін екі қатар әскери формадағы адамдар бізді ұрып-соғып тұрды. Содан шамамен бір тәуліктен кейін мені және тағы бірнеше баланы «автозэкпен» №1 Алматы тергеу изоляторына жеткізді, – деп күрсіне әңгімелеген Желтоқсан оқиғасының қатысушысы міне, осылай темір торға тоғытылған.

Сөйтіп, сол 1986 жылдың 17 желтоқсанынан 26 желтоқсанына дейін №1 Алматы тергеу изоляторында отырып шығады.
Тар қапастан шықтым дегені болмаса, одан босатқаннан кейін де азапты күндер жалғасады. 26 желтоқсан мен 1987 жылдың 20 ақпанына дейін Калинин аудандық ішкі істер бөліміне тексеріске барып, белгіленіп тұрады. ВЛКСМ қатарынан шығарылады. Алматы қаласының Калинин аудандық халық сотының 1987 жылғы 13 ақпандағы шешімімен 30 сом мөлшерінде айыппұл да салынып, оны төлеп шығады.

Осылайша сол жылдың 21 ақпанынан Алматыдағы студенттік күндері аяқталып, Көкшетау облысы Уәлиханов ауданы «Южный» совхозына қайтарылады. Нақтырақ айтсақ, Желтоқсан оқиғасына байланысты 1987 жылғы 21 қаңтардағы №38 бұйрықтың көшірмесі негізінде Алматыдағы зооветеринарлық институтының бірінші курс студенті қатарынан шығарылады. Ең өкініштісі де осы болған шығар. Білім қуып сол кездегі оңтүстік астанаға барған өрімдей жастың сағы сынып, жазықсыз жаза арқалап, кейін қайтады.

Міне, жылдар жазылмас жара салған сол уақытқа да 35 жыл толды. Ол ақталды. Бірақ, көңілде қаншама күпті ой қалды. Қазіргі таңда «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарға құқығы бар» деген куәліктің иесі. Бірақ, сол бір желтоқсан зары санасында жаңғырып тұрғаны айтпаса да түсінікті. Қаншама боздақтар азапталып, сотталды, жапа шекті. Бүгінде солардың біразы ақталды. Алайда, Қайыргелді Ахетовтың сол уақыттың өшпес рухы жас ұрпақ жадында сақталып, Желтоқсан оқиғасының тарихи шындығы ашыла түссе деген арманы да жоқ емес.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар