Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тырау-тырау, тырналар... - АРҚА АЖАРЫ

Тырау-тырау, тырналар…

Облыс орталығында Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының 20 жылдық мерейтойына орай «Тәуелсіздік – тұғырым» атты солтүстік аймақтардың театрлар форумы өткен еді. Форумның үшінші күні көкшетаулық көрерменді Астана қаласының «Жастар театры» Сәкен сері Жүнісовтің «Тырау-тырау, тырналар» атты драмасымен қуантты.

 Бұл күні театрға халық ерекше көп келді. Залға сыймаған біраз адам  қойылымды түрегеп тұрып тамашалауға мәжбүр болды.  
Сәкен серінің бұл шығармасы әу баста «Жаралы гүлдер» деп аталған. Сол отты жылдарда әкелері мен ағалары түгел майданға аттанып, бұғанасы қатпаған балалар ауыр еңбекке ерте араласты. Сөйтіп, балалар бақытты шақтарымен ерте қоштасты. Қойылымның  режиссері Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай,  бас кейіпкер Бақыт бастаған жеткіншектер арқылы ел басына күн туған ауыр шақта олардың арман мен үмітке толы психологиялық күйін боямасыз, бүкпесіз жеткізе алған. Балалар тыраулап ұшқан тырналар арқылы майданда жүрген әкелеріне сағыныш сәлемін  жолдайды. Тырналар арқылы әкелерімен тілдескендей күйге түседі. Және жыл құстарының өз сәлемдерін жеткізетініне де кәміл сенеді. Өздері сеніп қоймай, қалың көрерменді соған сендіреді. Бір мезет өзіңді театрда отырғаныңды ұмытып, сахнадағы өмірге араласып кеткендей күй кешесің. Солармен бірге күліп, бірге жылайсың, қиналасың…
Әкесінен қара қағаз алып, шешесінің жүрегі шыдамай бақиға аттанып, бір-ақ сәтте жетім қалған Бақыттың жанайқайын Мейірғат Амангелдин көрермен жүрегіне шеберлікпен нанымды жеткізе алды. Небары 16 жастағы Қасымның (бойының қысқалығына байланысты – Пипин Короткий атанған) рөлін Ербол Тілеукенов, Қожанасыр атанған әпенді Аплаштың рөлін Елдос Шәйкенов, бойының ұзындығынан Кеңірдек атанған Балташтың рөлін
Данияр Оразбаев, дауысы шиқылдап шығатын кішкентай қыз – Балшекер, лақап аты – Шегірткенің рөлін Наурыз Сабағатовалар жай ойнап қоймай, сол рөлде екі сағаттан астам өмір сүргендей әсерде
болды.
Жалғыз ұлын қан майданға аттандырып, өзі қазақ ауылында мұғалім болып жұмысқа тұрған неміс әйелі Эмма Ивановнаның жан күйзелісін Махаббат Мадғұлова шынайы сомдап берген. Жетім қалған, ақ пен қараны ажырата алмайтын қазақ балаларының оған қарата неміссің деп кінәлай айтқан ауыр сөздері, кейін жеткіншектердің бірі қалмай майдан даласына әкелерінің соңынан аттанып бара жатқандағы Эмманы қимай қоштасуы, оның балалардың көңілін таба білуі – осының бәрі өте шынайы болып шыққан. Бұл – актердің шеберлігі екені даусыз.
Бір көзі соқыр Баттал қаршадай балаларға бас-көз болып, сабап та, сыбап та тәртіпке шақырады, еңбекке баулиды. Ол сахнадағы тұрысымен, сөзімен, қимыл-қозғалысымен-ақ мінез-құлқы дара кейпкер екеніне көрермен көзін анық жеткізеді. Оның рөлін сомдаған – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов. Военкомның рөліндегі Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев пен Гүлсімді сахналаған Бақыт Қажыбаева да жоғары кәсіби деңгейде көріне білді.
Қойылым барысында шырқалған әндердің бәрі Көкшетау жұртшылығына етене таныс. Ақан серінің «Қараторғайы», Рамазан Елебаевтың «Жас қазағы», халық әні – «Шилі өзен» сияқты танымал әндерге  көрермендер де қосылып, бірге шырқап отырғанын аңғардық.
Астаналық актерлердің бұл қойылыммен көкшетаулық көрерменнің есінде ұзақ уақыт сақталып қалары анық.

Мерген ТОҚСАНБАЙ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар