Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса облыс орталығының бас алаңы – Абылай хан алаңында орнатылған облысымыздың Жаңа жылдық басты шыршасының шамын жағып, жиналған қала тұрғындары мен қонақтарын осы айтулы оқиғамен құттықтады және келе жатқан Жаңа жылда елімізге амандық, жақсылық пен ынтымақ-береке тіледі.
– Құрметті жерлестер! Мінекей, ғасыр дөңгелегі тағы бір жылды артқа қалдырғалы тұр. Жаңа жыл мерекесі шын мәнінде нағыз отбасылық мереке болып табылады. Биыл біздің еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылатын айтулы жыл болды деп айта аламыз.
Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне отыз жыл қарсаңында көптеген ауқымды жобалар жүзеге асты. Көкшетаулықтар да мерейлі мерекеге зор табыспен жетті деуге әбден негіз бар. Сіздерге Жаңа жылда да зор табыс, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін, –дей келіп, қала әкімі сол алаңға жиналған бүлдіршіндер мен балдырғандарды жанына алып, жаңажылдық бас шыршаның шамын жақты. Сондай бүлдіршіндердің қатарында бес жасар Камила Әміренова мен Көкшетау қаласының кішкентай тұрғыны, екі жасар Раяна Қайырбекқызы да бар. Жаңа жыл мерекесінің шырайын келтірер шырша шамын жаққан бүлдіршіндерге көп тілегі де көл. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған бүлдіршіндердің шаттығы, алаңда қуана билеген жастар, шат-шадыман думан халықты бір серпілтіп тастады.
Шыршаны шырайландырған жарықшамдарының өзі ұлттық ою іспеттес әдемі өрнек болып жарқырап тұр. Алаңға жиналған көкшетаулықтар мен қала қонақтары шыршаны айнала билеп, көңілдерін көтерді. Қыс қызығына тоймайтын балдырғандар болса, бірі шаналарын сүйреп сырғанақта асыр-салып ойнаса, енді бірі мұздан жасалған мүсіндерді тамашалап естелік суретке түсуде. Бір атап өтерлігі шыршаны жағалай орналасқан он екі жылдың сипаты болған жылбасы тышқаннан бастап барлық жыл басының мүсіндері айшықталып мұздан ойылып, әдемі жасалған.
Осылайша алаңға жиналған көкшетаулықтар бас шыршаның шамын жаққан тамаша сәтке куә болып, бір-біріне ақжарма тілектерін арнап, жаңажылдық шырша шаттығына бөленді.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.