Облыс орталығындағы №17 орта мектепте орналасқан №45 сайлау учаскесіне алдын ала 2651 сайлаушы тіркелген болатын.
Учаскенің есігі межелі уақытта айқара ашылып, сайлау комиссиясының мүшелері өз орындарына жайғасты. Комиссия төрайымы Үгіл Шәкен соңғы әзірлікті пысықтады. Төрайым бұл қоғамдық қызметпен он жылдан бері айналысып келеді.
Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалған соң қауырт жұмыс басталып кетті. Алғашқы дауыс берушілердің легі де көрінді. Қала тұрғындарының көбі отбастарымен бірге келіпті. Ешқандай қарбалас байқалмайды. Сайлау бюллетеньдері кезекпен алынып, дауыс беру бірқалыпты жүріп жатыр. Сайлаушылар өз таңдауларын жасауда. Қала тұрғыны Жұлдыз Рахимова алғашқылардың бірі болып келді. Учаскеде «Көкше-Энерго» серіктестігінің инженері Көшек Сәменовты жолықтырдық. Ол бізбен әңгімесінде өзінің азаматтық міндетін атқару үшін сайлау учаскесіне ертерек келгенін айтып, болашақ Мәжіліс пен әртүрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының еліміз үшін тиянақты әрі тындырымды жұмыс істеулеріне тілегін білдірді. Алғаш рет дауыс берген №19 орта мектептің түлегі, «Алтын белгі» иегері Абдолла Сәлімгерейге сый-сияпат жасалды.
Сайлау учаскесінде сайлауға түсіп жатқан партиялардың, қоғамдық ұйымдардың байқаушылары мен мәслихаттар депутаттығына түсіп жатқан кандидаттардың сенімді өкілдері де болды. Сайлаушылардың тоғызы денсаулық жағдайларына байланысты дауысты үйлерінде берді. Автокөлікпен сайлау бюллетеньдерін апарып, алып келу мінсіз ұйымдастырылды. Түске дейін 1300 адам дауыс берді. Осылайша Васильковка мен Көктем шағын аудандарын қамтыған №45 сайлау учаскесінде сайлаушылардың дауыс беруі заңға сәйкес ұйымшылдықпен өтті.
Рамазан ТІЛЕУОВ.