Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаттандылыққа ұрынбасақ... - АРҚА АЖАРЫ

Жаттандылыққа ұрынбасақ…

Наурыз мерекесінің тарихи-танымдық негізі өте ерте замандардан бастау алады екен. Бәріміз білетіндей «нау-рыз» сөзі парсы тілінде «жаңа күн», «жаңа ырыздық» деген мағынаны білдіретіні белгілі. Кейіннен осы атау түркі тіліне еніп он екі айдың біріне, яғни, жыл басын білдіретін мағынаға ие болған. Ал, енді мұның тарихи типологиялық белгілері ықылым замандағы шумерлерде белгілі болса, Күн мен Айға қатысты  айтылатын дұғалар, мен баталардың мәтіні «Абеста» кітабында (Б.д.д  5  ғасыр) жазылған. Жалпы байырғы мифологиялық мәтіндерде аспан денелеріне қатысты  қызықты сюжеттер өте көп. Мұның бір тармағы  Зороастризмге, яғни Зәрдөш іліміне байланысты. Зәрдөштің өзін  Таяу Шығысқа  Хазар теңізі жағасынан, бір сөзбен айтқанда қазіргі Атырау-Ақ жайық өлкесінен барған дәруіш ғұлама деп жүр. Ол  Күн құдайына табынатын  діни ілімнің негізін салушы. Бір қызығы орыстар Волга атап кеткен  Еділ өзенінің ежелгі атауы Ра болған екен. Қазір әлемдік мифологияда ол Күн құдайы есебінде айтылады. Дүниені телі екіге бөлу –
бинарлық қатынас өте ерте замандарда қалыптасқан. Мысалы, күн мен түн, өмір мен өлім, жақсылық пен жамандық тағы басқалар. Абестада осы екі жүйе Ақұрмазда мен Ахриманға қатысты айтылады. Бірі жақсылықтың жаршысы болса, екіншісі зұлымдықтың жебеушісі.
Көне мәтіндерде Ақұрмаздаға қаратылып айтылатын тілектер мен баталар  молынан ұшырасады. Олар өмір тіршілікті осы екеуімен байланыстырып, күннің жарық нұрын әспеттеп, түннің қараңғылығын  жаманшылыққа балаған. Сол себепті де онда «Күнге әнұран», «Митраға әнұран» деген  жыр жолдары кездеседі. Мысалы былай дейді: «Күн шыққан кезде Мазда берген жер нұрланады, барлық сулар нұрланады, ағатын дариялар да, бұлақтар да, теңіз сулары да қасиетті рухтың жаратылуымен нұрланады!» Бір айта кететін нәрсе Күнге табынушылық Қиыр Шығыстан басталып  Оңтүстік-шығыс Азияға дейін барды. Бүгінгі Жапон елінің  туындағы қызыл күн осының айғағы. Көшпелілер де Күн мен Айды қастерлеген. Осы екеуі туралы алуан хиқаяттар туғызған, әпсанаға енгізген. Ол туралы Ш.Уәлиханов та жазған болатын. «Ай көрдім, аман көрдім, ескі ай есірке, жаңа ай жарылқа!»  – деген дұға тілектер соның жаңғырығы.
Ежелгі адамдар үшін күн мен түннің теңелуі өмір тіршіліктің басы саналған. Шығыс халықтары мұңғұлдар, қытайлар, корейлер, жапондар да жыл басын ақпан-наурыз айларында тойлайтыны белгілі. «Қараңғылықты, түнді жарық нұр жеңді!» деп есептеген, соған құрбандық шалған, ас берген, ұлан асыр той қылған. Қысқасы Наурыз мерекесінің архетипінде осындай наным-сенімнің іздері бар. Жалпы адам баласы жаратылыстың құпиясын білу арқылы өздерінің өмірлік салттарын түзеген ғой. Соның айқын дәлелі  Наурыз мейрамы. Отырықшы, жартылай отырықшы елдерде бұлақ көзін ашу, көшет отырғызу секілді қалалық мәдениеттің салтымен  ұштасса, далалықтар Ұлыс мейрамы ретінде таң ата берісімен  күнге сәлем беру, ақ тағам мен сыйлау,  сүт шашу, дұға тілек айту, сәлем беру, ат жарысы, балуан күресі, күй тартыс секілді ойын-сауықтар  ұйымдастырылған. Ақселеу Сейдімбектің зерттеуінше  99 тарауды құрайтын 360 күй орындалған екен. Бұл ешқандай елде жоқ таңғажайып  өнердің  көрінісі емес пе?! Зәрдөш дінінің әсері қазіргі  наурыз баталарында да кездесіп қалады. Мысалы, «пәле-жала жерге кірсін!» деген тілек. Қысқасы Ұлыс мейрамы – Наурыз,  мұңғұлдардың «Саған сары», жапондардың «Ясурай» мерекесі секілді қадым заманнан келе жатқан төл мерекеміз. Онда адам баласының ізгілікке, жақсылыққа, татулыққа, жарық дүниеге деген құрметі мен құштарлығы жатыр!
Біздегі жалпы мерекелердің жаттанды түрде, қатып қалған сценарийлер бойынша өтетіні рас. Ол Наурыз мерекесіне де қатысты. Қысқасы бізде дүрмекке құрылған науқаншылдық басым. 22 наурыз күні алаңдарда әкімдердің пәрменімен киіз үйлер тігіліп, әлем-жәлем әшекейленіп, музейлерден жәдігерлер сұрап, үй-үйлерден этнографиялық бұйымдар жинап өтірік-шынды өткізген боламыз. Анау тоқсаныншы жылдардың басында мұнан да гөрі тәуірлеу еді. Қазір жаттандылыққа  ұрынды. Жұрт той тойлап, мерекелеп қуанғанның орнына осындай қара шаруалармен ығыр да болды. Сол киіз үйлерге былайғы қара халық кіре де алмайды. Әкім келеді, депуттаттар келеді, анау келеді, мынау келеді деп, екі босағаны аңдыған күзетшілер тұрады. Бір киіз  үйге де кіре алмай діңкесі құрыған қарапайым қауым салпаңдап жүріп ақыры үйлеріне кетеді.
Осында қандай мән, ұлттық өнеге, ұрпаққа тәлім бар?! Бұл  халықтық, ұлттық мереке емес пе? Неге бізде  бір айға жоспарланған «Наурызнама» атты бағдарлама қабылданбайды?  Ұлыс мерекесі бір күні ғана  тойланып біте қалатын науқанды іс емес. Ата-бабаларымыздан жеткен  байырғы салт пен сананы, әдет пен ғұрыпты ұстана отырып, бүгінгі күнге  орайластыруға болады ғой. Әр өңірлерде әр қалай болғанымен, әрқайсысының  дәстүрлі негізі бар. Мысалы, еліміздің батыс өңірінде наурыздың 14-і күні «Көрісу»,  яғни «Сәлемдесу» деген салт сақталынған.  Негізі Ұлыстың ұлық мерекесі осы сәлемдесуден басталған. Мына жаһандану заманында адамның сәлемдесу, хал-жағдайды сұрау мәдениеті де жоғалып бара жатқан жоқ па?! Осыны барлық өңірлерде жаңғыртуға болады ғой. «Сәлем –
сөздің атасы» деген қазақ. Сәлем беруде үлкен тәрбиелік мән бар.  Атам қазақ кісіліктің, дегдарлықтың белгісі санаған. Дұрыстап сәлем беруге жарамағаннан түңілген.
Наурыздың бірінші күнін «Сәлемдесу»,  екінші күнін «Бата беру, тілек тілеу», үшінші күнін «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген секілді тақырыптармен ұйымдастыруға неге болмасқа. Отыз күнді осылай атаулы күндермен бекітуге болады. Оның ішінде ұлттық салт-сана, әдет-ғұрып, тәлім-тәрбие, ойын-сауық, ұлттық өнер, ұлттық ас мәзірін дайындаудың  түрлерінің барлығы қамтылмай ма?! Әртүрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырсын. Ондай шараларды тек Қарттар айлығында, балаларды қорғау күнінде немесе діни мерекелерде ғана атқаруымыз керек пе? Бір ай бойына телеарналар ұлттық құндылықтарға қатысты тамаша бағдарламалар, хабарлар,  ұлттық шоулар ұйымдастырса құба-құп емес пе?! Біз наурыз арқылы ұлттық өнерімізді таза күйінде  жаңғыртып насихаттай алуымыз қажет.   Сонда ғана ол жалпыхалықтық, бұқаралық сипатқа ие болады. Ұлыс мерекесіне бәрі сияды, бәрі қамтылады. Ұлыс деген атауының өзі осыны білдірсе керек.

Ерболат БАЯТҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар