Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облысы індеттің таралуы бойынша 5 орында тұр - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облысы індеттің таралуы бойынша 5 орында тұр

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов пен Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қатысып, өңіріміздегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндап берді. Жыл басынан бері өңірде COVID-19 індетін жұқтырушылардың саны 16 есеге көбейген. Сондай-ақ, коронавирустың қарқынды таралуы Ақмола облысымен қатар, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында, Қарағанды мен Павлодар облыстарында байқалуда.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте алдымен Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов сөз алды. Оның мәлімдеуінше, өңірдегі 17 стационарда коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеуге әзірлеген 1205 төсек-орын бар. Оларда 700-ден астам науқас ем алса, реанимацияларда жатқандардың саны 23. Ал, өңір бойынша дәрі-дәрмектер қоры 2 айға жететіндей қамтамасыз етіліпті.

Күні бүгінге дейін тіркелген деректерге сәйкес COVID-19 індетін жұқтырушылардың саны 63549-ға жеткен. Соның, 13868-і осы жылдың қаңтар айында тіркеліпті. Бұл өткен аймен салыстырғанда төрт есеге артқанын көрсетті.

– Мәселен, соңғы тәулікте 700-ден астам адам індетті жұқтырғаны расталды. Соның, 536-сы ересек адамдар болса, қалғаны 14 жасқа дейінгі балалар. Коронавирус індетінің қарқынды таралуы Көкшетау, Степногорск қалалары мен Бурабай, Ерейментау, Атбасар, Сандықтау, Аршалы, Ақкөл, Бұланды, Целиноград, Зеренді, Астрахан, Жақсы, Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарында байқалуда, – деді брифингте сөз алған Айнагүл Мусина.
Пандемия басталғалы өңір оқушылары арасында індетті жұқтырғандар саны 5742-ге жетіпті. Соның, 3 мыңнан астамы осы оқу жылында тіркелген екен. Ал, өңір студенттері бойынша тіркелген көрсеткіштер көңілге жұбаныш ұялатады. Оқу жылы басталғалы жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы студенттер арасында коронавирус індетін жұқтырушылардың саны 300-ден асады.

– Міне, осындай көрсеткіштердің қатарын азайту үшін облысымыздың әр тұрғыны екпе салдырып, ревакцинадан өтуі керек. Әрине, екпе салдырғаннан кейін де індет жұқтырушылардың қатары бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Десе де, вакцинадан кейінгі індеттің әсері әлдеқайда жеңіл өтеді. Сондықтан, екпені әлі де салдырмағандар үшін өңірде 150-ге жуық вакцина пункттері жұмыс істеп тұр. Бұл пункттерден мерзімі келгендер де ревакцинадан өте алады, – деді өңірдің бас санитарлық дәрігері.

Жалпы, облыс бойынша екпе салдыруда қосшылықтар көш бастап тұр. Тұрғындардың басым дені вакцинаның бірінші және екінші компонентін де салдырған екен. Осы себептен болар, індет қарқынды тарағандардың қатарында Қосшы ауданының қарасы көрінбейді.

Өңірде Pfizer екпесін алғандардардың саны бүгінде 4 мыңға жуықтады. Олардың 2 жарым мыңнан астамы жасөспірімдер болса, қалған бөлігін жүкті әйелдер мен бала емізетін аналар құрайды.

– Бүгінде ревакцинаны салдыруы қажет адамдардың 50 пайызы екпелерін толық алды. Бұл өңірдің 63786 тұрғыны ревакцинадан өтті деген сөз. Олардың көп бөлігін ұстаздар, медицина қызметкерлері мен полицейлер құрайды, – деп атап көрсеткен Айнагүл Советқызы мониторинг топтардың атқарып жатқан жұмыстарына да тоқталды. 207 мониторинг тобы жыл басынан бері 200-ден астам бақылау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде карантин шараларын бұзған 4 нысанды анықтаған.

Ал, «ASHYQ» қосымшасы арқылы жыл басынан бері 2 мыңнан астам үй оқшалауындағы режимнің бұзылғаны анықталды. Сөйтіп, 522 ақмолалыққа жалпы көлемі 27,6 миллион теңге болатын айыппұл салынды.

Айгүл БЕКЕТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар