Ұлт ұстазына арналады

Биыл қазақтың рухани көсемі атанған Алаш ардақтысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Осы мерейлі датаға орай, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мемлекеттік комиссия құрылып, республикалық және облыстық жоспарлар әзірленді.

Ақмола облысында да осы датаға байланысты мыңнан астам іс-шара өтеді деп жоспарланған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Байқадамқызы мәлімдеді.

Бұл үшін 2021 жылдың 9 желтоқсанында 58 тармақтан тұратын облыстық жоспар бекітілді. Жоспарланған шаралар елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн және офлайн өткізілетін болады. Облыс-та қазір Ахмет Байтұрсынұлының есімімен 22 көше, 1 мектеп аталады. Биыл мерейтой қарсаңында Көкшетау қаласындағы жоғарғы техникалық колледжіне, Біржан сал, Жақсы аудандарының орта мектептеріне және аудан орталықтарындағы, ауылдардағы көшелерге Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілетін болады.

Сонымен қатар, «Ахмет бізбен!» атты 15 жастан бастап зейнет жасындағы адамдардың қатысуымен «Ең белсенді аймақ», «Ең белсенді қала», «Ең белсенді мектеп» номинациялары бойынша онлайн-викторина өткізіледі. Сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен бірлесіп, Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық (Түркия, Өзбекстан) конференция ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, –деді Алтынай Байқадамқызы.

Баспасөз мәслихатында Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова сөз сөйледі. Оның айтуынша, мерейтой аясында кітапхана, музей, клубтық кәсіпорындар базасында әртүрлі форматта 1000-нан астам іс-шара жоспарланған.

Мәселен, таяуда М.Жұмабаев атындағы облыстық әмбебап- ғылыми кітапханасында ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай «Ұлттың ұлы ұстазы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы болып өтті.

Сонымен қатар, облыстың мәдени ошақтарында алдағы уақытта «Ұлттың ұлы ұстазы» аймақаралық ақындар айтысы, «Асыл дарын, алтын тұлға, ұлттың ұлы көсемі» атты кітап көрмесі, «Ахмет Байтұрсынов – ұлт жанашары» атты Торғай қаласының Жангелді мұражайлар кешенімен бірлескен іс-шара, «Алаштың ардағы» әдеби-тарихи кеш, «Ұлттың ұлы ұстазы» қала оқу орындарында ақпараттық сағаттар циклы, мәдениет ұйымдары арасында «Ахмет оқулары» мәнерлеп оқу челленджі, «Байтұрсынұлы жазуы» атты балаларға арналған шоу-бағдарлама, «Алаштың ардақтысы асыл Ахаң» атты әдеби отырыс, ақынның «Қырық мысал» кітабының желісі бойынша жас суретшілер байқауы, «Өмір жолы» өлеңдер байқауы, «Алаш арысы» жыр-арнаулар, тарихи танымдық сағаттар, викториналар, оқушылар сайысы, конференциялар, дәрістер, семинарлар, көрмелер, дебаттық турнирлер, және басқа да түрлі форматтағы іс-шаралар өткізу жоспарланып отырған көрінеді.

Жиында Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботагөз Дүйсенова да білім ошақтарында мерейлі датаға орай атқарылып жатқан іс-шаралар жоспарын ортаға салды. Мәселен, 2021 жылдың 17 қыркүйегінде Көкшетау қаласының білім бөлімінің базасында «Ахмет Байтұрсынов: ақын, ғалым, публицист» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Іс-шараға Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының педагогика және филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айбек Қалиев пен қазақ тілі және әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, магистр, доцент Ардақ Абдуллина қатысып, филология және өнер тарихының негізін қалаушы туралы ақпараттық баяндамалар жасалды. Ақмола облысындағы білім ошақтарында түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілу жоспарланған.

Мәселен, сәуір айында бастауыш сынып мұғалімдерінің «Бастауыш – білім бастауы» форумы өтеді деп күтілуде. Сонымен қатар, филолог-педагогтардың қатысуымен «Ахмет Байтұрсынов және қазақ жазуының тарихы» атты дөңгелек үстел жиыны, облыс педагогтарының қатысуымен «Кәсіпқойлық, инновациялар, шығармашылық» ғылыми-практикалық конференциясы, Ақмола облысының жас тарихшыларының, сондай-ақ,
Омбы және Челябі облыстарының мектеп оқушылары – этникалық қазақтарының қатысуымен «Жас өлкетанушы-тарихшылар форумы» және тағы басқа тағылымды іс-шаралар өтеді деп жоспарланып отыр.

Облыстың 552 мектебі мен 32 колледжінде «Ахмет тағылымы» онкүндігі басталды. Ғалымның ғылыми мұрасын жан-жақты насихаттау мақсатында барлық білім беру ұйымдарында Ахмет Байтұрсыновқа арналған бұрыштар ашылады. Мерейтой аясында өткізілетін іс-шараларға 110 мыңға жуық оқушы мен студенттерді қамту жоспарлануда. Демалыс уақытында да облыс оқушыларының көшбасшылар қызметінің тарихын білуі үшін «Алаш» қозғалысын дамытуға арналған зияткерлік квиздер өткізілмекші.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар