Жаңа техникалық мамандықтар – заман талабы

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісінде жасаған «Қасіретті қаңтар» сабағы: қоғам тұтастығы – тәуелсіздік кепілі» атты баяндамасының басты идеясы меніңше, егемен еліміздің дамуы жолындағы міндеттерді айқындап, одан арғы перспективаларды белгілеу болып табылады.

Баяндамада Президентіміз еліміздің алдында тұрған басты міндеттің бірі – салауатты, саналы да білімді, ақыл-парасаты мол және ғылыми-мәдени өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу екендігін ерекше атап өтті. Бұл барлық қоғам дамуының маңызды факторы. Негізгі басымдық – сапалы білімге деген қолжетімділікті арттыру. Оны жүзеге асыру үшін Үкіметке білім гранттарының санын көбейту, шалғай аймақтарды білікті мұғалімдермен қамтамасыз ету және елімізде шет елдің озық университеттерінің филиалдарын ашу тәрізді тапсырмалар берді. Техникалық мамандықтарды игеру қажеттігін ерекше атап өтті.

Осы орайда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде педагогикалық мамандықтардан басқа, бірнеше техникалық бағыттар бойынша мамандар даярланатынын ерекше айтқым келіп отыр. Олар: тау-кен өндіру және қайта өңдеу өнеркәсібі, инженерлік және көлік, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар. Бұған қоса, құрылыс, машина жасау, көлік, тау-кен ісі, қайта өңдеу технологиялары салаларына да мамандар даярлаймыз.

Өткен жылы техникалық мамандықтар бойынша университетімізді 211 түлек аяқтап шықты. Олардың жұмысқа орналасу көрсеткіші орташа есеппен 85 пайызды құрайды. Бұл – жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазіргі уақытта осы салада 1057 студент білім алуда. Оның ішінде «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 225 студент бар.
Студенттеріміз жыл сайын «Алтынтау – Көкшетау», «Тыныс» акционерлік қоғамдары мен «КАМАЗ-Инжиниринг», «Казростинжиниринг», «Базис Б», «Кокшетаугорсельпроект», «Алуа-строй», «Регион-строй», «Агромер Астық» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде және ірі тау-кен байыту комбинаттары мен құрылыс фирмаларында, өңірдің басқа да жетекші кәсіпорындарында тәжірибеден өтеді. Өндіріс орындарында тек қана техникалық мамандықтар бойынша кафедраларымыздың 10 филиалы жұмыс істеуде. Ал, барлығын қоса алғанда, мұндай филиалдар бізде 29. Мұның өзі университетіміз мамандарды даярлауда өңірдегі ірі кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық қарым-қатынас орнатқандығын білдіреді.

Бүгінгі күні біздің оқу орнының қатысуымен «Тыныс» және «Тио-лайн» акционерлік қоғамдарында 200 миллион теңгені құрайтын 3 ірі жоба жүзеге асырылуда. Олар – Обухов кен орнының қалдықтарынан сирек кездесетін металдарды алу бойынша зертханалық зерттеулер жүргізу, шойын қорытпаларынан жасалған құймалардың механикалық қасиеттеріне әсерін зерттеу, флотация циклінде жұқа дисперсті алтын алуды арттыру жобалары.
«Тиолайн» тау-кен байыту комбинаты 2019 жылдан бері болашақ мамандарды өздеріне тарту мақсатында, осы мамандыққа оқитын студенттерге 100 000 теңге көлемінде шәкіртақы тағайындап келеді. Сонымен қатар, өндіріс орны ғылыми-зерттеу бағытында бірлесе жұмыс істейтін сала оқытушыларының еңбекақыларына қосымша үстемақы төлеуде. 2020 жылы Үндістан мемлекетіндегі ГОА ірі тау-кен орнында студенттеріміздің тағылымдамадан өтулеріне де демеушілік көрсетілгенін атап өткім келеді.

«Құрылыс» мамандығының студенттері Ресей Федерациясының Томск мемлекеттік құрылыс университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша бір семестр білім алып келді. Сонымен қатар, техникалық мамандарды даярлауды күшейту мақсатында 2021 жылы Санкт-Петербургтен профессор Талал Авад сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша университетімізге арнайы шақырылып, техникалық мамандықтардан студенттерге дәріс оқып, профессор-оқытушыларымызбен тәжірибе алмасты. Бұл тәжірибе әлі де жалғасын табады деп отырмыз. Осы мақсатта 2022 жылға шақырылатын шетелдік профессорлардың тізімін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне бекітуге жолдап, шешімін күтудеміз.

Президенттің сөзінде айтылғанындай, қоғамның дамуында білім беру және мәдениет саласын да естен шығаруға болмайды. Әсіресе, бірінші кезекте жастар білімді болуы керек. Өйткені, білімді азаматтар шынайы кәсіби бәсекелестікте мерейлері үстем болып, табысты және лайықты өмірге көбірек қадам жасай алады. 60 жылдық тарихы бар іргелі білім ордамыз өзінің алдағы даму бағытын тек қана Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың жаңа бағыттағы жаңа Қазақстанның алдына қойған маңызды міндеттерімен байланыстырып отыр.

Өңірдің экономикалық тұрақтылығына үлес қосу үшін біз Қазақстанның жаңа кәсіптері мен құзыреттіліктерінің атласына сәйкес әзірленген «Агрокибернетика», «IT-құрылыс», «Тау-кен ісіндегі 3D модельдеу инженері», «Өнеркәсіптік кәсіпорындардың/үй-жайлардың дизайнын жобалау» жаңа бағдарламаларын іске асыру арқылы жас кәсіпкерлер пулын қалыптастыра отырып, бизнес өкілдерінің жаңа санатын даярлауды көздеп отырмыз. Халықаралық ақпараттық технологиялар университетімен және IT Universitu-мен коллаборациясы шеңберінде «Цифрлық агрожүйелер мен кешендер» және «Ғимараттар мен құрылыстарды цифрлық жобалау» бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асырудамыз.

2021 жылы мықты өңірлік университеттерде академиялық артықшылық орталықтарын құру кәсіби кадрлардың орнын толтыру ісіндегі нағыз серпінді тұғырнама болды. Бұл ретте, университетіміз «Ualikhanov University академиялық артықшылық орталығы» мемлекеттік инвестициялық жобасын әзірледі. Оның құны 4 миллиард теңгені құрап отыр. Іске асыру кезеңі – 2021-2024 жылдар аралығы. Сонымен қатар, жалпы аумағы 1200 шаршы метрді құрайтын «Ualikhanov University академиялық артықшылық орталығы» деп аталатын жеке ғимарат салынады. Осы жоба аясында техникалық мамандықтардың ғылыми-зертханалық жағдайын жақсарту көзделіп отыр. Өңірлік инновациялық парк ашу жоспарлануда, оған 4 зертхана кіретін болады.

Нақтырақ айтсақ, олар тиімді құрылыс материалдары мен технологиялары зертханасы; Тау-кен өндіру және өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа технологиялар зертханасы; Экоаналитика және өнеркәсіптік қауіпсіздік зертханасы; Көлік жасаудағы инновациялық технологиялар зертханасы. Сондай-ақ, Computer Science орталығын ашу жоспарлануда, оған Жүйелік шешімдер; SMART lab, Сандық креатив секілді зертханалар кіретін болады.
Президенттің ұлттың рухани болмысы мен таным зердесін қалыптастыруға дәнекер болатын, елдің білім тұтқасын ұстаған қоғам мүшелеріне артқан жауапкершілік жүгінің салмағы ауыр. Мұнымен, білім саласында жүрген бізге де үлкен міндеттер жүктелуде.

Біздің міндет – осы бағытта еліміздің бүгіні мен ертеңі үшін бір жұдырықтай жұмыла қызмет атқару және ел алдындағы жауапкершілікті сезіну. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылық-профессорлық құрамы мен білім алушы жастары Мемлекет басшысының еліміздің кемел келешегі жолындағы әр баянды бастамасын қолдайды.

Елімізде тыныштық, бейбітшілік болып, тәуелсіздігіміздің тұғыры шайқалмасын. Ал, осы айтылған құндылықтарды сақтап қалуымызға Қазақстанның әрбір азаматы өз білімімен, адал еңбегімен барынша үлес қосуы тиіс.

Марат СЫРЛЫБАЕВ,
Шоқан Уәлиханов атындағы
Көкшетау университетінің ректоры,
экономика ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар