Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы басты назарда болсын

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен кезекті әкімдік мәжілісі болып өтті. Онда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қ.Дүзелбаевтың Ақмола облысының 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және 2022 жылдың міндеттері туралы баяндамасы тыңдалып, талқыланды.

Әкімдік мәжілісіне облыстық мәслихаттың хатшысы Мұрат Балпан, облыс әкімінің орынбасарлары, қалалар мен аудандардың әкімдері, департаменттер мен басқармалардың басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Мәжілісте облыстық қаржы басқармасының басшысы Т.Бөлтеновтің де 2021 жылы облыстық бюджеттің орындалуы туралы баяндамасы тындалды.

Алғашқы болып сөз алған Қ.Дүзелбаевтың баяндамасында әр қала мен аудан, департамент пен басқарманың өткен жылы бөлінген қаражатты игеруі, жыл қорытындысы бойынша көрсеткіштері, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы сараланды. Облыс бойынша жалпы көрсеткіш көңіл көншітерлік болғанмен, жекелеген кемшіліктер де жоқ емес. 2021 жылдың қорытындысы бойынша негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсу қарқыны негізінен сақталған.

Тек ауыл шаруашылығындағы өсім ғана 88,9 пайыз болып отыр. Өнеркәсіп кәсіпорындарында өсім 9,5 пайызға артқан. Өңір басшысы орындалмаған тапсырмалар бойынша жауапты адамдардан істің мән-жайын түсіндіруді талап етті. 9 аудан көрсеткіштері жылма-жыл төмендеп барады. Ондай аудандардың қатарында Қорғалжын, Бурабай, Атбасар, Шортанды, Жақсы сияқты аудандар бар. Целиноград, Есіл аудандары, Степногорск қаласы бойынша мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында олқылықтар орын алуда.

–Бір сала бойынша көрсеткіштің жылма-жыл төмендей беруіне неге жол беріледі. Неге оның себеп-салдары сарапталып, анықталмайды? Сондай қателіктерді тауып, шұғыл түрде түзетіңіздер, – деп талап қойды облыс әкімі.

Баяндамашы инвестиция тарту жөнінен Ақкөл, Сандықтау, Жақсы, Бурабай аудандарында жақсы ілгерілеушілік бар екенін, тек Целиноград және Бұланды аудандарында бұл көрсеткіштің бұрынғыдан төмендегенін айтты.
Құрылыс жұмыстары 15,8 пайызға өскен. Степногорск қаласы, Қорғалжын мен Жақсы аудандарының көрсеткіштері тәуір. Ал, Астрахан, Бұланды, Сандықтау, Біржан сал, Жарқайың аудандары мен Көкшетау қаласында құрылыс қарқыны бәсең.

Денсаулық сақтау саласының негізгі көрсеткіші әлеуметтік ауру түрлері мен одан шетінеу, әсіресе, балалар мен аналар амандығы десек, құрт ауруымен ауырушылар саны 1,2 пайызға азайған, қан қысымы ауруларынан зардап шегушілер саны 18,8 пайызға дейін төмендеген. Облыстық қаржы басқармасының басшысы Т.Бөлтеновтің баяндамасында да әр сала көрсеткіштері нақты деректермен алға тартылады.

Өңір басшысы одан әрі облыстың күнделікті тыныс-тіршілігіне қатысты маңызды күнделікті мәселелерге тоқталып, ауа райының барысы, жолдардың жағдайын, індетке қарсы екпе алу жайын, нарықтағы халық көп тұтынатын азық-түлік бағасын қадағалау қажеттігін тапсырды. Сөйтіп, жауапты орындарға тапсырмалар жүктелді.
Әкімдік мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.

Серік Сапарұлы,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар