Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Нағыз ән жүректен шығады - АРҚА АЖАРЫ

Нағыз ән жүректен шығады

Көкшетау» мәдениет сарайында ел тәуелсіздігінің 25  жылдығына орай, «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты облыстық композиторлар фестивалі болып өтті.

Ақмола, Көкше жері күміс көмей  әншілер мен сал-серілердің мекені болған киелі бесік. Бұл өңірді жырға қоспаған ақын, әнге қоспаған әнші жоқ. Олардың жан тебіренткен өлеңдері мен әндері тыңдаушыларды әркез баурап алады. Бүгінде кешегі өткен Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ, Үкілі Ыбырай, Иманжүсіптің жолын жалғастырушылар аз емес. Олар қазақ музыкасындағы ұлттық нақышты сақтап, Арқа өңірінің музыкалық дәстүрін өрбітіп келеді. Сазгерлердің шығармашылығын көпшілікке таныту мақсатында өткен шараға қала мен аудандардан 15 композитор қатысты. Атап айтқанда, олардың арасында Марат Әлімжанов, Қайранас Мұқышев, Құмарбек Қалқатай, Абай Бекмолдин, Жарас Қалдаров, Жанатқазы Дәмелқазы, Жансейіт Түкібаев сынды өнер иелері болды. Сондай-ақ, елімізге кеңінен тараған әндердің авторлары, Қазақстан Композиторлар одағының мүшелері Құрмет Сақай және Болатбек Есмұқановтың туындылары жиналған қауымның құлақ құрышын қандырып, рухани ләззат сыйлады.
Өз кезегінде авторлардың әндерін нақышына келтіре орындаған Қорғалжын ауданының «Дударай» фольклорлық ансамблі, Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің «Аңсар» тобы, жеке орындаушылар Медет Бекхожин, Серікболсын Бекмолдин, Айдана Сембиева жиналғандарды әсем әнімен сусындатып, ерекше ықыласқа бөленді. Фестивальға келген жұрт  әр орындаушыны ду қол шапалақтап қарсы алып отырды. Шараға қатысқан жастар легі осы жолы даңғаза әуендерге емес, туған жердің қадірін әспеттейтін байсалды, сыршыл әндерге мойын бұрғаны көңіл сүйсінтті. Тіпті, әншілермен бірге әндетіп отырған жандар да
табылды.
Кеш соңында сахнаға облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева көтеріліп, сазгерлерге шығармашылық табыс тілеп, ән өнерінің дамуына үлес қосып жүрген талапкерлерді Алғыс хаттармен марапаттады. Әсерлі өткен кеш бейнефильм болып жарыққа шықпақ. Осылайша кең залды әсем әуен құшағында тербеткен сазды бағдарламаны өзгелер де тамашалайтын болады. Әрі фестивальға қатысушылардың әндерінің басын қосып, жеке жинақ шығару жоспарда бар.

 Ырысгүл АШУОВА

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар