Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, республикамыздың бұрынғы басшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың жарқын бейнесі, адами және азаматтық қасиеті ешқашан ұмытылмай, туған халқымен бірге жасай береді. Өткен күнде белгі бар екендігіне өз басым кәміл сенемін. 1974 жылы әскер қатарынан келген соң бұрынғы Көкшетау облысының мемлекеттік автоинспекциясына қызметке тұрдым. Тағдырдың маған берген сыйы шығар, құзырлы мемкеменің бастығы, милиция полковнигі, марқұм Сушы Кәрімұлы Сәдуақасовтың жүргізушісі болу бұйырды. Абзал аға бірден жұмысқа кешікпей келуімді әрі адал болуымды талап етті. Ол кезде де жаз айларында Бурабайға жоғарғы лауазымды басшылар жиі келетін. Олардың жүріп-тұруын автоинспекция қызметкерлері қадағалайтыны белгілі. Осы тұста айтпағым, Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев мұндай құрметті қалай бермейтін. Оның келіп, кеткенін кейде білмей қалатынбыз.
Дегенмен мемлекет басшысының қауіпсіздігі милиция қызметкерлерінің, әсіресе, МАИ өкілдерінің төл міндеті еді. Сондай бір кезде Дінмұхаммед Ахметұлы Бурабайдағы резиденциясында жолықтыру сәті түсті. Ардақты ағамыз шен-шекпенді милиция қызметкерлерінің бәрімен және бізбен қол беріп амандасып, қал-жағдайымызды сұрады. Міне қарапайымдылық деген осы болар. Сол бір сәт көз алдымда күні бүгінге дейін кетпей, тұрып алады.
Дінмұхамед Қонаев атамыз барлық қазақты, елімізді мекендеген ұлттар мен ұлыстарды бірдей жақсы көрді. Ол руға, жерге бөлген жоқ. Соның айғағындай, Көкшетау топырағынан түлеп ұшқан Бәйкен Әшімов, Еркін Әуелбеков, Кәкімбек Салықов, Амонолла Рамазанов, Мақтай Сағдиев бірнеше облыстарға басшылық етті. Осының өзінен-ақ Димаш ағамыздың көрікті Көкшеге деген сүйіспешілігін, оның перзенттеріне сенімін айқын сезінуге болады. Бір өкініштісі, облыс орталығы Көкшетау қаласында, оның аудандары мен өзге елді мекендерінде Қонаев атындағы көше жоқ. Осы жағдай мені азамат ретінде қатты толғандырады. Көп кешіктірілмей Көкшетау қаласында Д.А.Қонаев ағамызға бір көшенің аты берілсе деген тілегім бар. Менің бұл ойымды Қонаевты құрметтейтін жерлестеріміз қызу қолдайды деген үміттемін.
Сейітқасым Әйтиев,
Көкшетау қаласының тұрғыны,
запастағы полиция полковнигі.