Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина осылай деп мәлімдеді.
Жыл басынан бері аса қауіпті инфекциялар, сондай-ақ сіреспе, дифтерия, қызылша, полиомиелит, эпидемиялық паротит, көкжөтел сияқты инфекциялар тіркелмеген. Скарлатина ауруының да тіркелу деректері төмендеген. Былтыр 2020 жылмен салыстырғанда облыс тұрғындары ішек инфекциясымен көбірек ауырып, 297 жағдай тіркелген.
–Соңғы 5 жылда гепатит А вирусымен сырқаттанушылықтың көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. 2018 жылдан бастап 18 жағдай тіркелген, жоспарлы вакцинациялаудың арқасында 2021 жылы бұл вирусқа ұшырау мүлде анықталмаған. Алайда жыл басынан бері Сандықтау ауданында вакцинацияланбаған 14 жасқа дейінгі 1 балада бұл жұқпа тіркелді, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері. Облыста тұрғындардың туберкулезбен сырқаттану деңгейі былтыр алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға төмендеді. Өткен жылы туберкулез дертіне тап болудың 305 дерегі тіркелді. Ақкөл, Егіндікөл, Біржан сал, Зеренді, Целиноград, Шортанды аудандары мен Степногорск, Көкшетау қалаларының тұрғындары арасында туберкулезбен сырқаттанудың өскені байқалады.
Ал, короновирус індетіне тоқталсақ, облыс республиканың басқа өңірлері тәрізді «жасыл аймаққа» өтті. Алайда, босаңсуға әлі де ерте. Стационарларда 100-ден астам науқас коронавирустан емделуде. Соңғы тәулікте облыста 7 адамнан індет зертханалық жолмен анықталған екен. Брифинг барысында енді медицина қызметкерлеріне, 50 және одан жоғары жастағы адамдарға, сондай-ақ бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектерге «Комирнати» вакцинасын қолдана отырып, коронавирусқа қарсы ревакцинация жүргізуге рұқсат етілетіндігі айтылды.
Сонымен бірге, өңірдің бас санитарлық дәрігері 2021-2022 оқу жылында 3700-ден астам оқушыда коронавирус анықталғанын айтып, балалардың денсаулығына абай болуды ескертті. Сонымен бірге, наурыз айындағы мереке күндері «көк» және «жасыл» түсті мәртебедегі адамдарға «Ashyq» қосымшасы бар мекемелерге барып, іс-шараларға қатысуға болатынын, өңірде «қызыл», «сары» аймақта болған кезде енгізілген шектеулер тоқтатылғанын айтты. Сондай-ақ, «көк» және «жасыл» мәртебесінде жүрген ата-аналар «Ashyq» қосымшасы арқылы өтіп, балабақшалардағы ертеңгіліктерге арақашықтықты сақтай отырып, қатысуға болатыны да жеткізілді.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.