Жоспарлы түрде дайындық жұмыстары жүргізілуде

Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаев пен «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Ақмола облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Надежда Гуришкина «Өңірдегі су тасқынына қарсы іс-шаралар туралы» баяндалар жасады.

Қанат Доспаев өз баяндамасында өткен жаз айынан бері қар суынынан келер қатерге қарсы жоспарлы жұмыстардың кезең-кезеңімен жүргізілгені туралы айтты. Атқарылған жұмыстардың сапасы қайта-қайта тексерілуде. Өйткені, қай жерде тосқауыл қоюда олқылық болса, сол жерді тасқын судың бұзып өтері сөзсіз. Сондықтан, үйілген топырақтардың тығыздығы, нығыздалуы, қалыңдығы сын көзбен қаралады. Басқа да бөгеттер сапасы көзден таса қалмайды. Осындай мұқият дайындықтар ғана судан келер қауіпті азайтады.

Шындығында, тасқын және еріген қар суы басуы мүмкін аймақтарда 13 мыңнан астам адам тұрады. 17 ауданда 125 осындай елді мекен бар. Жоспар бойынша 53 елді мекен маңайын бекіту көзделсе, ол жұмыстардың бәрі жүзеге асырылған. Қауіпті сейілту мақсатында ауылдардан 313 мың шаршы метр қар шығарылыпты. Мұндай алдын алу жұмыстарының оң нәтижесі болады деп күтілуде. Дегенмен, әлі қанша қар жауады, ол тез ери ме, әлде біртіндеп ери ме, ол жағын дөп басып айту қиын. Демек, тасқын судың қарқыны, әкелер қаупі әлі белгісіз. Қолдан келері дайындықтықты пысықтап, одан әрі күшейте беру. Қазір барлық күш осыған жұмылдырылған.

Надежда Гуришкина «Қазгидрометтің» Ақмола облысының өзен-көлдерінің ақпан айындағы жай-күйі жөніндегі болжамын айтты. Есіл, Мойылты, Шағалалы, Сілеті, Жабай, Қалқұтан өзендерінің мұзы соңғы бірнеше жылғы мөлшерден 2 пайызға, ал, кей жерлерде 30 пайызға төмен. Жер қабатының қатуы да 70 сантиметр мен 150 сантиметр аралығында. Бұл өткен жылдардағы көрсеткіштермен салыстырғанда 11 пайызға кем. Қызыл судың тасып, өзендердің арнасынан шығуы  көктемгі ылғалдың түсуі, жер қыртысының қату тереңдігі, өзен-көл үстіне қардың жиналуы, ауа температурасындағы өзгерістер, күннің қызуы сияқты жағдайларға байланысты. Дәлірек болжам наурыз айының алғашқы онкүндігінде жасалады.

Жалпы, наурыз айында облысымыз бойынша ауа температурасы жылдағы мөлшерден 1-2 градус жоғары болады деп, ал жауын-шашын басқа жерлерде мөлшерлі деңгейде, солтүстік батыста мөлшерден көбірек түсуі мүмкін деп күтілуде. Алғашқы онкүндікте түнде 10-5, 5-10 градус аяз, күндіз 3-8 градустан -2+3 градусқа дейін аяз бен жылымық болады деп жобалануда. Наурыз айының екінші онкүндігінде түнде 5-10, 10-15 градус аяз, күндіз 0-5-тен 0+5 –ке дейінгі аралықта жылы болуы ықтимал. Үшінші онкүндікке келсек, ауа райы түнде -4+1, күндіз +5+10 шамасында болмақ және осы күндері қар жиі түсуі мүмкін.

Ал, сәуір айында түнде +2, күндіз +2-5 градус шамасында күн жылынады. Міне, қар суы тасқынына қарсы жұмыстар, ауа райы туралы мамандар айтқан хабарлама осындай. Қысқасы, күн біртіндеп жылынады. Әлі біраз қар да түсуі ықтимал. Қызыл судың да қауіпті не қауіпсіз болатыны алдағы уақытта көрінеді. Алайда, оған қарсы тыңғылықты дайындық жұмыстарының жүргізіліп жатқаны ақиқат.

Серік Сапарұлы,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар