Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақмола облыстық полиция департаментінің ұжымы әріптес аруларды көктем мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мерекелік шараға полиция қызметкерлері, ішкі істер органдарының ардагерлері, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің жесірлері мен аналары қатысты. Мерекелік көңіл күйде өткен шарада арулардың атына жылы лебіздер айтылып, гүл шоқтары сыйланды.
Оның ішінде қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін, сондай-ақ Халықаралық әйелдер күнін мерекелеу құрметіне 24 қызметкер Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Марат Ахметжановтың бұйрығына сәйкес марапатталды. Ақкөл аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі аға учаскелік инспекторы Алма Қайырғожинаға «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалі тапсырылды. Полиция подполковнигі Әлия Асылбекова Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасына ие болды.
Бұдан бөлек бір топ қызметкерлер Ішкі істер министрлігінің грамоталары және алғыс хаттарымен марапатталды. Полиция қызметкерлеріне лайықты марапатты полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полковник Ризахмет Жәнібеков табыс етті. Жалпы, полиция департаменті бастығының грамотасымен 120-дан астам әйел марапатталды. Ішкі істер органдарының ардагер әйелдері, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан қызметкерлердің жесірлері мен аналары да шет қалған жоқ.
«Сіздер құқықтық тәртіпті сақтауға, қылмысқа қарсы күреске, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға баға жетпес үлес қосып келесіздер. Кәсіби шеберліктеріңіз және адал еңбектеріңіздің арқасында жоғары нәтижелерге қол жеткізілуде. Сіздер ер азаматтармен бірге бірге адал және жанқиярлықпен қызмет етудесіздер.
Осы тамаша мерекеде сіздерге шыдамдылық пен табандылық, жұмыстағы принципшілдік пен құзыреттілік, қызметтік парызға адалдық, полиция мамандығына берілгендіктеріңіз үшін шын жүректен алғысым білдіремін!», – деді құттықтау сөзінде ведомство басшысы Ризахмет Жәнібеков. Салтанатты шара полиция департаментінің шығармашылық ұжымының орындауындағы мерекелік концертке ұласты. Айта кету керек, бүгінгі таңда Ақмола полициясы қатарында ерлермен қатар 300-ден астам әйел қызмет атқарады.