Облыс әкімі Сергей Кулагин кезекті жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап көрді.
Өңір басшысы алдымен, 96 разъезде жаңадан салынып жатқан мектепке ат басын тіреді. Аталған білім ордасының құрылысы өткен жылы басталған болатын. Жобаның құны 547 миллион теңгеге бағаланып, оның 80 пайызы бас мердігерге бөлінді. Нысанды тапсыру мерзімі биылғы жылдың қыркүйек айына белгіленген болатын. Алайда, бүгінгі күні құрылыс жұмыстары кестеден кейін қалып отырған жайы бар. Осы ретте, облыс әкімі білім ордасын қысқа мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар, өңір басшысы Талапкер және Воздвиженка ауылдарын қосатын күре жолдың құрылысымен де танысып, осы мақсатқа бөлінген қаржыны толық игеруді қадап айтты. Өңір басшысы өзінің мамыр айында Целиноград ауданында болған сапарында, аудан басшыларына Талапкер ауылындағы мектептің бу қазандығын жөндеп, барлық білім беру нысандарындағы құрылыс жұмыстарында орын алып отырған кемшіліктерді жою жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Осы жолғы сапарында ол аталған нысандарда болып, бу қазандығының жұмысы мен оқу ғимаратының қазіргі жағдайымен танысты.
Облыс әкімі сондай-ақ, Қоянды ауылында да болып, әлеуметтік нысандарды аралап көрді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.