Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ана бақыты - АРҚА АЖАРЫ

Ана бақыты

Баласы бар ананың басында алтын тәжі болады деседі. Бәлкім, қым-қуыт тірліктің жетегінде жүріп, біз құндылық дейтін ауқымы кең, астары терең сөздің байыбына, мән-мағынасына терең бойлай алмай жүрген шығармыз. Өмірден сұлулық іздейміз, байлықты аңсап шарқ ұрамыз, мансапты көздейміз, сөйтіп жүріп, басында алтын тәжі бар, бар байлықтың бастауы, сөз жеткізгісіз сұлулық, мөп-мөлдір мейірім, адами абзал құндылықтардың барлығы бір бойынан табылатын анамыздың қадіріне жете алмай жүрген болармыз. Ана деген – өмірдің шамшырағы ғой. Қай жаста болсаңыз да, дәл сізді анаңыздай сүйетін, сізге анаңыздай қамқор болатын жан табыла бермейтіні анық. Жалпы, ана болу – үлкен жауапкершілік. Ал, көпбалалы ана болу нағыз ерлік десек артық емес. 

–Қазақ әйелдері табиғатынан балажан. Бала сүюді бақытқа балайды.«Тылсым дүние есігін іңгәлап ашқан сәби бұл дүниеге өз несібесімен келеді. Әрқайсысының өз ырыздығы бар, –деп білемін дейді Көкшетау қаласының тұрғыны, көпбалалы ана, «Алтын алқа» алқасының иегері Мая Ахметжанова. Жүзінен мейірім шуағы себізгілеп тұратын, иманжүзді жас ана биыл қырық жеті жасқа толады екен. Отағасы Әсет Қалымтайұлымен шаңырақ құрғанына 27 жыл. «Жеті ұлым, үш қызғалдақ қызым бар, күні-түні солардың амандығын тілеймін. Алла құлындарымды ғұмырлы, бақытты қылсыншы»дейді ол бізбен өзінің жүрекжарды тілегімен бөлісіп.

Мая мен Әсет Ахметжановтар Зеренді ауданының тумалары.Екеуі декөпбалалы отбасында тәрбиеленген. Әсет Қалымтайұлының отбасында тоғыз бала болса, Мая әпкеміз он баланың кенжесі екен. Сондықтанда болар, екі жас отбасын құрып,шаңырақ көтергенде ешбір қиындыққа мойымай, өз ата-аналары сияқты өнегелі отбасы болуды мақсат тұтқан. Солай болды да. Қазіргі таңда он баланың алды, тұңғыштары 26 жаста болса,үйдің кенжесі Нұрисламүш жастағы балдырған. Балаларының барлығы кішіпейіл, бауырмал, инабатты, тәрбие көрген ұл-қыздар. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» көрсетуден бір танбайды. Көрші-қолаңның барлығы  бұл үйдегі балалардың тәрбиесіне тәнті.

– Балалардың алды өсіп, жетілді. Қазір үш баламыз жұмыс істейді.Тапқан-таянғандарын бізге әкеліп, қолқабыс қылуда. Екі балам колледжде, үшеуі мектепте оқиды, ал,Ерсұлтанымыз Петропавл қаласындағы дарынды балаларға  арналған спорт мектеп-интернатында білім алуда. Олбокспен айналысады. Нұрисламымды айттым, олүш жаста. Осыдан үш жыл бұрын баспаналы болдық. Көкшетау қаласындағы жаңадан бой көтерген «Сарыарқа» шағын ауданында үш бөлмелі пәтер мен оған қоса тағы бір бөлмелі пәтердің иесі атандық. Мемлекет тарапынан көпбалалы отбасы ретінде бізге осындай қолдау көрсетілді. Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы. Біз отбасын құрған күннен ауылдағы ата-аналарымыздың  батасын алып, қалада тұрдық. «Жастар қалада тұруы керек, біздерге қарайламаңдар, болашақтарың алда» деп ол кісілер бізге рұқсатын берді. Мінекей, 27 жыл Көкшетау қаласында тұрамыз. Балалардың барлығы осында дүниеге келді. Баспанамыз болмай, көп қиындық көргеніміз рас. Сөзім жалған болмасын, отбасымызбен жиырма бір жыл жатақханада тұрғанымызды айтсақ та жеткілікті шығар. Сонда да еш кейімей, мойымай,барға қанағат ететінбіз. Біреулер сенбеуі де мүмкін. Бірақ, осы жылдар аралығында күйеуім екеуіміз бірде-бір рет сөзге келіп, ұрысып көрген емеспіз.  Меніңше бақыттың кілті сабырда. Сабыр сақтап, барға қанағат етсең, алынбайтын қамал жоқ, ойға алған армандарың да орындалады, –дейді Мая апай.

Мая Балташқызымен тілдесе отырып, ана махаббаты шексіз, көңілі риясыз таза, пейілі  дархан даладай кең, жүрегі жібектей нәзік, мейірімге толы екендігін ұғына түскендейсің. Көпбалалы ананың шұғылалы нұр тұнған жүзіне қарап, бақыттың шуағы себезгілеп тұрғанын көресің. Көресің де жүрегің қуанады. Себебі, ана бақытты байлықпен өлшемейді. Ананың бар байлығы – бауыр еті баласы!

Жасыратыны жоқ, түлкі болып бұлғаңдаған қу заманда тіршілік түйткіліне шырмалып, қара басының қамын күйттей алмай жүргендер қаншама! Ал, бір емес он баланы бірдей бағып-қағып, жеткізіп, олардың әрқайсысының өміріне жауапкершілікпен қарау, әсте оңай-оспақ шаруа емес. Халық көпбалалы аналарды «Батыр ана» деп атауының сыры осында шығар!Осындай үлгі тұтар батыр аналарымыз көп болсыншы!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі. 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар