Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сағыныштың уытынан сарғайып таң атқанда ата қоныс – Өндіріс ауылы ойына оралмасы бар ма. Сол-ақ екен тұс-тұстан тұмшалап, аңдағайлап жеткен тәп-тәтті таңғы ұйқы самал жел шымылдығын желпіген жеңіл тұмандай ысырылып сала берді. Жасы жер ортасынан ауған соң - АРҚА АЖАРЫ

Сағыныштың уытынан сарғайып таң атқанда ата қоныс – Өндіріс ауылы ойына оралмасы бар ма. Сол-ақ екен тұс-тұстан тұмшалап, аңдағайлап жеткен тәп-тәтті таңғы ұйқы самал жел шымылдығын желпіген жеңіл тұмандай ысырылып сала берді. Жасы жер ортасынан ауған соң

Жақсының жалғасы

 

Туған жер деген ұғым қазақ үшін неліктен осыншалықты ыстық болды екен. Ғайыптан тайып жадына оралғанда жан дүниесі айрықша бір сезімге бөленіп, кірпігіне мөп-мөлдір тамшы ілініп, ақ бас толқындары аспанға атқан теңіздей тебіреніп кететіні бар. Өткен өмір жолдары еріксіз еске түскенде, бір кезде түтіні түзу ұшқан шоқ жұлдыздай шағын ғана туған ауылы кіреукеленген жанарының алдында қылаң беретін. Құтты баяғыдай тәрізді. Тіпті, жалғыз қазығы да суырылмаған. Қаз-қалпында тәрізді. Әр үйдің арасындағы қазоты басқан жалғыз аяқ жаяу жолдармен кимешегі қарқарадай жарқырап әжелер кетіп бара жатқандай. Әне бір төбенің басында ел жайын, жұрт қамын қаужаған абыз ақсақалдар отырғандай. Қыр астында күркіреп алапат еңбектің дүбірі жер жарып тұратын тәрізді.
Еңбек өтілі тұп-тура 55 жылды құрайтын Болат Рамазанұлы Солтүстік Қазақстан облысына қарасты Есіл ауданындағы Өндіріс ауылында 1941 жылдың наурыз айының 16-ы күні дүниеге келген. Көршілес Ильинка селосындағы орта мектепті бітірді. Енді алдында екі жол тұрған. Бірі – жоғары оқу орнына түсіп, талмай ізденіп оқып, жақсы маман атанып, елге қызмет ету. Екіншісі – отбасының жағдайына қарайлап еңбекке араласу.
Білім алуға бойындағы талабы мен зейіні қаптал жететін еді. Орта мектепті жақсы аяқтаған. Құштарлығы да керемет. Тек балауса көкіректегі балдырған ойды, нақтылай айтқанда, нәп-нәзік арманды тіршіліктің тұсамысы бұғаулап, байлап босатпады. Бұл кезде отбасындағы екі баланың бірі Мақтай аға Жоғары партия мектебінде оқып жатқан болатын. Екеуінің бірдей оқуына жағдай келмейді. Әке-шеше сырқат. Біреуі отбасына демеу болғаны жөн. Ақылдаса келе осылай шешті. Сөйтіп, ұзақ та абыройлы еңбек дастанының алғашқы тарауы басталған.
Іргедегі «Ленинский» орман шаруашылығында 1960 жылы еңбек әліппесін бастады. Орманшының жұмысы ғажап қой шіркін. Ол кезде ел іші тыныш. Әне бір жылдардағыдай ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның қабырғасын қақыратып өрт салу, рұқсатсыз ағаш кесу деген жоқ. Тіпті, орманшыға жолықпай балтаға сап та алмайды. Осы жерде лесничидің орынбасарына дейін өсті. Шаңырақ көтерді.   
Арада сегіз жыл өткен соң кіндік қаны тамған Өндіріс ауылына бөлімше меңгерушісі болып тағайындалды. Дәл осы кезде Одақтық Министрлер кеңесінің Қаулысы шыққан болатын. Мазмұны тәжірибесі бар, білікті адамдарды оқытып, білімдерін жетілдіруге саяды. Дәл осы қаулының ықпалымен Покровка селосындағы ауыл шаруашылығы техникумының күндізгі бөліміне түсіп, 1972 жылы бітіріп шықты. Қолына диплом тиген күні-ақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бұйрығымен Бескөл ауданындағы «Андреев» кеңшарының бас зоотехнигі болып тағайындалды. Шаруашылық ісімен бұрыннан таныс. Бөлімше меңгерушісі болған тәжірибесі бар. Оның үстіне күнделікті шаруаның қыбын таба білер іскерлік техникумдағы біліммен толыққан. Оған тұла бойындағы жалын атқан жастық жігерді қоссаңыз нағыз тау қопарып, тас жаратын тұсы. Көзін ашқаннан бері еңбек атты құдіреттің ықпалымен қабырғасы қатып, буыны бекіп келе жатқан Болат Рамазанұлы жаңа жұмысын ыждаһаттылықпен атқарды.
Жақсы маманның өрелі істері бірден көзге түсті. Алғыс арқалады, марапатқа ие болды. Әйтсе де, әркім жаратқанның жазуымен дәм тартқан жерінде тіршілік етпек. Жаңа орында үш жыл жұмыс істегеннен кейін елге қарай ат басын бұруға тура келді. Бұл кезде аяулы анасы өмірден өткен. Әуелі «Ильинка» кеңшарында бас зоотехник, селолық кеңестің төрағасы қызметтерін атқарды. Аудандық агроөнеркәсіп бірлестігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Бұл бір табысты жылдар болатын. Жалғыз Болат Рамазанұлының тағдырында ғана емес, тұтас Қазақстанның. Алтын астық тау-тау болып үйілді, ақтылы мал басы көбейді. Шаруашылықтың жұмысы жылдың төрт маусымында сақылдаған қара қазандай қайнап жататын. Бір науқанды аяқтай сала, енді бел шешіп сәл дем аламыз деген сәтте алқын-жұлқын екіншісі басталып жататын.
Шет-шегі жоқ таусылып бітпейтін тіршілік. Бірақ, соның барлығы ел игілігіне бағытталған. Аудандық агроөнеркәсіп бірлестігі аудандағы шаруашылықтардың бар ісіне жауапты. Күні-түні ат арқасынан түспейтін тынымсыз шаруа. Табаны тастан таймайтын тарланбоздай өзіне тапсырылған істі жеріне жеткізе тындыруды әдет еткен Болат Рамазанұлы аудандағы санаулы кадрлардың бірінен саналатын. Қолынан іс келетін, білікті маман арада екі жыл өткен соң Сергеев ауданына қарасты «Афанасьевка» кеңшарының директоры болып тағайындалды. Бұл 1987 жыл еді. Дәл осы кеңшарда 1993 жылға дейін қызмет етті.
Кеңшардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға үлкен еңбек сіңірді. Көптеген тұрғын үйлер салынды. Село тұрғындарына тұрмыстық, мәдени қызмет көрсететін ғимараттар бой көтерді. Село ішінде жол асфальтталып, жарықтандырылып, тұрғындардың тұрмыс мәдениеті арта түсті. Дәл осы кезде туған ағасы, Алаш жұртының асыл перзенті Мақтай Рамазанұлы соңынан ерген жалғыз інісін Алматыға шақырған. Бір-бірімізге қарасын болып жүрейікші деген. Қызмет бабымен елге жиі келе алмайтын ол жалғыз бауырын көрмесе тұра алмайтын күй кешетін. Әуелде екеу емес еді.
Пейіште нұры шалқығай әке-шешенің бауырынан мынау жарық дүниеге 14 перзент келген. Тек әттеген-айы сол 14 перзенттің он екісі кішкентай кездерінде шетінеп кеткен. Ел ішінде медицина саласының дамымаған тұсы. Шаранаға қауіп көп. Тіпті, жеңіл-желпі сырқаттан аман алып қалатын дәрмен жоқ. Ал, ата-ана үшін салмағы Қаратаудан ауыр қайғы. Кім білсін, тым ертерек сырқатқа шалдығуы бір-біріне қабаттаса келген он екі қайғының салдары ма екен. Қалай болған күнде де оңай-оспақ дүние емес. Осы күні ойласа ет жүрегі елжіреп кетеді. Он екісі бірдей қыршыннан қиылмай ел қатарлы өсіп-өніп кеткенде солтүстіктің самсаған қарағайындай бір қауым ел болмас па еді.
Ендігі дәм Алматыдан бұйырды. Соңғы қызметі Алматы жер кадастры дейтін мекеме. 2000 жылы елге бір табан жақындап көшіп келді. көкшетау ұлттық паркі директорының орынбасары болып табаны күректей 15 жыл қызмет етті. Тек өткен жылы ғана жұмыстан қол үзді. Қазіргі күні қарап отырса еңбек өтілі тұп-тура 55 жыл екен. Бір адамның ғұмырына пара-пар уақыт.
– Қай жерде еңбек етсем де алдымен абыройды ойладым. Сол үшін де уақытпен
санаспай еңбек етуге тура келді, – дейді жетпістің бесеуіндегі Болат аға Сағдиев, – адамдарға жақсылық жасауға тырыстым. Жан жарым Әмина екеуіміз өмірге төрт перзент әкелдік. Шүкіршілік, бәрі өмірден өз жолдарын тауып, адал, абыройлы еңбек етуде.
Бір кезде жақсы мен жайсаңның құт мекен болған, Болат ағаның көкірегінде өшпейтін сәуле болып нұр құйып тұратын Өндіріс ауылының бұл күнде жұрты ғана қалған. Өкініштісі де сол. Әйтсе де, туған жерге жыл құстары тәрізді барып тұру, қара қорымда мәңгілік бесігіне бөленген ата-анасының басына құран оқу міндет. Мұндай иманды сапарларға немерелерін де ерте жүреді. Бір жағы парыз, бір жағы тәрбие.
Қызмет барысында қылдан таюға қақысы жоқ еді. Өйткені, Сағдиев деген фамилия жалпақ жұртқа жақсы мәлім. Туған ағасы Мақтай Рамазанұлы Көкшетау, Торғай облыстарын басқарған, есімі республика жұртшылығына, тіпті, Одаққа мәлім болған, абырой арқалаған адам. Сондықтан да, пешенесіне жазылған дәм-тұзын татып, халқына қалтқысыз қызмет етіп, адал да абыройлы еңбек еткен Болат Рамазанұлы алдымен аға абыройын сақтауға бар жан-тәнін салды. Оған қоса, өзінің де.
Бүгінгі күні өткен өмірдің тарау-тарау жолдарына қарап отырып, адамды асқаралы биікке көтеретін де, абырой арқалататын да еңбек деп біледі. Тек соңғы уақытта қарапайым еңбек қадірлене бермейтіндігі көңілге ептеп қаяу түсіреді. Әлі де кеш емес. Жас толқынға жасампаз еңбектің қадірін, абыройын, беделін айтқысы келеді. Айтып та жүр.    
 Байқал БАЙӘДІЛОВ
Суретте: еңбек ардагері Болат Сағдиев.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар