Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті шаралар қарастырылуда - АРҚА АЖАРЫ

Мүмкіндігі шектеулі жандарға тиісті шаралар қарастырылуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова «Мүгедек адамдарға арналған іс-шаралар туралы» хабарлама жасады.

Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттырудың 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасының 10 кодексіне және 65 заңына азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Парламент Сенаты мен Мәжілісінің жұмыс тобы, Үкімет жанындағы мүгедектер істері жөніндегі үйлестіру кеңесі мүшелерінің, сондай-ақ, жұртшылық пен сарапшылық қауымдастықтың ұсыныстарын ескере отырып, Заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар қабылданды. Бұл туралы басқарма басшысы Д.Ахметжанова:

– Өзгерістер мен толықтырулар алдымен, «мүгедек» ұғымын «мүмкіндігі шектеулі жандар» деген ұғымына ауыстыру үшін БҰҰ-ның мүгедектер құқығы туралы конвенциясының нормаларын жүзеге асыру және мүгедектерді әлеуметтік қорғау шараларын қабылдау болып табылады. Мүгедектік себебіне қарамастан, 1 топтағы мүгедектерге күтім жасайтын азаматтарға жеңілдіктер енгізу қарастырылған. Бұл жеңілдіктермен облысымызда 3,5 мыңнан астам адам қамтылады. Олардың жәрдемақы мөлшері 48 023 теңгені құрайды. Одан әрі 7 жастан 16 жасқа дейінгі балалар мүгедектік топтарына бөлінеді. Біздің облыста 16 жасқа дейінгі 3 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар, – деп мәлімдеді. Бұл шаралар жәрдемақы мөлшерін балалар ауруының ауырлығына қарай белгілеуге мүмкіндік береді екен. Осыған орай, барлық топтағы мүгедек балаларға берілетін жәрдемақы мөлшері 16,7 пайыздан 37 пайызға дейін ұлғайтылып отырады. Тарқата айтсақ, жәрдемақы бірінші топтағы мүгедек балаларға 48 023 теңгеден 65 860 теңгеге, екінші топтағыларға  48 023 теңгеден 54 541 теңгеге, үшінші топтағыларға 41 163 теңгеден 48 023 теңгеге дейін өседі. Сонымен қатар, хабарламашының айтуынша, кәмелетке толған мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың тұрғын үй алу тәртібі бұрынғы күйінде сақталады. Бұған дейін баспана кезегінде тұрып, оны алмаған мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар «1-2-ші топтағы мүгедектер» санаты бойынша қайтадан кезекке тұруға мәжбүр екен. Оған қоса, әлеуметтік қызметтер порталы арқылы «Инватакси», яғни, мүмкіндігі шектеулі жандар яндекс, индрайвер және тағы басқа да такси қызметтерін таңдауға құқылы. Сондай-ақ, мүгедектердің жұмыспен қамтылуын ынталандыру және олардың экономикалық белсенділігіне мүмкіндіктер жасау үшін қазіргі таңда облыста 440 мекеме штат санына қарай екіден төрт пайызға дейін мүгедектерге жұмыс орындарын құруы тиіс. Ал, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда, еңбек немесе кәсіпкерлік қызметті қайта бастаған кезде төленетін әлеуметтік төлемдердің кепілдік берілген деңгейі белгіленеді. Хабарламашының айтуынан ұққанымыз,  жұмыс беруші өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда өндірістік жарақаттан мүгедек болған адамдарды мемлекет есебінен техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етеді. Облысымызда осы санаттағы 295 азамат бар. Тағы бір байқағанымыз, бұрын 16 жасқа дейінгі мүгедек бала күтімі бар болса, бұл  мерзім 18 жасқа дейін ұзартылған.

Жалпы, облыста барлық топтағы 29 мыңнан астам мүгедек жандар тұрады. Олардың 2950-і бірінші, 10560-ы екінші,  12 401-і үшінші топтағы мүгедектер, ал, 3125-і мүгедек балалар. Оның ішінде 6000-нан астам адам жұмыспен қамтылған, 2000-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, міндетті гигиеналық құралдармен, мүгедектер арбаларымен, тифлотехникамен, протездік-ортопедиялық көмекпен қамтамасыз етілген түзеу мекемелерінде 65 мүгедек жазасын өтеуде екен. 8 мың зейнеткер «мүгедек» мәртебесін алған.

Мүгедектерді оңалтудың техникалық құралдарымен және арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтамасыз ету Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы және баламалы негізде мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асырылады.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектерге өз бетінше қызмет көрсету мүмкіндігін беретін оңалту құралдары мен қызметтерін тікелей жеткізушілерден сатып алу үшін әлеуметтік қызметтер порталы енгізілген.

Ағымдағы жылы мүгедектерді оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге 1 миллиард 575 миллион теңге қарастырылған. 2022 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 4110 мүгедектерді оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз етілген. Бұл 59,5 пайызды құраған. Еліміз бойынша бұл жағынан біздің өңір үшінші орында тұр. Жергілікті бюджет есебінен облыстың 6 ауданында, яғни, Атбасар, Бурабай, Қорғалжын, Целиноград аудандары мен Көкшетау және Степногорск қалаларында бірінші топтағы мүгедектерге Инватакси қызметі көрсетіледі.

Кедергісіз қоршаған ортаға қатысты айтар болсақ, «Интерактивті қолжетімділік картасы» порталында 1548 нысан орналастырылған. Онлардың 444-і білім беру саласы, 287-сі мемлекеттік басқару, 110-ы денсаулық сақтау саласынан, осы интерактивті картаға 609 сайлау учаскесі де енгізілген.

«AMANAT»  партиясының «Өзгерістер жолы: Барлығына лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасының 82,84 тармақтарын орындау шеңберінде жұмыстар жүргізілген.

Оған қоса, биылғы жылға көру және есту қабілеті нашар адамдарға, мүгедектер арбасына таңылғандарға, тірек-қимыл аппараты мүгедектерін бейімдеуге арналған  258 нысан жоспарлануда. Сонымен қатар, мүгедектерге арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсетуге қатысты көптеген қызметтер қарастырылуда.

Қазіргі таңда да мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту өзекті мәселе болып қала береді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 736 мүгедек  жұмысқа орналастырылған. Оның 532-сі тұрақты жұмысқа  орналасса, 204 адам уақытша жұмысқа орналастырылған. Ал, ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстарды есептемегенде, белгіленген квота бойынша 137 адам жұмысқа орналастырылды. Ағымдағы жылы 541 мүгедекті жұмысқа орналастыру, сонымен қатар, мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құруға жұмыс берушінің шығындарын ескере отырып, екі адамды 558 мың теңгеге субсидиялау жоспарлануда. Бұл – Бурабай ауданындағы «Мейірім-Бурабай» мүгедектерді оңалту орталығы. Ал, биыл 2022 жылдың 1 сәуіріндегі мәлімет бойынша 124 мүгедек жұмысқа орналастырылса, оның 47-сі тұрақты жұмыспен қамтылған.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар