Шанхай қаласы омикронмен күресіп жатыр. Шаһарда локдаун 28 наурызда жарияланған, деп хабарлайды «Хабар 24». Содан бері екі жарым апта өткенімен, ауру кетер емес. Өткен тәулікте 28 мыңдай науқас анықталды. Қала тұрғындарына қазір азық-түлік жетіспей жатыр. Әсіресе өзге өңірлерден жұмысқа келген адамдар қиналады. Жұрт осыған байланысты наразылығын әлеуметтік желіде білдіріп жатыр.
Мәселені шешу үшін, билік қаланы үш аймаққа бөлді. Егер кешенде 14 күн бойы ауру тіркелмесе, тұрғындар өз ауласына шыға алады. Бірақ көп адам жиналуға және жабық аудандарға кіруге тыйым салынған. Бірақ, Шанхайда біртіндеп базарлар, дәріханалар мен дәмханалар ашыла бастады. Дегенмен бұл індеттің күші кете бастады деген сөз емес. Шанхаймен қатар қазір Цзилинь мен Гуандун провинцияларында да коронавирус өршіп тұр. У Хуаньюй, Шанхай қаласы ауруларды бақылау орталығы басшысының орынбасары : – Локдаунға қарамастан ауру жұқтыру саны неліктен артып жатқанын талдадық. Біріншіден, скрининг нәтижелерінде белгілі бір кідіріс бар.
Тестілеу ауқымды өтіп жатқандықтан, бірнеше жағындысы бар пробиркада вирус анықталса, науқасты анықтау үшін жеке тестілер жасаймыз. Екіншіден, бір отбасы ішінде ауруды жұқтыру. Егер отбасында біреу аурып қалса, қалғандарына да дерт жұғады. Инкубация мерзімін ескерсек, оларды кейінгі тексерулерде анықтайды. Үшіншіден, жұрт үйден шықпаса да, түрлі тауар алып тұрады. Ал онда да вирус болуы мүмкін.
Дереккөз: 24.kz