Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова және кәсіби фармацевтикалық қауымдастықтардың басшылары 105 түрлі дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың бағасын көтермеу туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум халықтың әлеуметтік қауқарсыз топтарын қолдауға бағытталып отыр. Құжат аясындағы шаралар 2016 жылдың соңына дейін жүзеге асырылады. Тізімдегі дәрілердің арасында қабынуға қарсы, ауырсынуды басатын препараттар, жүрек, асқазан ауруларына қарсы, сонымен бірге антигистаминді, гипотензивті дәрілер бар, сондай-ақ, көз және құлақ тамшылары, дәрумендер және басқа да дәрі-дәрмек түрлері кіреді.
«Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі дәрілік қамтамасыз етуге қатысқандарға алғысын білдіреді», – деп атап өтті министр.